Бегім ана

Арал теңізінің жағасында Қаратарең ауылы бар. Ауылдан 30 шақырым оңтүстік-шығысында «Бегім ана» мазары орналасқан. Көпшілік бұл орынды «Бегім ана» мазары, «Бегім Ана» кесенесі, мұнарасы деп те атайды. Қалай айтсақ та, тарихи орынға 10 ғасырдан бері талай адам бас иіп, дұға бағыштауда. 1979 жылы мұнараның құжаты жасалынып, Республикалық маңызы бар қорғау аймағы белгіленген архитектуралық ескерткіш санатына қосылды.
Бегім Ана — аңыз бойынша оғыз-қыпшақ заманында батыр әрі діндар болған Қарабура әулиенің қызы делінеді. Салжұқ мемлекетінің ханы Санжардың әйелі. ХІ-ғасыр тұсында Мәлік шахтың патшалық құрған шағында салжұқтар елі жақсы өмір сүрген екен. Мәлік шах дүниеден озғаннан соң, орнына ұлы Санжар отырады. Санжар астанасын Хорасаннан көшіріп, Сыр бойындағы Жанкентке ауыстырады. Шаһарды мықты бекініске айналдырады. Санжар аң аулап, сейіл құрғанды ұнатады екен. Сондай бір аңшылықта Созақ маңында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегімге үйленеді. Бегімнің ақылына көркі сай қыз болады.
Бірде Санжар патша аңға шығады. Үйінен ұзап кеткенде қанжарын ұмытып кеткені есіне түседі. Өзі баруға ерініп, құлын жұмсайды. Үйге келген құлға Бегім есіктен білегін шығара қанжарды ұсынады. Оның сүттей әппақ білегін көрген құл бейшара есінен танып, ұзақ тұрып қалады. Бегім ана есікті жапқанда ғана құл есін жия сала патшаға қарай шабады. Ұзақ күткен патша өте ашулы екен. Мұны көре сала айқайға басады. Өзін құтқару үшін құл:
— Сіздің әйеліңіз білегімнен ұстап жібермей қойды, — деп өтірік айтып, ханымға жала жабады.
Патша дереу кері шабады. Үйіне келе сала мәселенің анық-қанығына жетпестен қара байыр құлға сеніп, патша дереу Бегімнің оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп, зынданға тастайды. Патша қаһарынан қорыққан бірде-бір адам жаны ауырған Бегім анаға көмектесе алмайды. Жылай-жылай әбден таусылған ана ұйықтап кетеді.
Түсіне әкесі Қарабура әулие кіреді:
— Қызым, адал болсаң, Алла тағала тән жараңды да, жан жараңды да жазады. Кінәлі болсаң, сол күйіңде өлесің, — дейді.
— Құдай атымен ант етемін, атажан, мен ақпын. Санжарға қиянат жасасам, Тәңірі өмірімді қысқартсын, — дейді жалынып.
Қарабура әулие күйеубаласы Санжардың түсіне де кіреді.
— Сен де менің балам едің. Істің ақ-қарасын анықтамай, қызыма кешірілмес қиянат жасасаң, шаһарыңды жылан жұтсын, — деп теріс батасын береді де ғайып болады.
Ұйқысынан шошып оянған хан дереу зынданға уәзірлерін жібереді. Олар келсе, Бегім Ана сол қалпында отыр екен. Мұны естіген хан қатты сасады. Сол үреймен кеш батады. Іңір уақытында аспаннан ағылған бір мес дәл шаһардың ортасына түсіп, жарылады. Ішінен жыбырлап шыққан жыландар адамдарды тырп еткізбей шағып өлтіреді. Жыланның көптігі сондай, шаһарда тірі жан қалдырмапты. Санжар да ит өліммен өліпті делінеді аңызда.
Бегім сұлу зынданнан құс болып ұшып шығып, «Бегім Ана» белгісін салдырып, қалған өмірін сол мұнараның ішінде өткізеді. Кесене ХШ-ғасырда салынған.
Бегім Ана — баршамыз үшін өнеге болар есім. Ол — адалдықтың, пәктік пен ар тазалығының символына айналған есім.
Қарагөз ЖҰБАЕВА,
№ 82 мектептің түлегі,
Қызылорда облысы.

ПІКІР ЖАЗУ