БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ

Алматы облысының Талғар ауданындағы Байбұлақ ауылында тұратын Алмасбек НҰҒМАН мен Арайлым ТҮГЕЛБАЙҚЫЗЫН құт қонған, ынтымағы ұйысқан отбасы ретінде танимын. Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің директоры Алмасбек Нұғман Алматы облысының Кеген ауданы, Шырғанақ ауылында 1978 жылы дүниеге келген. Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дің инженер-механик мамандығын аяқтапты. Алмасбек ағаның қазақтың болмысымен, салт-дәстүрімен өмір сүретін ұлағатты жан екенін баса айтқым келеді. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген сөзді өмірлік бағдар етіп ұстайтын азамат спортты жақсы көреді, кір тасын көтереді, қол күрестіреді. Ол кісімен сөйлесу барысында елге, халыққа деген ықыласын, ұлт болашағы үшін қызметін түсіндім. «Әуелі бала өзінің қазақ екенін білуі керек. Тілге шорқақ, ділге таяз ұрпақ қалыптасып келеді. Салт-дәстүр, ізеттілік, инабаттылықты бойына сіңіруіміз керек. Әке-шешесін сыйламаған бала ұлтты, елді, халықты да сүймейді. Балаларға фильм, мультфильмдерді ұлттық дәстүрде түсіріп, халықтық, елдік мұратта тәрбиелеуіміз керек», — деген сөздері көкейіме қонды.
Әкесі Нөкербан Нұғманұлы марқұм өңірге белгілі азамат, дәрігер болыпты. Алмасбек аға әкесінің мынандай сөздерін ұл-қыздарына үнемі айтып отырады:
Бүркітші қомпаңдайды қарақұста,
Көрсеткен екеуіне бірдей нұсқа.
Бүркіттің алатыны қасқыр, түлкі,
Қарақұс жемтік жеуге тіпті-ақ ұста.

Қояннан қасқыр туып қой жемейді,
Кейбір ауыл тентекке қой демейді.
Қойторы қойға жетпес жүйріксініп,
Алдымды орағытып, бой бермейді.

Орманымен тау сәнді,
Бұлбұлымен бау сәнді.
Суыменен жер сәнді,
Еріменен Ел сәнді.

Шолақ дүние өтеді,
Бір-ақ тұтам ырғайдай.
Көңілді өткіз өмірді,
Ажал да байқап тұрғандай.
Ажал қуып жеткенде,
Бір минут мұрсат бермейді,
Арт жаққа мойын бұрғандай.
Ұрпақтары Нөкербан Нұғманұлының осындай өсиет сөздерін өмірлік ұстаным ретінде ұстанып, басшылыққа алып келеді.
Алмасбек ағаның анасы Тұрсынхан Сыдықбекқызы Кеңес одағының батыр анасы, Қазақстанның Алтын алқа иегері. Он үш баланың аяулы анасы, елу шақты немере мен жиырмадай шөберенің әжесі болған ардақты жан өмірден озғанша ұрпақтың ақылшысы, қазынасы болған. Бүгінде Нөкербан ата мен Тұрсынхан әжені ұрпағы сағынып, оларды ұмытпай, қабірлеріне жиі барып, құран оқып, дұға бағыштап тұрады. Ол кісілердің жақсы аттарына дақ түсірмеу үшін ұрпақтары үнемі алға талпынып, адалдық пен еңбекқорлықты, әділдікті ту етіп ұстауда. Сол ардақты жандардың ізін, жолын ары қарай жалғауда.
Алмасбек ағаның жары Арайлым Түгелбайқызының туған жері – Жезқазған өңірінің Ұлытау ауданы. Тарих, география пәнінің мұғалімі.
Алмасбек аға мен Арайлым тәте балаларына жақсы тәлім-тәрбие беріп, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай туғызып келеді. Отбасының тұңғышы Ержомарт НӨКЕРБАН Алматы энергетика және байланыс университетінің жылу энергетикасы факультетінде 1-курста оқиды. Таэквондодан түрлі жетістіктерге жетіп жүрген Ержомарт кішкене күнінен спортты жақсы көреді екен. Сонымен қатар көркем сөз оқуды ұнататын ол Махамбет, Ілияс Жансүгірұлы оқуларының жүлдегері.
Алмасбек аға мен Арайлым тәтенің қызы Балжан болса Талғар қаласындағы А.Байтұрсыұлы атындағы №7-мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы. Математика, ағылшын тілін жақсы көреді. Математикадан түрлі сайыстарға қатысып, жүлдегер атанып жүр. ҰБТ тапсыруға дайындық жасап жүрген Балжан математика мен георафия пәндерін таңдапты. Балжанның жоспарларымен танысқан соң оған сәттілік тіледік.
Рахима да осы мектеп-лицейдің 6-сыныбында оқиды. Спортты ұнатады. Таэквондодан көптеген жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Таэквондо федерациясының мүшесі. Сонымен бірге Рахима биге де қатысады. Оның бұл ұмтылысы мен қабылеттеріне сүйсіне қарап, жақсы тілектерімізді арнадық.
Жанайым деген қыз да Алмасбек аға мен Арайлым тәтенің үмітін ақтап, сабағын жақсы оқып келе жатыр екен. Жоғарыда айтқан мектеп-лицейдің 3-сынып оқушысы. Бимен айналысатын ол Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты. Ағасы мен әпкелеріндей Жанайымның да көптеген дипломдары мен грамоталары бар.
Отбасының кішісі Дінмұхамет қазір төрт айда. Ол да болашақта атына заты сай азамат болсын деп журналымыздың бас редакторы, ақын Саят ҚАМШЫГЕР редакция ұжымының атынан тілегін білдірді.
Алмасбек аға сөйлескен кезімізде: «Жалынды жастығын пайдасы жоқ мастықпен алмастырып алған азамат бар өмірінің ең маңызды кезеңін бос өткізген болып есептеледі», — деді. Ұлтжанды, отансүйгіш азаматтың: «Мемлекетіміз мықты болуы үшін балалардың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек», — деген сөзі жүрегіме жетіп, көңілімнен орын алды.
Бұл отбасымен танысуға барғанымызда қоян, тауық, қаз, мысық асырайтындарын көрдік. Оларға Ержомарт пен Балжан, Рахима мен Жанайым қарайды екен. Балалардың мейірімін оятып, жан-жануарларға деген сүйіспеншіліктерін дамытуда мұның маңызы зор екенін ет жүрегіммен сезіндім. Берекелі шаңырақтан – ата мен әже, әке мен ананың тәрбиесінен бастау алған отбасынан еңсеміз тіктеліп, Рухымыз аспандап қайттық. Жас оқырмандарымызға үлгі-өнеге болсын деп осыны жазған жайым бар.

Жасұлан САЙЛАУБЕК, жас тілші, Алматы облысы

ПІКІР ЖАЗУ