Бет қаратпаған Бейбіт
Қазақстандық кəсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов АҚШ-та WBA (Бүкілəлемдік бокс қауымдастығы) тұжырымы бойынша əлем чемпионы атағын қорғап қалды. Алтын белдік үшін өткен 12 раундтық жекпе-жекте жерлесіміз украиналық Вячеслав Узелковпен қолғап түйістірген болатын.
Осы айқастың қарсаңында кəсіпқой рингте бірде-бір рет жеңіліп көрмеген Узелков «Бейбіттің осал тұсы – тəжірибесіздігі» деген екен. Иə, украин боксшысы Шүменовпен салыстырғанда, əлдеқайда тəжірибелі еді. Ол кəсіпқойлар арасында 22 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңген (оның 14-і нокаут) болатын. Ал біздің жерлесіміз бар болғаны тоғыз бəсекеге қатысып, сегізінде жеңген (алтауы нокаут), бір рет жеңілген. Соған қарамастан алтын белдік иегері Бейбіт тəжірибеден гөрі шеберлікке иек артып, маңызды жеңіске жеткен. Барлық үш төреші де үшінші раундтан бастап, қарсыласын бет қаратпаған Бейбітті жеңімпаз деп тапты.