Бурабай
Бурабай табиғаты көз тартар сұлулығымен, ауасының тазалығымен тартымды. Көкшетаудың інжуі, ғажап бір мекен. Қазақстанның солтүстігінде, Астана мен Көкшетау қалаларының арасында орналасқан тылсым сұлулыққа толы көрікті жер. «Бурабай» сөзі қазақ тілінен «түйе» деп аударылады. Оңтүстікке қарай Шортанды шоқылары көсіліп жатыр. Оның ең үлкен шоқысы Жеке батыр (826 м) деп аталады. Тамаша қарағайлы ормандар, биік құз жартастар, кейде мысыр пирамидаларын еріксіз есіңе салатын тау сілемдері тұнжыр да тыныш көлдермен бөлінген. Орман, дала, шабындық, батпақ пен сортаң жерлердің өсімдік өкілдерінен тұратын парк аймағының өсімдіктер саны 800-ге тартады. Осы өңірде омыртқалы жануарлардың 305 түрі кездеседі. Шортанды – Бурабай аймағында әрқайсысының су айдыны 1 шаршы километрге жуық 14 үлкен және ұсақ көлдер кездеседі.
Бурабайдың бетке ұстар мақтанышы – Көгілдір көліндегі Көгілдір шығанағы. Сфинкске келетін Жұмбақтас құзы тура судың ішінен суырылып көкке ұмтылса, шыңы пілге ұқсайтын Оқжетпес құзы орманды алқаптың айбынын арттырғандай. Шортанды – Бурабай курорттық аймақтың жалпы ауданы 159,932 гектарды құрайды, оның 53,0 мың
гектары ағаш алабының үлесіне тиеді. Бурабай ұлттық табиғи паркі табиғаттың бірегей жәдігерлері кірген, аса мұқият қорғалатын табиғат аймақтарына жататын мекеме болып табылады. Аймаққа санаторий, профилакторий, пансионат, туристік базалар, мейрамханалар мен қонақ үйлер, барлығын қосқанда 76 демалыс орындары орналасқан. Бұл жердің курорттарының негізгі шипалық факторлары – табиғат, таза ауа, шуақты күн сәулесі, шұбат, қымыз сияқты шипалы сусын, минералды сулар мен шипалы саз балшықтар.
Шортанды-Бурабай курорттық аймақтың табиғи-климаттық жағдайын Италияның, Австрияның, Германияның, Швецарияның, Францияның, Румыния елдерінің бальнеологиялық, таулы жерде орналасқан атақты курорттарымен салыстыруға негіз бар.
Бурабай жайлы жазылған аңыз-әңгімелер көп. Солардың бірі – Оқжетпес…
Оқжетпес тауы
Әулиекөл жағасында орналасқан Оқжетпес тауы Бурабайдағы ең танымал жерлердің бірі. Биіктігі 300 метрдей ғана болса да, ол — оқ жетпейтіндей алып, әрі Әулиекөлдің сәні. Бұл тау жайында халық аузында көптеген аңыз әңгімелер айтылып жүреді. Осы аңыздардың біріне сүйенсек, зорлықпен үйленуге көнбеген тұтқын қыз осы таудың үстіне шығып, кімде-кім садағының оғын сол жерге тигізсе, соның жары болуға дайын екенін айтады. Таудың басына ешкімнің оғы жетпеген соң, біреудің күңі болып, не зорлықпен тұрмысқа берілетінін білген қыз таудан төмен секіріп, мерт болады. Қыздың құлаған жерінде Жұмбақтас пайда болады.
Бурабай жері тарихқа бай әрі аңыз-әңгімелерге толы. Айта берсек көп-ақ. Дегенмен де, қазақ елінің осындай көрікті жерлері жайлы мәлімет алып, хабардар болу әрбір болашақтың міндеті.
Жас достар! Ғажап жер Бурабай туралы айтылған әңгімелер сендерді міндетті түрде қызықтырады деп ойлаймыз. Аңыз-әңгімелерге зер салып, жалғасын тауып, ізденіп оқиды деген үміт артамыз.
А.МАРСҚЫЗЫ