«БІЗ ӘКЕМІЗДІ САҒЫНДЫҚ!»
Алматы облысы, Талғар ауданының Еркін ауылында Байсапаровтар отбасы тұрады. Өнерімен тәнті еткен бұларды ауылдың біразы таниды десек те болады. Отағасы Ербол, жары Рабиға екеуі домбырамен дәстүрлі әндер айтса, балалары Медет пен келіні Ақнұр эстрадалық әндер шырқайды. Ал немерелері Мағжан, Медина, Мәди түрлі тақпақтар айтып, ән салып, би билейді.
Ауылдағы «Раушан ана» бөбекжай-балабақшасына баратын Мағжан мен Медина түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие боп жүр. Мағжан ҚР Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған «Әнім де саған, жырым да саған, туған ел!» балалар байқауының «Көркем сөз өнері» номинациясы бойынша, «Жігіт сұлтаны» байқауында «Сері жігіт» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ «Жас дарын» балалардың шығармашылық байқауының «Биші балапан», «Жас әнші» номинациясы бойынша, бөбекжай-балабақшаның «Қыс қызығы» көрме-байқауында бас жүлде, ақиық ақын М.Мақатаевтың 88 жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Жырлайды жүрек» атты байқаудан I орын алды. Ал Медина болса «Кішкентай арулар» байқауында, «Жас дарын» балалар шығармашылық байқауында «Талантты биші» номинациясымен, «Берекелі, мерекелі алтын күз» ертеңгілігінде Бас жүлде, «Абай – дара тұлға» байқауында «Сөз маржанының шебері» номинациялары бойынша марапатталған.
Қылықтары қызық, тілдері балдай тәтті балақайлар қазір балабақшадан уақытша қол үзіп, үйде карантинде отыр. Апалары үшеуін бір уақ аулаға алып шығып серуендетіп, таза ауа жұтқызып азырақ ойнатады да, қайтадан бөлмелеріне қуады. Балалардың үйге кіргісі жоқ, ойындарын бұзғаны үшін апаларына ренжіп, жылап та қалады. Баяғыдай күнде асыр сап алаңсыз ойнайтын достары жоқ, үйде қамалып іштері пысқан сәбилерді де түсінуге болады. Бірақ мына тәжтажалдың жас балаларды да аяйтын түрі жоқ. Амал жоқ ережеге бағынуға тура келеді! Әсіресе балақайлар жұмыс бабымен үй бетін көрмей 1-2 ай сыртта жүрген әкелерін қатты сағынып жүр. Медет Ерболұлы офицер болып әскери қызметте істейді. Қазіргі елімізде боп жатқан төтенше жағдайға байланысты ол Алматы қаласында халықтың тыныштығын қорғау мақсатында күндіз-түні аянбай еңбек етуде. Аналары Ақнұр болса мейірбике, қазір төртінші сәбиіне аяғы ауыр, демалыста. Құдай қаласа, көп балалы ана ретінде халқымыздың санын көбейтуге өз үлесін қосқалы жатыр.
Осындай қиын-қыстау кезеңде отбасын көрмей, балаларының қастарында болып бір иіскеуге уақыттары жетпей жүрген қаншама мамандық иелері бар. Олар: дәрігер, полиция, Отан қорғаушылар, мұғалім, журналист, сауда қызметкерлері, т.б. айта берсең жетерлік. Бәрінің де үйлерінде балаларының «Менің әкем, шешем қашан келеді? Біз сендерді сағындық!» деп жанарлары жаутаңдап тағатсыздана күтіп отырғандары анық.
…Иә, тіршілік қазаны қайнаған мынау қызу өмірді бала түгілі үлкендер де сағына бастаған сияқты. Ауруды жеңіп, балаларымыздың балабақшасына, сабағына, ересектердің жұмыс орындарына оралатын күндеріміз де алыс емес деп ойлаймын. Әркез үмітімізді үзбейік!