Баспасөз — ұлт азаттық жолындағы күрескерліктің айнасы
Ұлт азаттығы жолындағы күрес – әрбір халықтың тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Осы күресте баспасөздің алар орны ерекше. Баспасөз халықтың көзқарасын қалыптастыру, ұлттық сананы ояту, азаттыққа деген ұмтылысты жандандыру жолында маңызды құрал ретінде қызмет етті. Әсіресе, ХХ ғасырдағы қазақ халқының тәуелсіздікке деген талпынысында қазақ баспасөзінің рөлі айрықша болды.
Қазақ баспасөзі, әсіресе, Ресей империясының отарлау саясатымен күресу барысында халықтың саяси санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Қазақтың алғашқы газеттерінің бірі – 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы негізін қалаған «Қазақ» газеті. Бұл басылым ұлттың мүддесін қорғап, қазақ қоғамындағы әлеуметтік, саяси, мәдени мәселелерді ашық талқылау алаңына айналды. Газет беттерінде жер мәселесі, оқу-ағарту, тіл мен дін мәселелері қозғалып, азаттық идеясы кеңінен насихатталды.
«Қазақ» газеті сол кездегі ұлттық зиялылардың пікірталас алаңы ғана емес, сонымен бірге халыққа бағыт-бағдар беретін негізгі ақпарат көзі болды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды тұлғалардың ұлтты ояту, тәуелсіздікке жетелеу жолындағы күресі дәл осы газет арқылы жүзеге асты.
Баспасөз тек ағартушылық немесе ақпараттық құрал ғана емес, саяси күрестің бір құралы болды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары «Алаш» қозғалысы арқылы ұлт азаттық идеясын көтеріп, халықты бірлікке шақырды. Бұл қозғалыстың идеяларын насихаттауда баспасөздің рөлі зор болды. «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Қазақстан» секілді басылымдар қазақтың өз жерінде тәуелсіз мемлекет құру идеясын ашық көтеріп, ұлт мүддесін қорғаудың негізгі мінберіне айналды.Сол кезеңде баспасөз арқылы қазақ зиялылары халықты орыс отаршылдығының зардаптарын түсінуге, отарлық билікке қарсы тұруға шақырды. Газет-журнал беттерінде саяси талдаулар, қоғамдық-саяси мақалалар, ұлттық құндылықтарды қорғау мәселелері қозғалып, қазақ қоғамындағы маңызды мәселелер талқыланды. Баспасөз ұлттық сананы қалыптастыруда айтарлықтай рөл ойнады.
Бүгінгі таңда да баспасөздің маңызы кеміген жоқ. Қазіргі заманда ақпараттық технологиялар дамығанымен, баспасөз халықтың көзін ашатын, саяси және әлеуметтік мәселелерді ашық талқылайтын алаң ретінде қалуда. Журналистика және медиа құралдары ұлттың мәдениетін, тарихын, тілін және құндылықтарын сақтауда маңызды рөл атқарады. Қазіргі журналистика ұлт мүддесін қорғаудың, тәуелсіздікті нығайтудың, демократиялық қоғамды қалыптастырудың бірден-бір құралы болып отыр.
Баспасөз – ұлт азаттық жолындағы күрестің айнасы әрі қозғаушы күші. Тарихтағы баспасөздің рөлі ұлттың санасын оятып, азаттыққа жетелеген күрестерде айқын көрінді. Бүгінгі таңда да баспасөз ұлттық мүддені қорғау мен дамытудың маңызды құралдарының бірі болып қалуда. Сондықтан, баспасөз бен журналистиканың рөлін әрдайым жоғары бағалап, оны әрі қарай дамыту, қолдау – әрбір ұлттың міндеті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің
1-курс студенті: Сабит Аружан