Бауыржан Момышұлы: Қазақ Үркерге қарап ауа райын болжаған

Тілімізде, салт-дәстүрімізде, мақал-мәтелдерде, дінімізде, ертегі-аңыздарда «жетімен» байланысты сөздер толып жатыр. Әрқайсысы жеке мағына береді. Неге басқа сандармен емес, неге жетімен жұптасып жиі айтылады? «Жетілік ұғымды қазақ қана қолданып қоймай, дүниежүзі халықтары неге қасиеттейді? Өйткені «жеті» жаратылыс –болмыстың нақты санынан шыққан, сондықтан киелі. Есте жоқ ескі дәуірден бері дүниені тігінен алып үшке бөледі. Жоғарғы әлем – аспан, ортаңғы әлем – жер, төменгі әлем – жер асты. Ал көлденеңінен – шығыс, батыс, терістік, түстік, оқулықтардың тілімен айтсақ, күншығыс, күнбатыс, солтүстік, оңтүстік деп бөлінеді. «Төрт құбыла» дегеніміз – осы. Міне, осы тігінен – үш, көлденеңінен төрттің қосындысынан «жеті ғалам» шығады. Бұл «дүниежүзі», «бүкіл әлем» дегенді білдіреді. Тұтас әлем жаратылысы жеті санымен бірігіп тұрғандықтан осылай қасиеттейді. Осыған орай өзге де «жетілік ұғымдар» пайда болған.
Басқа халықтардағы секілді атам заманнан тілімізге, таным-нанымға сіңіп кеткен «жеті қат жер», «жеті қат көк» дейтін түсініктер бар. Екеуі бір-бірімен үндес, ұйқасы жағынан да ұқсайды. Ауызекі тілімізде «жеті қат жер астын іздесең де, жоқ», «жеті қабат жерден іздесең де, тап» деген секілді орындалуы оңай емес, табылуы қиын нәрсе туралы салыстырмалы мағынада қолдана береді. «Жеті қат жерді» бала кезімдегі естігенімше айтсам, олар мыналар – жер, көк өгіз, қара тас, қос балық, су, жылан, тұңғиық. Еш нәрсе себепсіз шықпайды, ертедегі адамдар әлдебір дерекке, нақты ұғымға сүйеніп айтқан болуы керек немесе жұмбақтап баламасын беруі де мүмкін. Алайда әлем жаратылғалы не заман, бәрі ұмытылған. Әсілінде, аспан әлеміне қарағанда жерасты құпиялары әлі терең зерттелмеген. Жер қыртыстары, жерасты қазба байлықтары, жерасты сулары туралы жинақталған ілім-білім болғанымен, одан ары қарай не бар екендігі белгісіз, сыры ашылмаған күйі қалып келеді. Бұған қазіргі заман ғылымының шамасы жеткен жоқ. Сондықтан жоғарыдағы айтылған «жеті қат жер» туралы сөзді олар миф дейді, ертегі көреді.
Ал «жеті қат көк» дегеніміз – қарапайым сөйлеу тілімізде заңғар биіктік, шексіз-шетсіз аспан мағынасында айтылып, сандық мәннен ауытқып, бейнелі сөз ретінде қолданыла береді. «Жеті қат көк» – қазақтарда өте ерте дәуірде-ақ мәлім болған аспан денелерінің саны. Олай дейтінім, қазақтар – ұлан-байтақ кең даланы, асқар тауларды, айдынды көлдерді, арналы дарияларды иемденіп, емін-еркін көшіп-қонып тіршілік еткен халық. Сол өмір сүру салтына орай тірлігінің көбін табиғат құшағында өткізгендіктен, өзін айнала қоршаған жаратылыс дүниесі, оның алуан түрлі құбылыстарының қыры мен сырын білуі қажеттіліктен туған. Дүниедегі барлық болмыс-тіршілік белгілі бір ырғақ ережесіне бағынып тұрғанын, өмірде барлығы қайталанып келетінін бақылап, содан тәжірибе жинаған. Жыл мезгілдерінің айналып келуі, айдың жаңалануы, күнді түннің алмастыруы, жұлдыз қозғалысының жерге әсері, жалпы аспан әлемін табиғи зеректікпен зерттеу нәтижесінде астрономиялық білім қалыптастырған деуге болады.
Жұлдыздарға қойған аттарының өзі – қазақтың ұғымына түсінікті, тілінде бар байырғы сөздер. Ақбозат, Көкбозат, Темірқазық, Үш арқар, Жетіқарақшы, Үркер, Таразы, Қос жұлдыз, Шідер жұлдыз сияқты тағы басқа жұлдыз атауларының тек қазаққа тән екені көрініп тұр ғой. Сол секілді Құс жолы, Құйрықты жұлдыз, Ақпа жұлдыз, жеті түстен тұратын кемпірқосақ жайлы да жақсы білген. Жалпы, қазақ қауымы аспандағы негізгі планеталарды түгелге жуық таныған. Кез келген малшы Темірқазыққа қарап, бағыт-бағдар белгілеп, Үркерге қарап ауа райын болжаған. Міне, сондықтан да қазақтар «жеті қат көкті» де ертеден білгені даусыз. Оны былайша талдайды: Күн, Ай, Шолпан, Қызыл жұлдыз, Есекқырған, Таңшолпан, Кіші Шолпан, Мүштәрі. Қазақтар «жеті қат көк» деп осыларды айтады. Ал Құранда «Алланың жеті аспанды қабат-қабат жаратқанын көріңіздер. Соның ішінде Айды нұр етті, Күнді шам етті – ұмытпасам, жаңылмасам, «Нұх» сүресінде осылай жазылған дейді. «Мұны қайдан біледі» деп таңғалмаңдар, әкемнің молла Момыш атанғаны бекер деп пе едіңдер.
Қызыл жұлдыз – Марс, Есекқырған – Юпитер, Таңшолпан – Меркурий, Мүштәрі – Сатурн. Кейбіреулер Шолпан мен Таңшолпанды бір жұлдыз деп шатастырады. Бұл екеуі – екі бөлек планета. Шолпанды қазақтар «Сары жұлдыз» деп те атайды. Қазақтар жеті қабат аспанның ар жағында – Ұшпақ, одан кейін Нұр бар деген. Әжелер балаларына немесе немерелеріне ренжігенде әлгі «мені ұшпаққа шығарасың ба» деп жататыны сондықтан. Ол «керемет жақсылық жасап, басымды аспанға жеткізесің бе» дегендей мағынаны білдіреді. Әсілі, қазақта тоғыз саны да киелі саналады. Енді ғылымда жетінші қабат – ионосферадан ешбір тірі орнанизм тесіп өте алмайтын болса, жаңағы Ұшпақ пен Нұрда адамзат шеше алмайтын құпияның көкесі жатыр. Мүмкін Жаратушы ұлы күш әлемді сол жақтан басқаратын болар…

 

ПІКІР ЖАЗУ