Біз де бала болғанбыз

Кәдірбек Құныпияұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Көптеген жыр жинақтарының авторы. «Жетісу» газеті, «Заң» газеті, «Жалын» журналы, «Ан-Арыс» баспасы, Түрік Академиясы қатарлы орындарда маңызды басшылық қызметтер атқарды. Ысылған редактор, танымалы журналис. Балалар тақырыбына да қалам тартып, көптеген құнды шығармалар беріп келеді. Қаламгердің 60 жасқа толған мерейлі сәтімен құттықтай отырып, соңғы кезде жазып жүрген жаңа кітабынан үзінді ұсынып отырмыз.

 

«Дария кеуде, тау мүсін…»

Жаздың жанға жайлы әсем күндерінің бірінде бізге төрт-бес атадан қосылатын туысқан Әбдікерім ақсақалдың қонаққа келгені еміс-еміс есімде. Сол кезде жетпісті молынан алқымдаған бұл кісі мінезі әпенде шалыс Сәрсенқожа ағамыздың әкесі еді. Бес уақ намазын қаза қылмайтын тақуа, діндар кісі екен. Мылжыңдап әр нәрсені сұрай беретін маған бірден үйіріліп түсті. Алдына жатып алып еркелеп, қоймайтын сұрақтарды қоям. Сақалымен ойнаймын.
– Сен бұ сақалға тиіспе!- дейді атамыз сұқ саусаған шошайтып. – Ақ сақалдың әр талының түбінде бір-бір періште ұйықтап жатады. Жөнсіз мазаласаң соларды оятып, ренжітіп аласың.
Періштелер көрініп қала ма деп атамыздың селдірлеу келген ақ сақалына ұзақ үңіліп қараймын да отырамын.Атаның намаз оқығанын да қызық көремін. Сәждеге маңдайын тигізгенде қосыла тоңқайып, қимылдарын қайталаймын. Бір күні тіпті еркінси келе, ата еңкейгенде бөксесіне бұтақ тіреп қойып, шек-сілем қатып күліп жатқанымда апам үстімнен түсіп үйден қуып шықты.Ақсақал осындай шалдуар мінезімнің бәрін сабырмен көтеріп, Иірсудағы үйде төрт-бес күн қонақ болып аттанды.
Атамен достығымыз кейін біз Кегенге көшіп барғанда да жалғасты. Бір көшенің бойында тұрдық. Әлі есімде, бастауыш кластардың бірінде белесебет тебуді үйреніп жүргем. Жасы үлкен балалар қолтығымнан сүйеп белесебетке мінгізеді де алға қарай итеріп, екпін алған соң жолға салып жібереді. Әрі қарай қисалаңдап, өз бетіңмен тебе жөнелесің. Бірде осылай қылдың үстінде келе жатқандай қалбалақтап жүріп, қақпадан аңдаусызда шыға келген атамызды қағып-ақ кеткенім! Атам бір жақта, таяғы бір жақта, белесебет бір жақта – шашылып қалдық. Есімді жиғаннан белесебетімді сүйрей қаштым. – Әуелі кім қаққанын да білмей қалдым. Сөйтсем, әлгі өзім жақсы көретін тұқымың өскірКәдішім екен!- депті ақсақал, артынан.
Неше күн бойы көзіне түсуден қашып, ұяттан өртенердей боп жүргенім есімде.Жарықтық, сол кездің қарттары да бір ғажап құбылыс екен, енді ойлап отырсам. «Дария кеуде, тау мүсін» деген ән жолдарын еріксіз іштей ыңылдайсың кейде сол кісілер еске түскенде…

 

Қағаз жеуге құмарлық

Үйге бірқатар газет-журналдар келеді. Үлкен газеттер бұрышта тұратын үстел үстіне төселеді. Осы үстелдің астына кіріп алып, салбырап тұрған газеттің шетінен жыртып жейтін көрінем. Әуелгіде апам жырымдалып жыртылған газетке мән бермеген. Бірде үстел астына тығылып, жыртылған газетті ауызға ұрып жатқан мені кездейсоқ көріп қалыпты. Содан бастап газеттерді менің қолым жететін жерге қоймайтын болды.
Ара-тұра үйде «Ара» журналы пайда болады. Ішінде қызықты сан алуан суреттері бар журналдың «Ара» деп аталатынын ағамдардың айтуынан білемін. Журналды парақтап, суреттерін тамашалағанды жаным жақсы көреді.
Бір күні ағам әлгі журналдың ішіндегі келемеж суреттердің біріндегі оқтау ұстап, байына кіжініп тұрған бір қатынның суретін көрсетіп:–Міне, Әлапамның суреті шығыпты,- деді күліп…
–Бұл апам емес!- деп бақырып жылап жіберіппін. Сайқымазақ суреттегі әпербақан әйелді Әлапа дегенге құртақандай сәби намысым қозып кетсе керек.
– Қайдағы бір орыс қатынды Әлапа дегенге сеніп жүрсің бе? — деп апам айналып-толғанып жұбатып жүр. Әбден есейген шағымда газет жұмысына басыбайлы жегіліп жүргенде «Кішкентай күніңде газеттен газет қоймай ауызға ұрушы едің, осыған көрінген екен ғой…», — деп күрсінетін апам.

 

«Ойбай, орыс келе жатыр!»

Бір жылдары Тасбұлақтың шетінде чешен жігіттер кірпіш құйып, үй салумен айналысты. Сақалдары қауғадай, шүңірек көз құрылысшылардан ауыл балалары өлердей қорқамыз. Бұлай сужүрек болуымыздың бір себебі үлкендердің кішентайымыздан «Орыс келе жатыр! Жыласаңдар алып кетеді!» деп қорқытуынан ба екен деп те ойлаймын.
Күндіз күні бойы үлкендер жұмыста. Тете өсіп келе жатқан немере қарындасым Сәбетхан екеуміз бірге ойнаймыз. Бір күні түс уағына таман Сәбетайды қорқытпақ болып, «Әне, орыс келе жатыр!» деп үйге қарай тұра қаштым. Ол бақырып, мен күліп есікке қарай жүгіріп келе жатырмыз. Кенет көше жаққа көзім түсіп кетті: шынымен де иықтарында күрек-кетпендері бар бір топ құрылысшылар дәудірлесіп келе жатыр екен. Қорыққанның көкесі енді болды! Түпкі үйдегі төсектің астынан бір-ақ шықтық…
Өз жүрегіміздің дүрсілінен өзіміз қорқып, біраз уақ жаттық-ау деймін. Әлден уақытта ауыз үйдің есігі ашылып, апамның даусы естілді: – Апырм-ау, бұлар қайда кеткен?
Төсектің астынан шыға сала асығыс-үсігіс орыстан қалай қорыққанымызды айтып жатырмыз. Апамның артынан іле-шала келген Сәбетханның шешесі – мақау апамыз әлгі құрылысшылар жүретін жаққа қарай қолын сермеп: «Мола-мола!» деп балдырлап ұрсып жүр. Қатты ашуланғанда «Мола-мола» дейтін әдеті.

 

Қызық теңеулер

Қой қоздағанда қошақандарға ат қоятын әдет таптым. Жұнттай домаланған сүйкімді бір қоңыр қозыға Батырхан деген есім бергенім есімде. Батырхан Тасбұлақта ферма меңгерушісі болған семіз кісі еді. Сүтке жарымайтын жүдеу, ілмиген қозыларға арық кісілердің, аяғы кемістеріне ақсақ кісілердің атын қоямын. «Малға адамның атын беруге болмайды!» деп ұрсып жүріп, апам бұл әдетімді әрең қойдырды, әйтеуір.
Қарқарада Сүлеймен деген орта жастардағы кісі водовоз жүргізетін. Бір күні әлдекімнің аузынан «Су иесі Сүлеймен» туралы аңыз естідім. «Сонда суды иеленгендердің бәрінің аты Сүлеймен болуы керек пе?» деп үйдің ішін күлкіге қарық қылғаным бар.
Почташы апайдың есімі Жеделхан. Енді бірде «Бұл кісі аяғын жедел-жедел басып, газет-журнал таратып жүрген соң атын Жеделхан деп қойған ба?» деп атам мен апамды тағы бір күлдірсем керек.

 

Шымкентке сапар

Жазғытұрым күндердің бірінде апам төркіндеп келуге бел байлады. Сірә, атам екеуі біраз уақыттан бері ақылдасып жүрсе керек, жолбасшылыққа апамнан бірер жас үлкен, отбасымызбен етене араласып тұратын Күләпраз деген апамыз таңдалыпты. Сол кездері газет-журнал беттеріне жиі жарияланатын Жамбыл Жабаевтың бөрік киіп, жымиып тұрған суретіне Күләпраз апамызды қатты ұқсататын едім. – Мына атамыздың бөркін алып, жаулық таға салса, Күләпраз апамнан аумай қалады екен! — деп үйдегілерді бір күлдіріп алғанмын.
Менің нағашыларым – апамның төркін жұрты бұл кезде алыстағы Шымкенттің Созақ өңірінде, Жартытөбе деген жерде тұрады екен. Төркіндеуге апамның ұзақ әрі тыңғылықты дайындалғаны есімде. Қарқарадан аудан орталығы Кегенге келіп, Алматыға баратын автобусқа отырдық. Түнімен жолға дайындалып, жөнді ұйықтамаған апам сәлден соң көзі ілініп кетіп, қалғи бастады. Терезеден сырттағы қызықтарға қарап отырған маған апамның ұйықтағаны ұнамайды, әрине. Оятып жіберіп, ананы-мынаны көрсетіп, біраз мазасын алсам керек, әлден уақытта мінезі де байсалды, денесі де кең-молынан пішілген Күләпраз апам мені өзінің алдына отырғызып алды. Бұл менің ес білгелі ұзақ жолға алғаш рет шығуым. Бәрі таңсық, бәрі қызық, бәрі ғажап! Сансыз мыжыма сауалдарыма жауап берем деп Күләпраз апам да әбден сілелепті.
Алматыға бесін ауа жетіп, жолбасшы апамыздың бір жақын сіңлісінің үйіне қоналқаға тоқтағанымыз еміс-еміс есімде. Тамақ әзір болғанша әлгі үйдің менен бес-алты жас үлкен қызы мені ойнатып келуге далаға алып шықты. Зәулім биік үйлердің ортасындағы шағын алаңқайда балаларға арналған әйбат әткеншек бар екен. Ауылдағы бөренеге тақтай қойып ойнайтын әткеншек сияқты. Бірақ отыратын орындығы, ұстайтын тұтқасы бар дыңдай әткеншек! Әлгі қыз әткеншектің екінші басын қолымен басып, көтеріп, мені біраз ойнатты. Мұндайды өмірі көрмегем. Қатты ұнады. Содан ана қыздың бір досы келе қалды да, екеуі маған түк қызықсыз ұзын-сонар бір әңгімеге кірісіп кетті дейсің бір. Әткеншек жайына қалды. Мен ана қызды әткеншекке қарай икемдеп, қыңқылдаймын. Ол қолын бір сілтейді. Ақыры ұрсысып тындық. Екі сөздерінің біріне орысша араластырып сөйлейтін қалалық екі қызды сұмдық жек көріп кеттім.
Бұрылып тайып тұрдым. Бір баспалдақтардан түсіп, шыққан есігім есімде. Әлгі есіктен кіріп, жоғарыға көтерілсем, қаптаған есіктер! Не жоғары шығарымды, не төменге түсерімді білмей бақырып жылап жіберіппін. Абырой болғанда сол сәтте әлгі тікбақай қыз да келіп үлгерді. Өбектеп көзімнің жасын сүртіп, айналып-толғанып жатыр. Кішкентай болсам да қылығының жасанды екенін біліп тұрмын. Қайтадан сыртқа шығып, әткеншекке апарып, құмарым қанғанша ойнатты, әйтеуір. Әлгі үйден кеткенше бір ренжісіп, бір татуласып, қалалық қызбен тіл табысқандай болдық.

 

«Ертегі айт!»

Тасбұлаққа қарай көлік шықпай, қайта алмай қалған туыстардың көпшілігі атының басын біздің үйге қарай бұрады. Мұның ара-арасында Кегеннен, алыстағы Текес, Қайнар жақтан туысқаншылап келіп күн-ара қонып кетіп жататын қонақтар қаншама. Тамақ желініп, шәй ішіліп болған соң әңгімеге кезек беріледі. Бүгіннің жаңалықтарынан басталып, өткен-кеткеннен өрім тарататын қаншама көне сөздер сыр болып шертіледі десеңші! Сөз білетін қонақтардың ауыз ләмі құлағыма жағып бара жатса, қинап та болса ертегі айтқызамын. Кей жағдайларда қонақтармен қосылып, жиналып отырып, иірмекіл ойнаймыз. Жеңілген адам, одақтасып ойнаған сәттерде, жеңілген жақ иә өлең, иә ертегі айтуы тиіс.
Өлең-жыр да, ертегі-аңыз да білмейтін меймандардың қызараңдап, сыртқа қарай тұра қашатындары да есімде. Арасында ән айтып, домбыра тартып құтылатындары да кездеседі.
Қыстың ұзақ түндерінде Тұрғанбай ағам көңілі түссе мұқабасы жырымдалған қалың «Батырлар жыры» кітабынан «Қобыланды», «Алпамыс, «Қыз-Жібек», «Ер Тарғын» сияқты жырлар оқиды. Барған жерінен қолына іліксе ертегілер, хиссалар кітабын үйге алып келу әдетіне айналған. Кітапқа, өлең-жыр, ертегілер мен хиссалар әлеміне құмарлығым осылайша әріп танымастан басталыпты…

ПІКІР ЖАЗУ