«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Даналық мектебі»: Ұлттық құндылықтар мен тәрбиені дәріптеу жолы
«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген халық даналығының мәні ешқашан ескірмейді. Бүгінгі ұрпақ – болашақтың тірегі, ал, олардың бойына ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді сіңіру – әрбір азаматтың парызы. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назарында. 2024 жылдың 15 наурызында өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында Мемлекет басшысы жастарды тәрбиелеудің негізгі құндылықтарын айқындап, олардың «Тәуелсіздік пен отаншылдық», «Әділдік пен жауапкершілік», «Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік», «Бірлік пен ынтымақ», «Жасампаздық пен жаңашылдық» сияқты қағидаттарды бойларына сіңіруі қажеттігін атап өтті.
Салқынтөбе негізгі мектебіндегі «Даналық мектебі» осы құндылықтарды іске асыруда маңызды рөл атқарады. Білім беру ұйымы жанынан құрылған бұл клуб халық педагогикасын, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтап, ұрпақ тәрбиесінің негізіне айналдыруды мақсат етеді. Әсіресе, ұлттық тәрбие мен адамгершілікті насихаттайтын Әжелер мектебі ерекше орын алады.
Әжелер мектебі: Ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі
«Даналық мектебі» аясында құрылған Әжелер мектебі – ұрпақтарды ұлттық тәрбиемен сусындататын рухани орда. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеясына сәйкес, бұл бастама өскелең ұрпақты адамгершілік пен отансүйгіштікке баулудағы басты құрал болып табылады.
Әжелер мектебінің негізгі бағыттары:
- Ұлттық құндылықтарды дәріптеу:
- Ұлттық салт-дәстүрлерді үйрету (шашу шашу, бесікке салу, тұсаукесер және т.б.).
- Қазақтың ұлттық ойындарын насихаттау (асық ойыны, тоғызқұмалақ).
- Ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары.
- Рухани тәрбие:
— «Әжелердің өшпейтін өнеге үлгісі» атты кездесулер ұйымдастыру.
— Әжелердің өмірлік тәжірибесі мен өнегесін әңгімелеу арқылы жас буынға тағылым беру.
- Шығармашылық әлеуетті дамыту:
- «Шабыт» жобасы аясында оқушылардың өнерге қызығушылығын арттыру.
- Әжелер мен оқушылардың бірлескен қолөнер және сурет көрмелерін өткізу.
Осы орайда, әжелер мектебінің төрайымы Канапьянова Күләш Дүйсенқызына және белсенді мүшелері Акишева Рахима Мұқашқызына, Калиева Жаңыл Саменқызына, Аманбекова Гүлмира Мұхаметханқызына, Мусина Ләйлә Алжаппарқызына ұлттық тәрбие мен құндылықтарды насихаттаудағы қажырлы еңбектері үшін шынайы алғысымызды білдіреміз!
Салқынтөбе негізгі мектебінің «Даналық мектебі» ұлттық тәрбие арқылы оқушылардың бойында жауапкершілік пен рухани байлықты қалыптастыруда озық тәжірибе көрсетуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Болашақ ұрпақ тәуелсіздік пен әділеттілік құндылықтарын сезініп өсуі керек». Осы мақсатта Әжелер мектебі жас ұрпақты адамгершілікке, бауырмалдыққа және патриотизмге тәрбиелеу бағытында үздіксіз жұмыс жүргізуде.
Мектеп жанынан ұйымдастырылатын дәстүрлі шаралар – тәрбиенің өзегі. Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізілетін тағылымды кездесулер мен шеберлік сабақтары оқушылардың ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттырып, өз еліне деген жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
Қорытындылай келе, ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, жас ұрпақты тәрбиелеу – еліміздің болашағын жарқын ету жолындағы маңызды қадам десек артық болмас. Ұлт тәрбиесі мен дәстүрлерін жаңғырту бағытындағы мұндай бастамалар қазақ елінің рухани өркендеуіне негіз болары сөзсіз.
Сериканова Кундуз Ерболатқызы, Абай облысы, Жарма ауданы, «Салқынтөбе негізгі мектебі» КММ-сі
Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары