Дәулескер күйші
Дина Нұрпейісова 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Бекетай құмында дүниеге келген. Домбыра тартуды әкесі Кенжеден тоғыз жасында үйрене бастаған. Өйткені, әкесі де белгілі домбырашы болған. Дина апамыз алғаш күй атасы Құрманғазымен 1870 жылы кездеседі. Балғын қыздың күйге деген құштарлығын таныған Қ. Сағырбаев Динаға батасын береді. Бұл кездесу Динаның шығармашылық шабытының өркендеуіне үлкен әсер етеді. Д.Нұрпейісованың шығармашылығының негізі—халық музыкасы. Оның тырнақалды күйлері «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» күйлерінің мазмұны халықтық шығармаға негізделген. Дина шығармашылығын биік белеске көтерген «1916 жыл» шығармасы қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтеріліске арналады. Ал, «Кішкентай» күйі сол көтерілістің негізгі қолбасшылары — Исатай мен Махамбет жайлы сыр шертеді.
Ұстазы Құрманғазы болса, Динаны додалы айтыстарға ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйретеді. Яғни, 9 жасынан тұрмыс құрған 19 жасына дейін ұстазынан күй тартуды үйренеді. Дина кішкентай кезінен-ақ, Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаңдай күйшілердің шығармасын нақышына келтіріп орындап, «домбырашы қыз» атанады.
Күйші апамыз беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген кісіге тұрмысқа шығады. Алғашқы перзенті дүниеге келген соң, Қанас көп кешікпей дүние салады. Дина апамыз ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамау дәстүрі бойынша Дина Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Ерлі-зайыпты азаматтар берекелі жанұя болып, бақытты ғұмыр кешкен.
Дина апамыздың «Нұрпейісова» атануының сыры неде? Апамыздың алғашқы күйеуінен көрген тұңғыш перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейіннен ел ішінде санақ жүргізілген кезде, Дина аты- жөнінің орнына ұлы Нұрпейістің есімін атап жіберген. Нұрпейісова атануы сондықтан.
Дина Нұрпейісованың күйлері: «Әсем», «Тойбастар», «Жеңіс», «Еңбек Ері», «Сауыншы», «1916 жыл», «Байжұма», «Көгентүп», «Кішкентай».
1937 жылы Дина 75 жасында халық аспаптарының республикалық байқауына қатысып, бірінші жүлдені иеленген.
1939 жылы Мәскеуде өткен халық аспаптары орындаушыларының Бүкілодақтық байқауына қатысты.
1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатыс-қан Ташкентте өткен он күндікте Д.Нұрпейісова жүлделі орындарды иеленді.
Баспасөз материалдары бойынша дайындаған: Ж.ТҰРЖАНОВА.