Бұдан артық бақыт жоқ!
«Мөлдір бұлақ» журналының жас тілшілері ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Сәуле Мағазбекқызы Досжанмен онлайн кездесу өткізді. Бұл кездесуде жазушының «Ауылдан шыққан миллионер» атты хикаясы бойынша бірқатар сұрақтар қойылып, қаламгер тарапынан ғибратты әңгімелер айтылды. Бұдан бөлек Сәуле Досжан өзінің шығармашылығы жайлы және бұл жолға қалай келгенін айтып өтті. Міне, бүгін осы болған кездесудегі апамыздың бізге берген ақыл-кеңестерін, өнегелі әңгімелерін, өз өмір жолын, шығармашылығындағы тың жаңалықтарды, өзі жазған кітаптары жайлы және бұдан да басқа жаңалықтарды сүйікті оқырмандарымызбен бөліскіміз келді.
Осы кездесудің арқасында апамыздың шығармашылығымен жақын таныстық деп ойлаймын. Шығармаларында бірқатар өмірден алынған оқиғалар да бар. Тіпті мұндағы кейіпкерлер өмірден алынып, өзінше бір сыр ақтаратын секілді. Жазушының шығармаларынан әркім өзін таба алады. Мен де өзімді тапқандай болдым. Біз секілді жас тілшілерге жаңашыл оқиғалар, осындай қызық әңгімелер қатты ұнайды. Сәуле апамыздың да қуанышында шек болмады, келешек ұрпаққа зор үміт артатынын және оларға сенетінін жеткізді. Барлығымыз кезек-кезек сұрақ қойғанда, ол кісіден бір байқағанымыз – барлығымызды одан сайын жігерлендіріп, еркелетіп жауап бергені болатын. Содан болар, барлығымыз осы жолы еркін әңгіме айттық. Ойымызды ашық жеткізіп, апамыздың да әр сөзіне ден қойып, зор ықыласпен тыңдадық.
Хикая жайлы айта кетсек, оқысаңыз өте қызық енді. Басты кейіпкер – Жомарт деген бала. Соның өмірі, оның бастан-аяқ кешкен қиындықтары, ішкі сезімдері жайлы айтылады мұнда. Егер оқыр болсаңыз өзіңізге үлкен мотивация аларыңызға сенімдімін. Қысқаша мазмұны, Жомарт кішкентайынан әкесіз өседі. Тіпті оның есімін де «Жомарт болсын, халқына, көмекке мұқтаждарға көмек көрсетіп жомарттық танытады»,- деп Жомарт қойды. Жомарт үшін алға талпынып, тер төгіп жүрген әкесі аяқ астынан ауруға шалдығып қайтыс болады. Бұл отбасы аса ауқатты адамдар болмады. Сол ауылдың малын баққан қарапайым адамдар еді. Тұрмыстың тауқыметін ерте тартқан Жомарт өте алғыр, төзімді, ақылды бала болып өсті. Күйеуінің мезгілсіз қазасының азабын ең алдымен Жомарттың анасы тартқан еді. Бірақ, жар дегенде жалғыз баласы үшін қара жұмысқа дейін істеп, тер төкті. Осы төккен ащы тер мен шерлі жасты баласы Жомарт бәрібір де ақтап шықты. Ең алдымен әкесінің аруағы риза болған болар. Ақырында не болды деп ойлайсыз, ойлы оқырман? Әрине, бала арманына жетті. Діттеген мақсатына сүрінбей жете алды. Бұл жай ғана қысқаша айтқаным ғой. Егер бұл хикаяны сіз де оқысаңыз басты кейіпкер Жомарт секілді талай биікті еңсеретініңізге сенімдімін.
Бұдан түйгеніміз, қандай жағдай болмасын, Құдай сіздің бай-кедей екеніңізге қарамайды. Ең алдымен жақындарымызға адал, оларды қуанта алатындай жақсы адам болу біздің ең басты мақсатымыз болуы керек. Ешқашан да орында отырып армандаудың сізге пайдасы болмайды. Іске асырыңыз, талпыныңыз. Жомарт болыңыз! Міне, Сәуле Досжанның осы хикаясы арқылы әрқайсымыз өз деңгейінде ғибрат ала білдік. Жақындарымыздың бізге артқан үмітін ақтап, оларды қуантудан асқан бақыт жоқ-ау, сірә!
Бақытгүл ТҰРСЫНБАЕВА, жас тілші, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек орта мектебінің 10-сынып оқушысы
АУЫЛДАН ШЫҚҚАН МИЛЛИОНЕР (Хикаяттан үзінді)
Жас оқырмандар! Назарларыңа жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» атты хикаятынан үзінді ұсынуды жөн көрдік. Бүгінде оқырман қауым іздеп жүріп оқитын шығармаға айналған бұл хикаят қазіргі балалар әдебиетінің шоқтығы биік туындылары қатарында.
Апасының батасын алған соң, Жомарт дүкеннің «заңды сатушысы, жүкшісі» болып шыға келді. Тіпті күнара келіп еден жуатын Балқия апасына да көмектесіп жүреді. Ұжымда үш адам болып тауарды қалай өткіземіз, «қарыз дәптердегі» қарыздарды қалай жинаймыз, қазір жаңадан не шықты, тапсырыстың көп тауарын қай жерге жинаймыз, қалай орналастырсақ келушілердің көзіне түседі деген «ақылдасу» жиналысын да өткізетін болды.
Жомартта идея көп. Роза тәте: «ойлап таппайтының жоқ» деп, таң қалады. Бірде ауданға тауарға барғандарында әркімнің суретін қоса жапсырып шығарған күнтізбені көрді. Көлемі шағын, ас үйге, балалар бөлмесіне іліп қоюға болады. «Осыған әркімнің ата-ана, ата-әжелерімен түскен суреттерін қоса шығарса керемет болар еді. Сөйтіп сатайық. Мен мектептен балалардан тізім жасап, суреттерін жинайын. Олар үйлеріне апарып, қуанады ғой»,- деп Роза тәтесіне тың идея айтты. Екеуі сол күнтізбеге тапсырыс беретін жерді сұрастырып жүріп тапты. «Баспахана» деп аталатын ғимараттың ішінде екен. Арнайы іздеп келген тапсырыс берушілерді баспахана басшысы қуана қарсы алып, бірге жұмыс істеу үшін ұсыныстарын айтып түсіндірді.
Жомарт келе сыныптастарына айтып, олар басқа балаларға айтып, мектептің жартысы суреттерін жинап әкеліп, тапсырысты үйіп тастады. Демалыс күні Жомарт өзі барып баспаханаға жасатып алып келді. Бір жыл бойы күнтізбенің бетінде тұратын суреттерін көрген отбасылар Жомарттың тапқырлығына риза болды. Алғашқы күнтізбені көргендер дүкенге арнайы келіп, суреттерімен тапсырыс бере бастады. Көп ұзамай күллі ауылда отбасы мүшелері бастырылған күнтізбе әр шаңырақта ілініп тұрды. Оның табысы дүкенге де шаш етектен болды. Роза тәтенің айтуынша жарты жылда табатын табысты бір айдың ішінде тапқан. Содан Жомарттың үлесіне деп жүз мың теңге берді. Теледидар алудың жолы түсе кетті. Апасына табысын әкеліп беріп, үйге теледидар алатынын айтқанда, анасы байқұс: «Жомарт-ау, мен мына ақшаны табу үшін үш ай жұмыс жасауым керек қой. Роза шын көңілімен берді ме?» — деді, өз көзіне сенбей. «Апа, мен бір жаңалық ойлап таптым, сол еңбегіме берді» дегенде, «Әкең марқұм Жомарт бай болады, бай болғанда жомарт жігіт болады» деп армандап еді, соның басы болсын, алсаң алшы сол тілбезеріңді» деп, көзіне жас алды.
Жомарт көп ұзамай, аудандағы дүкеннен «Горизонт» деген түрлі-түсті теледидарды таксиге салып үйге әкелді. Үйлеріне Жомарттың маңдай терімен келген алғашқы бағалы мүлік.
Теледидардан Қытай елін көрсетіп жатты. Кәдімгі белесебеттің артына екі аяқты арбаны тіркеп алып, саудаларын жасап, тіршіліктеріне керекті заттарын тасып жүр. Содан Жомарттың көңіліне ой түсіп, Ақылбек ағасына барып айтып, суретін сызып беріп дәл сондай арба жасатып алды. Онымен дүкенге бес рет барып әкелетін затын бір-ақ ретте жеткізіп алып жүрді. Жомарттан көріп ауылдастары да Ақылбекке сондай арба жасата бастады. Темірден түйін түйетін Ақылбектің шеберлігі өсіп, әр арбаны жасаған сайын жетілдіре түсіп, көрші ауылдан да сұраныстар түсе бастады. Оның жетістігін байқаған Жомарт:
– Аға, сіз үйдің артынан көлік жөндейтін орын ашып қойсаңыз болады ғой, егіннің жұмысынан босағанда қыстай қосымша табыс болады, — деп ойын білдірді.
Астық бастырылып, комбайн тоқтағанда, Ақылбек шикі кірпіштен үйіне жапсарлас үлкен-үлкен қоржын қора салып, темір-терсек жөндеп, дөңгелек жапсыратын орын ашты.