«Бестемше» ұлттық ойын

Бүгінгі таңда өскелең ұрпаққа білім мен тəрбие берудегі басты міндеттердің бірі – ұлтжанды, елін сүйетін, халық дəстүрін құрметтейтін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен азамат тəрбиелеу болып табылатыны анық. Ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңірудің бір жолы – халқымыздың бай ұлттық мұрасын, оның ішінде ұлттық ойындарды насихаттау болып табылады. Ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында балабақша балаларына “Бестемше” ойынын үйретуді, сол арқылы ұлттық ойындарға деген қызығушылықтарын арттыруды қарастырылған. Бестемше – тоғызқұмалақтың жеңіл, жеткіншек балаларға арналған түрі. Ол баланы логикалық ойлауға үйретіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге бейімдейді.

 

Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен №5 «Ақбота» балабақшасында мемлекеттік балабақшалардағы тәрбиешілер арасында «Бестемше» ұлттық ойынынан «Зияткер педагог» атты қалалық жарыс өтті.
Ұлттық жарыстың салтанатты ашылуында Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Дидар Дулатұлы сөз сөйлеп, жас ұрпақты тәрбиелеуге ат салысып, ұлттық ойынды жаңғыртуға қолдау білдіріп қатысып жатқан тәрбиешілерге алғыс білдірді.
Бестемше ойыны елімізде және шет елдерде кеңінен таралып, балабақша және мектеп бағдарламаларына енуі ұлттық ойынның бала тәрбиесінде алатын орны мен маңызына байланысты болып отыр. Айта кету қажет Астана қаласының балабақшалары еліміз бойынша бірінші болып бестемше ойынын балабақша бағдарламасына енгізген.
«Бүгін біздің балабақшамызда «Бестемше» ұлттық ойыны кең көлемде өткізіліп отыр. Өткен жылы ұйымдастырылған қалалық жарысқа 16 педагог қатысты. Осы жылы 80 педагогтен өтініш келіп түсіп, ішінен 60-ын іріктеп алдық», — дейді ұлттық ойынды өткізіп жатқан № 5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Айтқалиқызы.
Жыл сайын жаңғырып, үлкен адам тұрмақ, баланың қызығушылығын арттырған бестемше ойынын №5 «Ақбота» балабақшасы өткен жылы жан-жақты зерттеу жүргізіп, Түркия еліне апарып екі жақты меморандумға отырды. Қазіргі кезде Түркия елінің мектеп оқушылары да бестемше ойынын ойнайды.
Жарты күнге созылған зияткер жарыста алпыс педагог ішінен төрт балабақшаның тәрбиешілері озып шығып жеңімпаз атанып, республикалық сайысқа жолдама алды.
І орын – Дана Бабиева, Астана қаласы әкімдігінің №78 «Асыл» балабақшасының тәрбиешісі;
ІІ орын – Ғалия Ғазизова, Астана қаласы әкімдігінің №25 «Таңшолпан» балабақшасының тәрбиешісі;
ІІІ орын – Аягөз Дүйсенбай, Астана қаласының №65 «Бал бала» балабақшасының тәрбиешісі; Таңшолпан Рақмет №5 «Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі.
Бестемше ойынын тоғызқұмалақ ойынын үйренудің алғашқы сатысы деп таныстырсақ та болады. Ұлттық ойындарымыздың тарихы 4 мыңжылдық кезеңді қамтығанымен, нақты жазба деректерінің болмауынан ойын-ның хронологиялық кезеңдері бірізді емес. Ауыз әдебиеті үлгілері мен аңыз-әпсаналарда ғана тоғызқұмалақ туралы мәліметтер бар, ал бестемше туралы ақпарат жоқ. Ең алғашқы жазба әдебиет үлгісі ретінде Махмуд Қашғаридің «Диуани луғат-ат турк» шығармасын айтуға болады. Шығарма ХІ ғасырда жазылған. Осы еңбекте бестемше ойынына ұқсас ойын – «көшүрме» деген атпен ұшырайды. Бестемше – тоғызқұмалақ ойындарының шағын түрі, әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойыны.
Ойынның ережелері өте қарапайым түрде құрылған. Біздің көшпенді ата-бабаларымыздың болмысын саралап, пайымдап өздерінің көзқарастарын осы ережелерге сыйдырып бере білген. Бұл ойында тоғызқұмалақ ойыны секілді оңнан бастап жүріс жасайды. Ойында өзіңнің жағыңнан, өзіңе тиесілі тоғыз немесе бес отаудан, өз отауыңнан құмалақ алмайсың, осы ережесі халқымыздың салт дәстүрімен тікелей байланысты.
Бестемше ойыны – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл ойынның басты қасиеті – жеке тұлғаның сана сезімін жетілдіруге, ақыл-ойын кемелдендіруге ерекше күш салады. Ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын халқымыз жасөспірімнің дене күшінің мол болуымен қатар, ақылды болуына да көп мән берген.

Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ