Біреулерге керек болған қандай бақыт!
Сағадат пен Аманжан жұмыстан келгенше, қыздар шөжіре түймек болып даярланды.
Зорәм етті ұсақтап турап, пиязбен араластырды. Оның үстіне дәмі татитындай тұз салды. Аздап қара бұрыш қосып, бәрін араластырып мыжыды да, ыдыстың түбіне басып қойды. Меһрибан жұмыртқа қосып илеген нанды жақсылап алақанымен шымырландыра түсті. Қамыр тынды-ау деген соң, жұдырығымен басып жаймалады да, оны оқтауға орап тақтайға домалатып басып, жұқартып қойды. Теп-тегіс, қағаздай болған жайманы оқтаудың орамынан шығарып қабаттап қойды да, кішкене-кішкене төрт бұрыштап кесіп даярлады. Оның ішіне бағанадан даярлап қойған ет пен пиязды-қимасын салып, әдемілеп түйе бастады. Зорәм шөжіре түйіп отырып:
— Неліктен осы біздің тамақтарымызды даярлауға көп уақыт кетеді? — деп сұрап қалды.
— Ұзақ уақыт кететіні, сіңіретін еңбегіміз көп, ықылас қойып, бір-бірлеп орындаймыз. Есесіне дәмді болады, — деді Патәм өз білгенін айтып.
— Қане, айтыңдаршы, ұйғырлардың қандай тамақтарын білесіңдер? — деп сұрау тастады Меһрибан.
— Мысалы: сұйық кеспенің өзі үгрә, қарлығаш тілі, шинтүгір, халиваш, жұлма көже, омаш болып әлденешеге бөлінеді, — деді Зорәм.
— Енді Патәм, сіз айтып көріңіз, басқаларын санап көр.
— Етті шөжіре, беде (жоңышқа) көгі шөжіресі.
— Лағмандардың түрлерінен, созған лағман, кескен лағман, қуырған лағман… дегендер бар.
— Палаудан нені білесіңдер?
— Тойдың палауы, қуырма палау, етсіз палау, беһи палауы.
— Мантылардан: петір манты, ашытылған манты, асқабақ манты, жусай (көкөніс) манты дегендер бар.
— Одан өзге қандай тамақтарды білесіңдер?
— Кәуап, самса, һесип, құйған өкпе, еттен жасалған нан — гөшнан, қуырдақ, сорпа.
— Тіпті санына жетер емеспіз ғой, — деді Зорәм.
— Мінеки, қандай жақсы, өзіміздің ұлттық тағамдарды білгенге не жетсін. Біздің білмейтіндеріміз қаншама? — деді Меһрибан қыздардың жарыса айтқан жауабына риза болып.
Патәм сәл ойланып отырды да:
— Жұмыртқа сорпасы, пияздан, шүлпіргіш сорпа, күріш, машқорданы ұмытып қалыппыз ғой, — деді тамақтардың өзге түрлерін есіне түсіргеніне қуанып.
Қыздар күлісіп отырып шөжірені түйіп болды. Зорәм ошаққа от жақты. Меһрибан қазанға азырақ май құйып қыздырды. Онан соң, тураулы тұрған етті салып баппен қуырды. Дұрыс болып қуырылған соң, оның үстіне лазы, қызанақтарды салып бірге қуырды. Шамалы уақыттан соң, дәмдендіргіштерді қосып араластырды. Ең соңында кәдімгідей су құйып, қақпағын жапты. Су қайнағанша, жұмыстан Сағадат та келді.
— Тамақтың иісі бұрқырап адамның тәбетін ашады екен, не пісіріп жатырсыңдар?
Зорәм ошаққа отын үстемелеп жатып:
— Апа, бүгін біздің үйде қуаныш, Меһрибан тәтем оқуға түсіпті, — деп бұл жаңалықты шешесіне жеткізді.
Мұны естіген Сағадат Меһрибанды құшақтап, бетінен сүйіп құттықтады. Патәм тақтайдай тізулі тұрған шөшірелерді қайнаған қазанға әкеліп салды. Тамақ пісіп алдыға қойылғанда, сабақтан шаршап-шалдыққан Аманжан да үйге кіріп келді.
— «Жақсы адам тамақ үстінде келеді» деп, міне, біздің еңбекқор баламыз да тамақтың үстіне келді, мақтап жүреді екенсіз.
Тұрсын ұлының жұмысқа құлшынысын көріп, риза болатын. Бәрі толық жиналып, ұзын жозыға отырды. Меһрибан мен Патәм кеселерге шөшірені құйып, әрқайсысының алдына әкеліп қойды. Ортаға аскөк секілді иісті, дәмді майда туралған шөптерді де әкелді. Зорәм бір шыныға майға қуырылған лазы, сіркесу әкелді.
Тамақ ішудің алдында Тұрсын:
— Бүгін біздің үйде үлкен қуаныш, Меһрибан өзі армандаған оқуына түсті. Міне, бұл қуанышымызды ащы-тұщы дәмді шөшіремен жуалық! — деп айналасына күле қарады.
Аманжан да қуанышты хабарға елеңдеп, Меһрибанды құттықтады.
— Меһрибанның оқуға түсе алатынына менің сенімім толық, көңілім тоқ жүрді, — деді.
— Барлықтарыңа рахмет! Сенімдеріңді ақтау үшін бар күшімді саламын.
— Тамақ алыңдар, қыздарға рахмет. Сондай дәмді жасағандарына ризамын, — деді Сағадат шаршап, қарны ашып келгенде даяр болған дәмнің үстіне дөп келгеніне шынымен қуанып.
Әне-міне дегенше, жазғы демалыс та аяқталды. Мектептегі сабақ басталып, балалар сөмкелерін арқалап оқуға шұбырды. Аманжаннан төмен қарай бәрі де сабаққа кетіп, үйде Тұрсын ғана жалғыз қалды. Тұрсын бақтағы азын-аулақ көкөністерін жиыстырып жатқанда, көршілері Разия апа есік алдына келіп:
— Тұрсын, сенің қолыңнан келеді, суық болса түсе бастады, менің есік-терезелерім арса-арса болып, дұрыс жабылмай жүр. Егер уақытың болса, соларды жөндеп, орны-орнына келтіріп қойып берсең, тиісті еңбек ақыңды төлеймін, — деді.
— Мақұл, апа, жасап берейін, бірақ сізден ақша алмаймын. Бала-шағама ақ батаңызды берсеңіз, сол жетеді, — деп есігіне құлып салып, кілтті бәрі білетін белгілі жерге қойды. Айналаны бір шолып қарады да, Разия апаға ілесіп, көршінің жұмысына көмектесуге кетті.
Тұрсын ауладағы жаздық шайханасын әдемілеп жасап алған соң, көрші-қолаңдар, арғы көшедегі естіген адамдар оған келіп анау-мынауларын жөндетіп, бұзылған-сынғандарын жасатып алатын болды. Ал, Тұрсын босқа қарап жүрмей, өзінің біреулерге керек болғанына риза.
Үзінді ұйғыр жазушысы Дүрнәм Мәшүрованың «Ана мирасы» атты кітабынан алынды. Қазақ тіліне аударған — Дәулетбек Байтұрсынұлы.