Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін қалай дамытуға болады?

Баланың қабілетін дамыту мәселесі өзінің тамырын адамзат тарихының тереңінен алады. Ежелгі грек ғалымы және философы Сократ өз оқушыларының дамуына үнемі қамқорлық жасап отырған. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби адамның ақыл-ойын, қабілетін дамыту арқылы оны бақыт жолына жеткізу мәселесіне арнап бірнеше күрделі еңбек жазған. Ал қазақтың данышпан ұлы, хакім Абай өзінің «45 қара сөзінде» адам баласы жарық дүние есігін ашқан сәттен-ақ өмір сүруге деген құштарлығын, қабілетін ары қарай дамытудың, шыңдаудың маңызы зор екеніне тоқталады. Алаш арысы, қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев та өзінің «Педагогика» атты оқулығында бала қабілетінің даму мәселелерін көтерді. Бала қабілетінің дамуы үшін оның танымын, ақылын, ерік, зейінін қалыптастыру керек екенін жазады.

Баланың шығармашылық қабілетін дамыту мәселесін талдау үшін ең алдымен «қабілет» ұғымының мәнін терең түсініп алу керек. Философияда «қабілетті» тұлғаның белгілі бір әрекетті орындауға жағдай жасайтын жеке ерекшеліктері дей келе, ол қоғамдық тарихи іс-әрекеттердің нәтижесінде қалыптасып, әрі қарай дамып отыратынын атап көрсетеді. Шынында да қабілет дегеніміз не? «Қабілет – іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті», — деп жазды қазақтың тұңғыш психолог-ғалымы Төлеген Тәжібаев. Қабілет – адамның бір іс әрекетті орындауда әртүрлі деңгейде көрінетін жеке қасиеті. Өйткені кез келген адамда ерекше бір көзге түсу қабілеті болады. Яғни, адам неғұрлым қабілетті болса, қай істі де соғұрлым табысты орындап, құрметке ие болады.
Ал бастауыш сынып оқушыларының қабілетін дамыту барысында оның 2 түрлі әрекетте дамитынына көз жеткізуге болады.
Біріншіден: кез келген бала адамзат баласының осы кезге дейінгі жинақтаған тәжірибесін меңгеруге бағытталған оқу әрекеті арқылы дамиды. Білім, білік, дағдыны қабылдайды.
Екіншіден: кез келген оқушы шығармашылық тапсырмаларды орындау арқылы немесе шығармашылық қасиетін таныту арқылы өзінің мүмкіндіктерін дамытады. Оқу әрекетінен, шығармашылық әрекеттің айырмашылығы – баланың өз идеясын жүзеге асыруға, өзін-өзі қалыптастыруға бағытталған жаңа әдіс-тәсілдерді іздеуімен ерекшеленеді. Проблеманы өзінше, жаңаша шешуге талпыныс жасауымен айқындалады.
«Шығармашылық» сөзінің төркіні «шығу», «ойлап табу» деген мағынаны білдіреді. Орыстың көрнекті психологы, нейролингвист Л. С. Выготский «Шығармашылық деп жаңалық ашатын әрекетті» атаған. Шығармашылық – ойлау қабілетінің ең жоғарғы қасиеті. Шығармашылық дегеніміз – адамның өмір шындығында өзін-өзі тануы, ұмтылуы, ізденуі. Шығармашылық, қабілет туралы ежелгі және кейінгі ойшыл, философ немесе психолог ғалымдардың ой-тұжырымдарын оқи отырып, адамзат баласының ойлау қабідетін тәрбиелеуге болатынына көз жеткізуге болады.
Ұстаз ретінде шәкіртіңнің, әсіресе бастауыш сынып оқушыларының әр қайсысы шығармашыл тапсырмаларды шешуді тез меңгеріп кететініне жиі куә боламыз. Кез келген ұстаз бастауыш сынып оқушыларының алғыр, шапшаң болатынын, ештеңені жасырмай, нені болса да ашық, еркін айтатынын және сезімтал екенін жоққа шығармайды. Олар мұғалімнің жетегіне тез ілесіп, үлкендердің ой-пікірлеріне сүйенеді. Сондықтан алдына келген оқушының шығармашылығын дамытуда ұстаз көп еңбек сіңіруі керек. Әрі кез келген баланың өзіне тән қабілетін танып, білуге машықтанғаны абзал. Әр баланың табиғатында көзге көрінбейтін шығармашылық қабілеті бар. Ол баланың мінезінен, ой-пікірінен, көзқарасынан байқалуы мүмкін.
Ұстаздың міндеті – оқушының бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерді ашып көрсету. Ол үшін, меніңше, төменгі шарттар орындалуы тиіс. Біріншіден: баланың шығармашылық қабілетін дамыту ісін ерте бастан қолға алу. Мысалы, біз баланың тілі шығуы үшін нәресте кезінен сөйлесе бастаймыз ғой. Сол сияқты бала ес білгеннен оның бейімі мен болмысына тән қабілеттерін тәрбиелей бастау керек.
Екіншіден: бала үнемі жүйелі, тұрақты ұйымдастырылған шығармашылық әрекеттер жағдайында болуы керек. Ерекше ойды талап ететін әлеуметтік қарым-қатынастар шығармашылық қабілетті дамытуға тиімді әсер етеді деп ойлаймын.
Үшіншіден: шығармашылық жұмыстар. Баланың ойлау мүмкіндігінің ең жоғары деңгейіне жетуі керек. Күн өткен сайын ол деңгей биіктей беруі қажет. Осындай тынымсыз ой қызметі ғана бала дамуында үлкен нәтиже береді.
Төртіншіден: ең негізгі шарт – баланың өзін қызықтырған әр түрлі, кез келген нәрсемен айналысуға, таңдауына деген еркіндігінің болуы. Баланың жұмыспен айналысуға деген қызығушылығы, қанша уақыт айналысамын десе де өз еркі болуы керек. Мұндай қызығушылық, қажеттілік, табысқа жетудің бірден бір кепілі болып табылады. Бірақ балаға берілетін еркіндік үлкеннің қамқорлығын, көмегін талап ететінін ұмытпау керек. Міне, бұдан шығармашылық қабілетті дамытудың бесінші шарты шығады. Еркіндік – ойға не келсе соны істеуге, ал қамқорлық, көмек бала үшін жұмыс істеуге айналмауы керек. Балаға елеусіз болса да өз күшімен, өз ойымен, қиындықты жеңе отырып «жаңалық» ашуға жағдай жасалуы керек.
Бастауыш сынып оқушыларының ой шапшаңдығын дамытып, шығармашылығын арттыратын жұмыстардың бірі – ӨЛЕҢ ҚҰРАСТЫРУ. Бұл жұмысты 2-сыныптан бастап жүргізе беруге болады. Ең алғаш «ұйқас» деген сөздің мағынасын түсіндіріп, оқыған өлеңдегі ұйқастарын тауып, қалай жазылып тұрғанын талдаудың маңызы зор.
Бастауыш сынып оқушыларының қиялын дамытатын жұмыстың тағы бір түрі – ойдан ЕРТЕГІ, ӘҢГІМЕ құрастыру. Алғашқыда сурет бойынша әңгіме құраудан басталған бұл жұмыс бірте-бірте күрделене береді. Бұдан соңғы кезеңдерде оқыған ертегінің мазмұнын өз қалауынша өзгерту, басқаша аяқтау, мақал-мәтелдер мазмұнына сәйкес әңгіме құрастыру сияқты болып жалғасын таба береді. Тек бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп отыруы қажет.
Бастауыш сыныпта санамақ, жұмбақ, мақал-мәтел сияқты жанрларды өткенде оқушыларға өз ойларынан ауыз әдебиеттің осы түрлерін құрастыруға, ойдан шығаруға, не еске түсіріп дұрыс қолдануға үйрету артық болмайды. Бұл жұмысты төмендегідей етіп ұйымдастыруға болады.
І. Оқиғаға байланысты мақал-мәтел айт, өзің ойлап шығар.
ІІ. Керісінше мақал-мәтелге сай келетін оқиға ойластыр.
ІІІ. Сурет бойынша бірнеше мақал айт.
IV. Берілген мақалдың мазмұнына сай келетін иллюстрациялар тауып әкел деген сияқты және басқа да түрлі тәсілдер қолдануға болады.
Әдебиет оқу сабақтарында басталған шығармашылық жұмыстар сыныптан тыс уақыттарда да жалғасын тауып жатса ғана, жұмыс нәтижелі болмақ. Сынып мұғалімі оқушылар шығармашылығынан туған өлеңдерді, әңгіме, ертегілерді және суреттерді жинақтап сынып журналын жасап, оларды басқа сынып оқушылары немесе ата-аналар алдында насихаттап отырса, балалар бұл іске үлкен қызығушылық білдірері сөзсіз. Оқушылардың шығармашылық іс-әрекеті мен ізденпаздық дағдыларын қалыптастыру, дәлелді пікір айту, жүйелі қорытынды жасай білу, логикалық икемділіктер – салыстыру, жинақтау, талдау, жүйеге келтіру, бақылау арқылы басқа да пәндерді оқыту арқылы өн бойында жүзеге асыруға болатындай мүмкіндіктер өте көп.
Қорыта келгенде, бастауыш сыныптың қай пәнінде болсын оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілетін дамыта оқыту олардың сабаққа, білімге деген қызығушылығын оятып, ойын, ынтасын, дамыта түсетіні даусыз. Мұғалім өз сабағын шығармашылықпен өткізе алса, өзінің білімін сарқып жұмсаса, үнемі ізденіс үстінде болса, оқушы бойында білім нұры тасып, сыныптан-сыныпқа көшкен сайын оқушының ішкі рухани дүниесі, сыртқы ортамен байланысы дамып, оқушы дүниетанымы арта түсері анық.

Хуралбай Багила,
Ақмола облысы, Целиноград ауданы,
Қоянды ауылының №2 жалпы орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі

ПІКІР ЖАЗУ