Білім шырағын жаққан ұя
Аулаға енген сәттен-ақ балалықтың бал дәуренінің жанға жайлы жұп-жұмсақ самалымен желпи, баурап алатын ерекше жылылық ұялаған білім ордасы атану, қадам басқан әр шәкіртті әсерлі үйлесіммен өзіне тарту – зор жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті, қажырлы еңбек пен мызғымас тәртіпті талап ететіндігі баршаға мәлім.
2014-2015 оқу жылының ІІ оқу тоқсанында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Халыққа Жолдауында баса назар аударылған үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп–лицейі ашылды.
Есіктен ене жасыл әлеммен басталатын салтанатқа толы дәліз бойы мектеп тарихынан сыр шертеді. Әр қабаттың өз ерекшелігі бар. Мазмұны мағыналы дәйексөздер мен қабырғаға ілінген суреттерді талғаммен үйлесімді орнатып, сол арқылы тәлім беріп, тәрбие бағытын ұстанған мектеп әлемінің барлық тыныс-тіршілігінен хабар беруді көздедік.
Бірінші қабатта дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің оқушыларды үздіксіз жарысқа дайындап, жүлделерді сан мәрте қоржынға байлап қайтқан жеңісті сәттеріне куә болған үлкен спорт зал орналасқан.
Сонымен қатар ақпараттық және коммуникативтік кедергілерді жою, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды да мектеп өміріне қатыстыру үшін қолайлы жағдай қарастырдық. Мұндай кабинеттердің жұмысы ерекше балалардың дамуына, айналамен қарым-қатынас жасауына өте қажет екені ескеріліп, бағдарламаға негізделген. Кабинетте әдіскер, психолог, логопед, дефектолог мамандар жұмыс жүргізеді. Кабинеттің оқу бөлмесінде балалардың жеке сабақтарына арнайы жабдықталған парталар мен орындықтар, педагог-ассистенттің әдістемелік және көрнекі құралдары бар. Шағын ғана ойын алаңында неше түрлі дамыту сипатындағы танымдық ойындарға арналған ойыншықтар мен әдістемеліктер бар. Жұмсақ төсеніштер мен жұмсақ орындықтар, құрғақ бассейн, терапевтік доптар, қалың көрпешелер мен массаж-кілемдер, гамак, батут және сатылар мен жұмсақ қабырға панелдерімен жабдықталған. Олар кабинет ішінде дизайндық эстетиканы сақтай орналасқан.
Екінші қабатта ел тарихынан сыр шертетін шежірелі бөлімді жасақтадық. Оң жақта еліміздің облыс орталықтарының орналасу аймағы көрсетілсе, оған қарама-қарсы қазақтың жаны – домбыра макетімен басталады. Домбыраның жанына қобыз, жетіген, қоңырау, асатаяқ, сазсырнай, шаңқобыз сынды қазақтың ұлт аспаптары да қойылған.
Ұлтымыздың ұлылығын айқындайтын «Ұлы даланың жеті қыры» атты безендірілген көріністе Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны бейнеленген. Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы болғандығы, бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келе жатқандығын мақтанышпен айтуға болады.
Жеті деген қазақ үшін қасиетті сан. Бүгінгі жас буын «Міне, біздерде мынадай бар!» деп, өз Отанының тарихы мен мәдениетін мақтаныш етіп, сүйе білуі тиіс. Осы орайда қабырғаға кең түрде түсінік бере ілінген жеті керемет: Оғыландыдағы Бекет-Ата жерасты мешіті, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран қалашығы, Қаратау жотасы, Қазақстандағы ең терең Қарақия ойпаты, Шерқала, Астанадағы Бәйтерек монументі. Бұлардың қайсысы болса да, мүсін және сурет өнерінің теңдесі жоқ тамаша үлгілері. Бұлар әлемдік тұрғыдан алғандағы ұғымдар, ал енді әр елдің мақтанышына, символына айналған кереметтер деп білдік.
Туысқан елдер достастығын көрсететін «Ер бірлігі – ең асыл қасиет» атты бұрышта әр ұлттың киім кию ерекшеліктері мен тулары орналасқан. Татулық пен бірлікті, бейбіт өмір ынтымақты тірлікті қалаған ұлтымыздың бұл да бір ерекшелігі ұрпақтарға жалғасады деген нық сеніммен осылай ақпарат берілген.
Осы екінші қабаттың сол жағында «Қолөнер – алтын қазына» атты тақырыпқа сай безендірілген дәлізде көркем сурет және еңбек пәні мұғалімдерінің шебер қолдарынан шыққан және осы ұстаздар бағыт беріп, дайындаған оқушылардың үздік туындылары қойылған. Живопись, графика және мүсін өнерінен көріністер. Қабырғада киізге және теріні өңдеу арқылы салынған суреттер. Мұндағы мақсат біреу – халықтың шығармашылық рухынан туған талай сұлу дүниелерсіз, өнер әлемінсіз қандай мәдениеттің болсын рухын сезіне алмайсыз. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі – оның әсемдікке, сұлулыққа ұмтылуы.
Ұлтымыздың жеті кереметі қатарына енген, материалдық, рухани, ұлттық байлығымыз – КИІЗ ҮЙ. Міне, киіз үй макеті ішінде адам баласы тұтынуға қажетті самаурын, көсеу, мосы, дөңгелек ас үстелі, ыдыс-аяқ, көрпе-төсек, сандық, жүк аяқ, жастық ағаш секілді дүние-мүліктер жинақталған. Ұлттық нақыштармен безендіріліп, айрықша көз тартатын көріністен қазақ халқының ежелден қалыптасқан, түп тамыры тереңнен тартылған тума төл мәдениеті бар, ол мәдениеттің өзіндік даму жолы, талай ғасырлар бойғы өз тарихы бар екендігін айрықша айқындайтындығына куә.
Одан әрі ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдарын дайындайтын құралдар еңбек процесімен байланыса көрсетілген. Көрнекілік ретінде дайындап қойған тоқылып жатырған өрмек пен шиге қарап, қайнап жатқан қызу еңбектің бағасын көрсету – біздегі мақсат.
Алтыбақан – жастарды ептілікке, тапқырлыққа, өнерге бейімдейтін қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Әдемі үйлесіммен орналасқан көріністер арқылы көз алдарыңызға қазақтың этнографиялық ерекшелігінен, салт-дәстүрінен, мәдениетінен, тарихынан бір үзік фрагменттер әкелетін дәліздегі асқан ұқыптылықпен, талғаммен орайласа жинақталған дәліз әсері көрген жанды тамаша әлемге жетелейді.
Үшінші қабаттағы «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жасақталған бұрыштан үзіліс кезінде оқушылар өздеріне ұнаған кітапты алып, сыныптастарымен оқып, қажетті деректерді алуға мүмкіндік жасалған. Бұрыштың дәл жанында электронды кітаптарды қалаған уақытында QR “Quick Response — Шұғыл жауап” – бұл мобильді телефонның камерасы арқылы жылдам тану үшін ақпарат беретін, екі өлшемді (бар код) штрих-код. QR-кодтың көмегімен кез-келген ақпаратты кодтауға болады.
Білім алушы тұлғаны қалыптастыру – оқытудың басты мақсаты екендігін көрсетіп тұрған кітап сөресі қойылған бұрыштың атқарар жауапкершілігі орасан зор. Кітап – адамға рухани әсер ететін ерекше күштің иесі. Үзіліс сайын топырлап, сөре жанында қолдарына кітап ұстап алып, пікірлесіп тұрған оқушыларды көріп, көңіл толып, көз қуанады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы тақырыбына орай көлемді-кеңістікті декорацияларда қолданған кескіндемелердің өзі айрықша назар аудартады. Дәліздің осы тұсына келген әрбір жан рухани қажетін кедергісіз тауып, толық психологиялық тұрғыдан жайлы атмосфераны сезінуіне бар мүмкіндік жасалған десек артық емес.
Қазіргі нарықтық талаптар жетістігін де ескеріп, мектеп ғимаратын заманауи үлгіде жасақтап, оның білім беру, сабақ өткізу үдерісімен жымдаса байланысуын қадағалай отырып, ұйымдастырушы құрамға жауапкершілік жүктегеннің нәтижесінде Ақшұқыр мектеп-лицейі 2015, 2020, 2022 жылдары, яки 3 рет жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындысында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Үздік ауыл мектебі» аталымына ие болды. Дәл сол жылы Маңғыстау облысының білім басқармасының «Үздік олимпиадалық мектеп», 2018 жылы «Үздік ауыл мектебі» аталымдарымен марапатталды. 2015-2016 оқу жылындағы ҰБТ қорытындысында Түпқараған ауданы әкімінің «Үздік мектеп» атағын иеленді. 2016-2017 оқу жылы қорытындысы бойынша «Үздік мектеп-лицейі» аталымын жеңіп алып, Маңғыстау облысы әкімдігінің ақшалай сыйлығына ие болды. Осы жылы Халықаралық экология және инженерия ғылым академиясының «Самая образцовая школа» атағын иемденді. 2016 жылдың қараша айында Ақшұқыр мектеп-лицейі Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясына мүшелікке тіркелді. 2017 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын жеңіп алды.
Бұл орайда, мектеп ұстаздарының еңбегін атап өтпеске болмас. Қазіргі таңда мектебімізде 14 шебер-педагог, 25 зерттеуші, 18 сарапшы және 29 педагог-модератор абыройлы қызмет атқаруда. Сонымен қатар ҰБТ қорытындысы бойынша облыстағы «Үздік 10 мектептің» қатарынан үздіксіз орын алып келе жатқандығын да айрықша айта кеткен жөн. Республикалық «Үздік педагог» номинациясын иеленген Кадирова А.А., Мухашева А.Л., Жауперова Ш.Б., Айманов Б.С. әріптестерімнің есімдерін мақтанышпен айта аламын. Білім алушыларды жан-жақты, дарынды болуына ықпал ететін «Оқуға құштар мектеп», «Балалар және театр», «Дебат» жобасы бойынша қызу жұмыс жасап, дарынды шәкірттеріміз талай республикалық додаларда топ жарып келеді. Айталық, Мухашева Айсұлу бастаған топ театрландырылған қойылымнан облыстық сайыстарда бас жүлде иеленіп, республика көлемінде оқушыларымыз талантымен танылып жүр. Жас та болса бас болған Жүсіп Айгүл дебат алаңында шәкірттерімізді сақа тастай дайындап, республикаға жолдама алды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен түрлі саладағы байқаулардан қанжығасы майлы оралатын шәкірттердің артында тақымын қысып, бар күш-жігерін, білімін сарп етіп жатқан мектебіміздің мықты мамандары Кадирова А., Қартбаева Г., Айманов Б., Ванова Б., Мухашева А., Жангакбаева К., Ешманова Ж., Сейдахметова А., Досекен Н., Жаңабергенова М., Ишбатыров Ө., Каниев М., Асанғалиев Ә., Туркменбаев А., Акбаева З., Калиева Г. сынды ұстаздардың ортасында басшылық етудің өзі үлкен абырой деп білемін. Алдына келген шәкірттерін біліммен сусындатып қана қоймай, жан-жақты дамуына мүмкіндік жасап, үздіксіз ізденісінің нәтижесінде облыстық «Үздік сынып жетекші», «Маңғыстау облысының Білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Жаңабергенова Мейрамгүлдің болашағынан зор үміт күтемін. Жолын қуып, артын жалғайтын жас мамандардың да жеткен жетістіктері көз қуантарлық.
Ақшұқыр мектеп-лицейінің жетістіктері жергілікті «Маңғыстау», «Хабар-24», 31- телеарналар және әлеуметтік желілер: фейсбук, хэчтег және мектебіміздің өз веб-сайты арқылы таратылып тұрады. Республикалық «Қазақстанның табысты мектебі» жинағы, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газеті және «Тағылым», «Қазақ білімі» журналы мен мектептің бес жылдағы жетістіктері «Маңғыстау мұғалімі» газеті арқылы таратылды. Мектепте өтетін барлық шаралар мен жетістіктер үнемі ютуб, фейсбук желілер арқылы ұдайы жарияланып отырады.
Факультативтік сабақтарды ұйымдастыру, жаратылыстану бағытындағы пәндерді үштілде оқыту атты облыстық семинары, Қазақ елінің құрылғанына 550 жыл толу мерейтойына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Облыстық «Табиғатпен үндес мектеп» атты семинарда облыстағы аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аудандық білім бөлімдерінің басшылары біздің мектепте бас қосты.
2015 жылы Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Алик Айдарбаев, 2017 жылы Ералы Тоғжанов білім беру ұйымына ат басын тіреп, мектеп ұжымымен жүздесіп, оқушылармен кездесті. Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев, ақын, сәулетші, драматург Сайын Назарбекұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Айтуар Өтегенов, филология ғылымдарының кандидаты Жанбибі Дүйсенбаева, өңірдегі балалар әдебиетінің атасы, ақын, сазгер Көмек Ыбыраев, математик, өнертапқыш, сазгер Қуантқан Ванов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Рза Оңғарбай, тағы басқа өнегелі тұлғалар ұйысқан ұжымда қонақта болып, оқушыларды танымдық біліммен, рухани азықпен сусындата түсті.
Әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу, баланы уақыт талабына қарай икемдеп, санасына өз заманының озық өнегесін сіңіре білу, шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – ұстаздың парызы. Бұл парыздың жүгі қаншалықты ауыр болса да, біз таңдаған жолда ел болашағын тәрбиелейтін, мәдениет пен білімнің қайнарымен сусындататын орданың бір бөлшегі екенімізді жан-тәнімізбен түйсінеміз. Сол жолда ары қарайда тынымсыз еңбек етіп, ел үшін, ұлт болашағы үшін аянбай қызмет қыламыз. Білікті ұстаздар мен білімді өрендер барда бәсекеге қабірлеттілік бәсеңдемек емес!
Тілеубаева Қаламқас Қалиқызы,
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы,
Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры,
ҚР білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин, Ерен еңбегі төсбелгілерінің және «Жыл мұғалімі», «Жыл тұлғасы» номинацияларының иегері