«Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркіне саяхат

Қазақстанның киелі 100 нысанында атап айтқан «Археологиялық және архитектуралық ескерткіштер» тізіміне енген 11 орынның бірі. Алматының іргесінде орналасқан. Солтүстігі мен оңтүстігі Боралдай кентіне жалғасқан. Шығысы Алатау ауданының Ұлжан, Өжет, батысы Шаңырақ-1 ықшамаудандарымен шекаралас жатыр. Оны жағалай Үлкен Алматы каналы ағады. Қалада жүретін 253, 133,45,409-нөмірлі қоғамдық көлік қатынайды.
Жолды алыстан келгендер былай тұрсын, алматылықтардың өзі тіпті білмейді. «Білемін» деген такси жүргізушісі редакцияның бір топ қызметкерін «Халық» спорт кешенінің алдына алып келді де:
—Түсіңіздер, міне сақ қорғаны осы,-деді.
Айналасы қоршалған, кіре беріс қақпасы дәл сақ қорғандарына келтіріп тұрғызған кешенді сол ықшам ауданның тұрғындары киелі орын деп есептегендіктен болар, біз де жүргізушіге сеніп, көліктен түсіп қалдық. Алайда, қателескенімізді айналаға көз жүгірткен соң ғана біліп, күлкіге қарық болдық.
—Бес бірдей адам бірдей аңғал болғанбыз ба?-дейміз бір-бірімізге қарап.
—Бұдан кейін есте болатын жайт болды. Жан-жақты барладық. Күн шығыс жақтағы биік төбедегі қоршауды көріп, солай қарай жүрдік.
Шығыстан кіретін арнайы жолы арқылы қоршалған қорғанға беттедік. Үлкен қақпаны сол маңдағы күзетші Асқар есімді азамат ашып, танысып кеттік. Қорғанға кіреберісте:
«Боралдай сақ қорғандары Алматы қаласының солтүстік батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Боралдай кешенін б.з.д. ҮІІІ-ІІІ ғ.ғ. Жетісу жерін мекендеген сақ тайпалары, б.з.б. ІІІ ғ.- б.з. ІІІ ғ. үйсін тайпалары мекендеген. Ұзындығы 3 шақырым,ал ені 800 метрге дейін созылған қорым тарих және мәдениет ескерткіші болып табылады. 430 га аймақты алып жатқан археологиялық парктің аумағында ерте темір дәуірі кезіне жататын 47 сақ үйсін тайпаларының қорғандары орналасқан. Ең үлкен қорғанның 10-14 метрге дейін жетеді, ал диаметрі 80-150 метрді алып жатыр. Бұл қорымда сақ және үйсін тайпаларының билеуші әулеттерінің өкілдері мен қоғамның бетке ұстар лауазымды тұлғалары жерленген.
Боралдай сақ қорғандары Алматы қаласы әкімдігінің 2010 жылғы 10 қарашадағы «Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» №4/840 қаулысына сәйкес мемлекет қорғауында» деп жазылған тақта ілінген.
Қорғанды аралауға арналған арнайы көлік жолымен жүріп отырып, қорғандарды қарап шығуға болады.
Біздің көргеніміз әзірге осы. Бірақ, аспан астындағы ғажайып мұражайдың болашақ құрылысын көз алдымызға елестеттік те, кері қайтып келіп, зерттеулерді іздедік.

ПІКІР ЖАЗУ