Бұлақ көрсең көзін аш
Шаймұрат Алун-Гуа Нұрдәулетқызы 2013-жылы 26-тамызда Астана қаласында дүниеге келген. Қазір Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп-лицейінің 6 «K» сынып оқушысы. Кішкентайынан сурет салып, кітап оқығанды жақсы көреді. Кітап оқуды әдетіне айналдырып, тұрақты өмір дағдысына сіңірді. Былтырдан бастап поэзия оқып, өлең жазуға құмартып, шабыттана көркем жырлар оқитын кездері жиі кездеседі. Оқуда озат, бауырларына қамқор, ақылды болып өсіп келе жатқан Алун-Гуа Нұрдәулетқызына шалқар шабыт тілейміз. Өнерде өз соқпағын тауып, даңғыл жолға айналдырып таланты тас жарады деп сенеміз.
Алун-Гуаның салған суреттеріне қарап отырып, шығарма желісіне елітіп, қиялында туған әртүрлі кейіпкерлерді сурет арқылы бейнелеуге бейім екенін байқауға болады. Ол бір көркем шығарма оқып отырғанда оның қиял әлемінен паралел түрде образдар мен жанды суреттер керуені көшіп отырады. Сондай кезде оның қылқаламы бірден ақ қағазға әдемі бояулар жаға бастайды. Алун-Гуаның әкесі ежелгі руна жазуларын оқитын ғалым азамат. Білімге, өнерге құштарлық оның отбасынан дарыған қасиеті. Неге скетчинг стиліндегі суреттер салуға құштар екенін сұрағанымызда, Алун-Гуа:
— Хәрри Поттердің барлық томын 2-сыныптан бастап қызықтап оқып, сол топтамадағы Нарния шежіресінің барлық кітабын бірнеше күнде оқып шықтым. Содан осы қиял-ғажайып оқиғаларға толы шығармалар ұнай бастады. Тіл меңгеру мақсатында Наруто анимесін көріп, сол кейіпкерлерді скетч сурет салу стилінде бейнелеуді меңгере бастадым, – деді.
КӨКТЕМІМ
Сәлем менің көктемім,
Мезгілім көп күткенім.
Жер – Ананы оятып,
Жетті міне, күткен күн.
Шуағың сенің, көктемім,
Бар аңдарды өргізді.
Қардан басын көткертіп,
Гүлдерді де өнгізді.
АҚЫНДАРЫМ
Ақындарым ардақты,
Қадірлі де салмақты.
Өлеңдері әсерлі,
Мағынасы жан-жақты.
Жақсы ойларын ұрпаққа,
Кітаппенен жеткізді.
Болашаққа қалдырды,
Санамызға өткізді.
Қазақ тілін жалғауға,
Түнде кірпік қақпады.
Өздерін елге арнауда,
Ұлт сенімін ақтады.
ТӨРТ МЕЗГІЛДІҢ АЙТЫСЫ
Қыс:
Күзден алып билікті,
Бұйрықты енді мен бердім.
Мені күткен жандарды,
Қуантуға келгенмін.
Ұнатпаған жандарды,
Әппақ қарға орадым.
Қаһарыма ұшыратып,
Бар байлығын тонадым.
Ызғарым мен бораным,
Адамдарды сынайды.
Ұйтқып-ұйтқып соғамын,
Ақ күміс қар шырайлы.
Күз билігі секілді,
Уақытым өтті менің де.
Шақырайық көктемді,
Сөз кезегі өзіңде.
Көктем:
Қыс – аяздың патшасы,
Билікті алдым өзіңнен.
Қар-мұз басқан әппақ жер,
Жылуымды сезінген.
Қыс ұйықтатқан аңдарды,
Ұйқысынан ояттым.
Кешегі Әппақ даланы,
Жасыл түске бояттым.
Жан-жануар қуанды,
Секірді балық көлінде.
Жүгірді Тазы, Жылқы да,
Көтерілді көңілде.
Билігімді ендігі,
Жазға аманат етейін.
Күз бен қыстың артынан,
Менде осылай өтейін.
Жаз:
Балықтарым тулады,
Өзен-теңіз, көлдерде.
Құстар ән сап шулады,
Жайлауға көшті елдерде.
Биік сонау аспанда,
Қыран құсым самғады.
Басқа аң-құс тығылды,
Көрнеуде ешкім қалмады.
Жасыл түске оранып,
Жеміс-жидек гүл жарар.
Желмен бірге жайқалып,
Ағаштарда бүр жарар.
Суға түсіп салқындар,
Ойнап жүрген балалар.
Балық аулап дем алар,
Әпкелер мен ағалар.
Менде кетем осылай,
Күзді ертіп келейін.
Билік енді өзіңде,
Сөз кезегін берейін.
Күз:
Күз дегенің – мен болам,
Билік енді ол менде.
Жеміс-жидек пісіп тұр,
Менің алтын өлкемде.
Елдің бәрі бос емес,
Қыстың жасап қамдарын.
Құстар қайтты еліне,
Сақтау үшін жандарын.
Сары түске оранып,
Барлық әлем «бүлінді».
Аю менен суырдың,
Көздері де ілінді.
Тілекгүл Есдәулет