Білімді ұрпақ – кемел келешек кепілі

«ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

 

ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры болғандықтан, еліміздің білім-ғылым саласын дамыту – бүгінгі күннің ең өзекті мақсат-міндеттерінің бірі болып саналады. Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген екен. Сондықтан ел болашағының кепілі – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ.

 

Бүгінгі жас ұрпақ азат елдің азат ойлы – тәуелсіздік ұрпақтары. Олар бізден гөрі еркін, бізден гөрі бостандық сүйгіш. Тәуелсіздік ұрпақтары қасаң қағида, ережелер мен тыйымдарға бағынғысы келмейді. Үздіксіз ақпарат ағыны олардың ой-санасының қалыптасуына әсер етпей қоймайды. Сондықтан жас ұрпақты өзіміз құрғымыз келетін мемлекеттің адал ұлдары етіп тәрбиелеу басты мақсат болып отыр. Яғни біз ата-баба топырағында дамыған, өркениетті, ұлттық идеологиясы қалыптасқан Қазақстанды құрғымыз келеді. Осы жолда ешқашан өзгермейтін ұлттық құндылықтарымыз бен халқымыздың сан ғасырлық дәстүрін, менталитетін жас ұрпақ санасына сіңіргіміз келеді. «Тәрбие басы – тал бесік» десек, баланың отбасында алған тәрбиесін ұштайтын балабақша, мектеп.
Ресми ақпаратқа сәйкес биыл еліміз бойынша 400 мың бала 1-сыныпқа барады. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, балалардың 70%-дан астамы мемлекеттік тілде оқуды таңдады. – «Бірінші сынып оқушыларының басым бөлігі Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында, сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тіркелді. Балаларды қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қамтудың жоғары көрсеткіші Қызылорда (89,6%), Ұлытау (86,6%), Маңғыстау (86,2%), Жамбыл (80,4%) облыстарында байқалады», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Бүгінгі өскелең ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның ертеңгі кемел келешегі. Сондықтан оларға сапалы білім, салауатты өмір сыйлау біздің ең басты адами борышымыз. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының да басты мақсаты – қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мәдени болмысы, тарихы мен тамырын сақтай отырып, өскелең ұрпақ бойына сіңіруге бағытталған. Әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде оны сақтап қалу, рухани, мәдени сабақтастықты үзбей, ұлттық құндылықтарды заман талабына сай дамытудың маңызы зор. Өйткені, бүгінгі ұрпақ бойына «ұлттық код» ұғымын қаншалықты терең сіңірсек – ол біздің ертеңгі ұлт болып қалуымыздың кепілі болмақ.
«Білімді ұлт, сапалы білім беру» ұлттық жобасында жедел шешім-дерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған. Ұлттық жобада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектеп салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру секілді көптеген мәселелер қамтылған. Мамандардың түсіндіруінше, бұл ұлттық жоба бес міндеттен құралған төрт бағыттан тұрады.
Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі және сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау үшін «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ға жетеді. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымда бала дамуының жаңа моделі енгізілетін болады. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілетін болады.
«Білімді ұлт, сапалы білім беру» ұлттық жобасының екінші міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер (PISA) арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Жоба шеңберінде 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланып отыр. Биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарлануда. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.
Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер жойылып, апатты мектептер үлесі 0,1%-ға дейін қысқартылады деп күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп модернизацияланып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады.
Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетін болады. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде.
Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ұлттық жоба шеңберінде Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО) және 2 озық ЖОО құрылатын болады. Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарлануда, бұл жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» дейді. Президент Жарлығымен бекітілген «Білімді ұлт» сапалы білім беру бағдарламасы да өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие, сауатты-салауатты ғұмыр сыйлау мақсатынан туып отыр. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деген екен. Сондықтан «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, ұстаз еңбегі бағаланып, мәртебелі құрметке ие болуы бірден-бір дұрыс шешім. Құсқа қос қанат қалай керек болса, адамға білім мен тәрбие де солай керек. Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу – әрбір ұстаздың басты міндеті.
Білім негізі мектепте қаланатын болғандықтан, оқушының жеке тұлғалық күшін дамыту, оның шығармашылық мүмкіндігінің дамуы басты рөл атқарып отыр. Олай болса, қазіргі ұстаздар қауымының алдындағы үлкен мақсат – өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетіне қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген, білімді, дағдыларды меңгеретін, шығapмaшылық бaғыттa жұмыс iстeйтiн, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру және тәрбиелеу. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді Мұхтар Әуезов. Балабақша, мектеп сынды тал бесіктің ұлттың ыстық алақанында бейбіт тербелуі – аға ұрпаққа аманат, ұстаздарға артылған зор сенім.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

 

 

ПІКІР ЖАЗУ