Білім күні болашаққа бастасын!
Желкілдеп өскен жас құрақтай қымбатты балаларым!
Жаңа оқу жылы құтты болсын! Бұл оқу жылы жаңаша ізденіс, тың қарқын, соны серпіліске толы болсын!
Білім күні сендерді жарқын болашаққа, биік белестерге бастап, мерейлеріңді өсірсін!
Мен үшін мектептің орны бөлек. Себебі еңбек жолымды Ұлы Отан соғысы қарсаңында, 16 жасымда бастауыма тура келді. 1940 жылы Ақтөбе облысының Алға стансасындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі, 1942 жылы Темір қаласындағы орта мектепте мұғалім, 1943 жылы Темір қаласындағы педучилищенің оқытушысы, 1944 жылы Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектептің оқу ісі меңгерушісі болып қызмет еттім. Ғалым ретінде қалыптасуым үшін де мұғалімдік қызметтің әсері ерекше болды. Мектеп қажетін өтеу үшін «Әліппе», «Қазақ тілі» оқу құралын, қазақ тілі бойынша оқу бағдарламаларын құрастыру ісіне де атсалыстым. Сондықтан ұлттық мектептің болашағына ешқашан енжар қарай алмаймын.
Ұлттық мектептің тірегі – қазақ тілінде десек, ата-бабамыздан мәңгілік мұра ретінде жеткен осы әсем де сұлу, кестелі тілімізді бағалап, сөздерді қиюластырып, үндестіріп, дұрыс айтуға, қатесіз, сауатты жазуға дағдыланыңдар дегім келеді. Ол үшін ертегі, өлең, жыр, мақал-мәтелдерді топтастырған қазақтың ауыз әдебиет үлгілерінен бастап, би-шешендердің сөздері, жыраулар поэзиясы, кейінгі ақын-жазушыларымыздың мол мұрасымен сусындаудан ғибрат алыңдар. Ой-өрістеріңді кеңейте беріңдер, талғамдарыңды арттырып, сындарлы да әсем тіліміздің шұрайын, мәйегін бағалай біліңдер. Ұлтымыздың тілі мен әдебиетін, тарихы мен мәдениетін қадірлеп,мақтан етіңдер демекпін.
«Мектеп – кеме, білім – теңіз» дегендей, өмір айдынында әрдайым талап-танып, тынбай іздене беріңдер!
Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық,
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Түркиядағы Халықаралық «Turk dil kurumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор.