Бұлт — шаһарында (әңгіме)

Нұрбек Нұржанұлы, 1995 жылы 29 мамырда Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақермен ауылында өмірге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. NYFA (Нью-Йорк Фильм Академиясы), «Медиа журналистика» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтті. Шығармалары орыс, түрік, ағылшын тілдеріне аударылған.

 

Күндердің күнінде Алатау басына алып бұлт қоныпты. Жұрт оны әне көшер, міне көшер, деп жүргенімен, орнынан бір елі қозғалмаған көрінеді. Алып бұлттың Алатауға неге сонша үйірсектеп алғанын ешбір жан ұққан жоқ.
Асүй терезесінен қарт Алатауға көз тастап тұрған көп отбасының бірінде бүгін мейрам. Себебі үшіншіні енді ғана тәмамдаған Әрсен атты кенже ұл Алма-арасан лагеріне қалалық математика пән жарысынан жолдама ұтып алған. Ата-аналар жылда балаларына түрлі ойын-сауық лагеріне билет алған сайын, Әрсеннің отбасы үнсіз қалатын. Сонда да, қолда барға қанағат қып, шүкірін айтып отырған қарапайым отбасы. Тек әкесі: «басқа әкелер құсап баламды лагерге апару үшін ақша жинау керек» деп өз-өзін іштей кеміріп жүретін. Тосыннан келген мына қуаныш қай-қайсының болмасын көңілін жадыратқан-ды.
Балаларды автобус аялдамасынан күтіп алған тәрбиеші өзін: «Эльмира», — деп таныстырды. Толық денелі, үлкендеу көзілдірік таққан, күрек тістері арасы ашық, биязы әйел. Балалар автобусқа отырып тауға қарай бет алды. Бірер сағат өтті, ал автобустың тоқтайтын түрі жоқ. Тау басына қарай көтеріліп келеді. Тіпті, балалар бара жатқан «Алма-арасан» лагері де артта қап қойды. Сәлден соң таудың ең құзар шыңындағы трассаға автобус тоқтады-ау, әйеуір.
– Ал балақайлар, біз кеп қалдық. Бір-біріміздің жанымыздан ажырамаймыз. Тағы бір шақырымдай көтерілеміз. – деді де, балаларды ертіп жоғарыға қарай өрмелей жөнелді. Пора-пора тер аққан балалар, осылайша қалаған межеге де жетті-ау. Таудың құзар шыңына шыққан балалар айналаның көз тоймас кереметтігіне қайран қалды. Расында да тәрбиешісі жол бойы мақтағандай-ақ екен. Бірақ оның меңзегені бұл емес екен, ол нақ төбедегі алып ақша бұлтты нұсқап тұр. Кәдімгі жұрттың бәрі айтып жүрген, аңызға айналып үлгерген – Алатауға қонған алып бұлт.


– Дәл сағат 12:00 — ді көрсеткен бетте мына бұлттан арқан-саты түседі. Соған дереу мінуіміз қажет. Бар-жоғы 10 минут уақытымыз бар. Үлгермесек бұлт-шәріне кіре алмаймыз.
– Не дейді? «Бұлт-шәрі» дей ме? Ондайда болады екен-ау, ә? – деді Әрсеннің көршісі Орынбасар естігеніне иланбай.
– Әрсен оған жауап бергенді артық көрді ме, әлде ойы мына алып бұлтта болды ма, үндемеді. Балалардың ешбірі қарсылық білдірмеді. Себебі барлығының бойын қызығушылық билеп алған. Сағат дәлме-дәл 12:00 — ді көрсеткенде бұлардың алдына арқан-саты түсті.
– Ал жылдам мінеміз, — дей берді тәрбиеші шапшаң қозғалулары үшін барын сап. Балалар бұлт үстіне мініп те үлгерді. Ең соңғы боп тәрбиеші көтерілді.
– Уф, әйтеуір үлгердік пе, — деді тынысын басып, бұларға қарап. — Қалай екен? – деді ойы аулақта жүрген балаларға. Олар Бұлт-шәріне тамсана қарап тұр. Кәдімгі қала. Тек бәрі де бұлттан салынған. Ең жоғарғы жақтағы сарайға қарағандары сол, тәрбиеші:
– Ол қала мэрі мен ханша сарайы, – деді күлімсіреп. Кей балалалар Бұлт-шәрін аралау үшін қолды-аяққа тұрмай жан-жақа тарасты.
Қалған балалар тәрбиешінің соңынан ілесе жөнеліп, айналасына зер салып келеді. Бұлт-шәрінің өз жолы бар – теп-тегіс, тап-таза. Әрі жол шетінде өскен пальма, бадам, акация т.б. ағаштар да жайқалып тұр. Ағаш көлеңкелерінде ұшып-қонып жүрген перизаттар балаларға қол бұлғап қояды. Бұлар да оларды қызық көріп қол бұлғайды. Ал әне бір жерде Бұлт-шәрінің тұрғындары болса керек, бірнеше кейуана қолдарына ине-жіп, ұршық ұстап алып майда-майда әлденені кестелеп отыр. Дайындарын бір қапшыққа жинап жатыр.
– Олар не істеп жатқанын білесіңдер ме? – деді тәрбиеші балаларға. «Жоқ» дегендей бастарын шайқады.
– Қар тігіп жатыр.


– Қа-а-р? – деді балалар жамырай тәрбиешіге.
– Не, сенбей тұрсыңдар ма, жақсылап қараңдар, – деді бұлардың күмәнін сейілткендей. Расында да кейуаналардың кестелеп отырғандары қар ұлпалары екен. Оларды мақта-бұлттан жинап кеп, ұршықпен иіріп, сонсоң қар ғып кестелеп отыр.
– Қысқа дейін қар ұшқындарын молынан тігіп бола салысымен, жер жүзін аралап шаша бастайды. Міне, мұнда қысқа дайындық қазірден-ақ басталып кеткен. Ал енді…
– Ал жаңбыр тамшылары қайдан шығады, — деді Орынбасар оның сөзін аузынан жұлып алғандай.
– Жаңбыр тамшылары болса, анау су бөгетін көріп тұрсыңдар ма? Сол су бөгетінде жиналады.
– Ал су бөгетіне су қайдан келеді? – деді бағанадан бері үнсіз тыңдап тұрған Әрсен.
– Ол ұзақ оқиға… – деді тәрбиеші суланған көзін, кестелі орамалмен сүртіп.
– Айтыңызшы…
– Біле білсеңдер, бұлт-шәрі мэрі мен оның ханшасы ұрпақсыз. Олар іздерін басар, соңынан ілесер ұрпақ күткендеріне мың жыл болды. Бірақ, оларға ешбір зәузат нәсіп бола қоймады. Сол үшін Ханша жалғыздан жалғыз түн баласы көз жасын бұлап, жылап шығады. Жылай-жылай көз жасынан үлкен көл пайда болған. Міне, гүлдей – жер жүзін осы бір көл суымен суғарып шығады. – деді де сәл үзілістен соң, — Бұлт-шәріне өздерің секілді балалар көптеп келген. Олардың келгендеріне біршама уақыт болды. Кеткілері жоқ. Сендер де келдіңдер, енді, мұнда күнде той-думан болады, — деді мұрын ұшындағы көзілдірігін көтеріп қойып.
Сәлден соң басқа да балаларды көрген бұлар қуанып кетті. Олар үстіне қызылды-жасылды киім киген балмұздақ сатушысының қасында тұр.
– Келіңдер, мұнда. Балмұздақ үлестіріп жатыр, — деді олар. Қастарына жуықтап барғаны сол, балмұздақ сатушысы жымия, жылы қарсы алды. Бәріне бір-бірден балмұздақ бере бастады. Балмұздақты қайдан алып жатыр екен деп аңдаса, сатушы арт жағындағы аппақ, жиылған бұлттың бір шетін ойып ап, вафляға салып жатыр. Жанында бұлттан жасалған балмұздақ жалап тұрған балаға:
– Сонда мына бұлттың бәрі балмұздақ болғаны ма? — деді Әрсен таңданып.
– Жоқ-ә! Бұлардың әр түрлі құрамы болса керек. Бір жері кәдімгі мақта болса, тағы бір жері қап-қатты тастай. Ол жерден үй ғимараттарын тұрғызып жатыр. Қазір бас-басымызда бір-бір үйден бар. Ал әне бір бұлттардан болса, — деді саусағын ханшаның көз жасынан пайда болған көл шетіндегі, сарқырама тұсына нұсқап. – Ол жақтың бұлты сұп-сұйық, кәдімгі сүт. Не керек, бұлт-шәрі керемет. Жаның қалағанның бәрі бар. Маған салса өмір бақи осында қалар едім. – деді өзінің бұлардан ерте келгенін айғақтағандай тақылдап. Әрсен сатушы ұсынған балмұздақты ұстап тұрып, қалтасын қармана бастады. Басқа балалар құсап ақшасы көп болмағанға қуыстанып, шылдыр еткен тиыны балмұздаққа жетер-жетпесін білмей дел-сал боп тұр еді:
– Өй, ақша бермекшісің бе, — деді әлгі баланың даусы қайтадан жарқын шығып. – Бұл жақта бәрі тегін. Қыдыр, ойна, күл. Жаның не қаласа соны істе. «Әй» деп отыратын әке-шешең және жоқ. Рахат емес пе!


Балмұздақ жеп болған балалар жамырай жүгіріп, мақтадай бұлт үстінде секіріп ойнай бастады. Әрсен мен Орынбасар да өздерінің қайдан келгендерін ұмытып, балаларға ілесе кетті. Әткеншекке мініп, көлге шомылып, күнге қыздырынып, одан қалды бау-бақша жемісін татып көрді. Кенет тәрбиеші бірге келген барлық балаларды қала мэрінің қабылдауына кіргізіп жатқанын байқады. Әрсен мен Орынбасар ойынның қызығын қимады ма, бұларды іздегеніне де мән бермеді. Біршама уақыт өткенде ғана тәрбиеші бұларды әзер дегенде іздеп тапты.
– Балалар, — деді Әрсен мен Орынбасардың қызара бөрткен жүзіне кезек-кезек қарап. – Қала мэрінің қабылдауында басқа балалар болды, ал екеуің қалып кеттіңдер. Іздемеген жерім жоқ. Жүріңдер, сендерді де таныстыруым қажет, — деді зорға күлімсіреп. Екеуі тәрбиеші соңына ілесіп сарайға қарай жөнелді. Онда кірер-кірмес бұларды қала мэрі жылы қарсы алды. Балалардың алдында бала боп, алып-ұшып, айналсоқтап жүр.
– Не тұрыс, айналайындар! Басқа балалар секілді сендер де менің сарайымды көріңдер! Мынаның бәрі, — сарай қабырғалары мен діңгектерін көрсетіп, – Алтынмен апталып, күміспен қапталған. Бәрі де сендер үшін. Бақытты балалыққа не жетсін. Бұндай кереметті көрген де, көрмеген де, арманда. Бұлттан жасалған тәтті, ас-ауқат, сусын, не қажет – бәрі бар. Тек шертіп қал, бұлт-шәрінің қызметкерлері әмірлеріңді орындауға әзір.
Сарай ішіне кірген соң қала мэрі төрге креслосына барып жайғасты. Оның қасында тағы бір кресло бар. Балалар онда ханша отырар деп ойлағаны мұң екен, тәрбиеші Эльмира сол орынға жайғаса кетті. Бұлардың аң-таң болған жүзіне қарап тұрған тәрбиеші:
– Неге таңдандыңдар?
– Сонда сіз ханшасыз ба?
– Иә, солай! Не ұқсамаймын ба?
– Сонда жаңбыр – сіздің көз жасыңыз ба?
Осы арада қала мэрі сөзге араласа кетті.
– Қысқасы, балалар, іске көшейік. Дәм ауызтүйіп, алып отырсаңдаршы. – деді жайнаған дастарханды нұсқап. – Өз үйлеріңдегідей сезініңдер. Онсызда бұл сендердің үйлерің. Негізі…
– Айналсоқтамай бастасаңызшы, — деді тәрбиеші балаларға күлімсіреп, қала мэріне сыбырлай үн қатып.
– А, иә-иә… Былай… мына, сендер көріп отырған сұлулықтың барлығы, балалар – сендер үшін. Тоқ етерін айтқанда, бізбен балқып-шалқып өмір сүріңдер демекпін. Бұлт-қалашығымен көшіп, әлемді аралап, қалаған жақтарыңа апарамыз.
– Керемет қой! – деді Орынбасар қызығушылығын жасыра алмай. – Менің арманым – әлемді шарлау!
– Ал сен не дейсің Әрсен? – деді мэр баланың томсырайып отырғанын жақтырмай.
– Мен білмеймін…
– Қалай сонда? Біздің шаһар саған қызық емес пе?
– Жоқ, оны айтпаймын. Мен ата-анамнан сұрануым керек. Олар уайымдап қалады…
– Сұранбай-ақ қой! Білесіңдер, біздің балаларымыз жоқ, сол үшін біз сендердің ата-аналарың боламыз, – деді тәрбиеші көзілдірігін үстел үстіне қойып, балаларға мөлдіреп қарап.
– Қалай сонда? – деді Әрсен үстіне жай түскендей орнынан атып тұрып.
– Несіне шошисың? Мына, үйіңе бармақшысың ба, – деді ноутбуктан Әрсеннің құлауға шақ тұрған үйін көрсете мұрнын тыржитқан тәрбиеші. – Әлде қалаған киіміңді, жегің келген тәттіні әпермейтін әке-шешеңе ораласың ба?
– Олар менің ата-анам ғой…
– Біз де саған ата-ана боламыз. Біз қалауларыңның бәрін орындаймыз, – деді мэр баланы көндіруге тырысып. – Сенбесеңдер жүріңдер, – деді де, мэр балаларды ертіп сарай алдына шықты. Бар даусымен ойнап, рахатқа батып жүрген барлық балаларға дауыстап:
– Қалай балалар ризасыңдар ма? – дегені сол олардың хормен: «Иә-иә!», – деп жаңғырған даусы естілді.
– Маған бала боласыңдар ма?
– Иә-иә!
– Көрдің ғой, басқа балалар кет әрі емес. Мұнда тек сен ғана қырсығып тұрған. – деді бұлт-шәрінің мэрі Әрсенге қарап. Әрсен «шынында жалғыз мен бе» дегендей Орынбасарға көз салып еді, ол дағдарып қалды. Ойы екі ұшты боп, шешім қабылдай алмай тұрғаны анық. Әрсен намыстанып қалды ма, кім білсін, балаларға қарап жан сырын ақтара бүй деді:
– Сонда сендер бұлттан жасалған балмұздақ пен тәттіге бола отбасыларыңды сатып кетпексіңдер ме! Менің алдыма бұлт түгілі тау сияқты тәтті үйіп қойса да әке-шешемді таңдаймын. Анам ылғи айтатын: «Балам, дүниедегі бар байлықтан – отбасы қашан да артық», — деп. Сол себепті мен үйге қайтамын, — деді де Әрсен сарай баспалдағынан түсе бастады. Бұлт қалашығындағы ду-думан күрт тыйыла қалды. Әрсеннің бұл сөзінен соң ойланыңқырап қалған балалар да болды. Бірақ, мына қызықты қалай қиып кетерлерін білмей дал.
Қала мэрі баланың батылдығына қайран қалды. Десе де, оны ұстап тұра алмайтыны анық.
– Қош, қарағым! Ақыры бізбен қалғың келмейді екен, ендеше жолың болсын. Баланы тау баурайына апарыңдар, үйіне барсын, – деп бұйрық берді мэр. Бұйырғаны сол екен алаша көлеміндей мап-мамық ұлпа бұлт ұшып келді де Әрсеннің аяқ астына төселе қалды. Кішкене бұлт оны әуеге көтеріп әкетті.
– Жолың болсын, Әрсен! – деді барлығы қол бұлғап. Әрсен бәрімен қош айтысты. Мап-мамық ұшқыш-бұлт Әрсенді көтерген күйі қалықтап отырып тау етегіне қарай апарды. Орман шетіндегі шағын төмпешікке ұшқыш-бұлт қонды. Әрсен түскен соң, қайта Бұлт-шәріне барып қосыла кетті.
Әрсен үйіне жеткен соң әке-шешесінің ып-ыстық құшағынан ажырамай ұзақ тұрды. Сағынып қалған ата-ана баласының маңдайынан иіскеп, айналып-толғанумен болды. Ол отбасымен бірге осылай ащы да болса тәтті күндерді кеше берді…
Бір күні Бұлт-шәрі орнынан қозғалып, көше бастады. Мұны аңғарған Әрсен дүрбісімен барлап көріп еді: Алпауыт кемедей бұлт аспан-теңізінде жүзгендей орнынан сырғып барады. Сол қозғалған бойы самғап отырып, еңіске қарай еңкейді. Тау етегіне қонақтаған бұлттан баяғы балалардың бәрі топырлап түсіп жатыр. Кенет Бұлт-шәрі қайта көкке көтерілді. Балалар ата-аналарымен қайта қауышып, үйлеріне тарасты. Әлден уақытта күн күркіреп, жаңбыр жауа бастады… Көп жауған жоқ. Шелектеп құйған жауын – өткінші екен, тез тиылды. Артынан Бұлттағы ханшаны жұбатқандай Күн сәулесі жарқ ете қалды. Ал оңтүстікке қарай көшіп бара жатқан бұлт-шәрінің қарасы сәлден соң ізім-ғайым жоқ болды… Алматы тұрғындары Алатауға қонған алып бұлттың неге сонша аялдап, кенет кеткеніне аң-таң. Ал осы бір жұмбақтың шешімін білген кішкене балалар, ешкімге тіс жармай, отбасы қадірін ұға түскендей еді.

***

Араға жылдар сап Бұлт-шәрі Алматыға қайта оралды. Бұл жолы Алатау шыңына қонақтамастан сапарын жалғастыра түсті. Бұлт-шәрінің мэрі мен ханшасы жақында дүние есігін ашқан бала-шағасына әлемді көрсетіп жүрген беті болатын. Олар сонда өздеріне бек таныс: қалаға, тауға, балаларға қол бұлғап бара жатты…

Нұрбек Нұржан, жас жазушы

ПІКІР ЖАЗУ