Білген жақсы

Мәдени мұра

Біздің қазақ халқы малдың терісінен, қарынынан түрлі ыдыстар жасап, оны күнделікті тұрмыста пайдаланған. Сирек те болса ағаш ыдыстарды тұтынған. Кепкен бүйенді ұқсатып пайдаланып, онда сары май, айран, ет, жент сияқты тағамдарды сақтаған. Майсауыт деген де ағаш ыдысы болған. Ата-бабалардың ғасырлар бойы пайдаланған бұл ыдыстарын бүгінгі ұрпағының біліп өскені абзал.

Автордан

Таңатар Дәрелұлы
1954 жылы 18 наурызда Атырау облысының Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Құрманғазы ауданының «Серпер» газетінде ұзақ жыл бас редактор болған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. «Құрмет» орденінің иегері. Оншақты өлең кітабы жарық көрген. Қазіргі уақытта зейнет демалысында.

Көне ыдыстар

Біле білсең өнеге,
Көтеретін төбеңе.
Ішек пен тері, қарыннан,
Ыдыстар бар көнеден.

Сусын құйып ұсынған,
Емес те олар қысылған.
Аяқ, табақ жоқ кезде,
Ата-баба тұтынған.

 

Бүйен

Тірлік кешкен біз қазақ,
Төрт түлікке сүйеніп.
Сары май салса тым ғажап,
Ыдыс малдың бүйені.

Әжеміз не анамыз,
Сары май онда сақтайды.
Дәмін татып қараңыз,
Қатып, семіп жатпайды.

Жанторсық

Құрса бірге серілік,
Сусын құй да, бер іліп.
Жолаушының жанында
Жүретұғын тері ыдыс.

Жуаз

Тұтынған ел қашаннан,
Қалмай жылдар қатардан.
Май шайқайтын бұл ыдыс,
Мықты ағаштан жасалған.

 

Қарын

Баяндайды анығын,
Ұлы мекен, қай жақ та,
Бұзау, қойдың қарынын,
Ыдыс еткен май сақтап.

 

Аяқ

Еліміздің басынан,
Өткен заман, түрлі тұс.
Тұтыныпты асына,
Шағын ғана сырлы ыдыс.

Аяққап

Ыдыстарды жиі іздеп,
Демейді екен: қай жақта?
Былғарыдан, киізден,
Жасалады аяққап.
Тұрар сонда бар ыдыс,
Өз міндетін аяқтап.

 

Астау

Табағыңнан үлкен де,
Ағаш ыдыс ұзынша.
Қайта енгізді бүгінде,
Қолданысқа біздің шақ.

 

Бақыраш

Жинағанға түгендеп,
Орыны бар тым биік.
Темір ыдыс бұл енді,
Алатұғын су құйып.

 

Саба

Саба жасап балқымыз,
Ашытыпты бабалар.
Қазағыңның тым үздік,
Дәстүрі бұл бағалар.

Тұтас малдың терісі,
Тіпті кетер бес тері.
Тұтыныпты ел іші,
Қонақ жайын ескеріп.

Мұны деме көп жалған,
Көрінісі көзді арбар.
«Бес биенің сабасы»,
«Тай жүзгендей» сөз қалған.

 

Майсауыт

Шығарды деп қай зауыт,
Таңданарсың балақай.
Ағаш ыдыс Майсауыт,
Шебер жасар, тамаша-ай.

Білуге оны жүр асық,
Дей көрме тек жат маған.
Ата-баба мұрасы,
Сары май, қаймақ сақтаған.

 

Сүйретпе

Әйгілер бәрін ел іші,
Заманның емес берісі,
Ашытар қымыз бұл ыдыс,
Ақ түйенің мойын терісі.

 

Торсық

Бұл да бір игі іс атадан,
Түсірме жерге ту сынды.
Теріні ыстап жасаған,
Құю үшін сусынды.

 

Талыс

Жылқының бас терісі,
Сылынып алып тасталып.
Кептіріп тігер енді ішін,
Қояды сосын зат салып.

 

Мес

Местегі қымызды ішкен ел,
Деген ғой бойға күш келер.
Бітеу сойылған ешкінің,
Терісінен істелер.

 

Қауға

Болумен мал-жан бар қамы,
Салмаған кеңге арқаны.
Тері шелек бұл қауға,
Құдықтан суды тартады.

 

Көнек

Көн теріден жасалып,
Көнек атын алыпты.
Әп-әдемі қашалып,
Шүмек оған салыпты.

Мейлі түссін ауыр сәт,
Бұзылмайды, сынбайды.
Көнек көнген сауылса,
Бие сүті тынбай бір.

ПІКІР ЖАЗУ