Балтекең бауырымдай еді
(Күні кеше өмірден өткен балалар жазушысы,
«Мөлдір бұлақ» журналының әдеби қызметкері
Әділ Балта (Балтабай Әділ) жайлы естелік-сыр).
Біз Балтекең екеуіміз ол Қарақалпақстаннан Алматыға отбасымен көшіп келген 1993 жылдан кешегі күнге дейін жұп жазбай қызмет еттік десем, қателеспеспін. Ол сол жылы «Ұлан» газетіне қызметке орналасты да, 2004 жылға дейін бірге болдық. 2004 жылы мен «Мөлдір бұлақ» журналына ауыстым да, бір жыл өтпей Балтекең де осы журналға әдеби қызметкер болып келіп, ол өмірден өткенше бір ұжымда қатар жүрдік.
Балтекеңнің шығармашы-лығы қызық еді. Әр сөзді шеберлікпен ойнатып жіберетін. Сондықтан да оның қолтаңбасы өзгелерден ерекшеленіп, оқырмандарын үлкен, кіші демей бірден баурап алатын. Бас алмай қызығып, сүйсініп, құмартып оқитын. Қысқасы, өз оқырманын қалыптастырып үлгерген жазушы еді. Балтекеңнің қаламынан әр жылдары балаларға арналған «Атамның жұлдызы», «Алданыш», «Күздің бірінші күні», «33 мысал» сияқты тамаша кітаптар дүниеге келді. Бірақ оның толыққанды жиналып, кітап болып шықпаған дүниелері қаншама. Енді бұл істі аяғына дейін жеткізу – артында қалған балаларына, бауырларына, әріптестеріне аманат.
Балтекең әңгімені де шебер айтатын. Көптеген қазақ жазушылары сияқты, ол да шығармашылығын өлең жазудан бастаған екен. Бірде ол Алматыға келген сапарында «Балдырған» журналының сол кездегі бас редакторы Мұзафар Әлімбаевтың алдына барады. Журналда оның әңгіме, өлеңдері алғаш шыға бастаған кезі. Бұл жолы Мұзағаңа бір топ өлеңдерін көрсетеді. Сонда Мұзағаң өлеңдерге бір көз жүгіртіп өтіп.
— Әй, Балтабай, сен өлеңдерді қой! Сенің әңгіме, ертегілерің жақсы. Прозаға ауыс, — деп кеңес берген екен. «Содан бастап мен өлең жазуды қойып, прозаға бүтіндей көштім. Рақмет Мұзағаңа, ағалардың пайдасы осындайда көрінеді екен ғой», — деп бір тоқтайтын.
Тағы бірде жұмысқа келгені сол, басын шайқап:
— Қалтаға түсетін ұрылардың сезгірлігіне, ептілігіне риза болып отырмын, — деді таңданып. – Кешегі алған қаламақымды автобустың ішінде қойын қалтамнан “үптеп” кетіпті. Бұдан бұрын да талай ақшамды алдырдым ғой. Онда күрткемнің сыртқы қалтасына, шалбарымның қалтасына салған ақшаларды алдыратынмын. Содан бұл жолы сақтық жасап, қойын қалтама салып едім, одан да қайран болмады. Бұл ұрылар менің ақшаны қай қалтаға салғанымды қайдан біледі? Оны қалтадан сездірмей қалай алады, сабаздар? – деп таңдайын қағып, басын шайқады.
— Ал, өзіңіз неге абайлап, сақтықпен отырмадыңыз?
— Сақтықпен отырғанда, алдағы жазар шығарманың ой-идеясын іздеп, иін қандырып, ойға беріліп кетесің ғой. Ұрыларды қалай аңдисың? – дейді аңғалдығын жуып-шайғандай болып.
Соңғы рет Балтекең «Мөлдір бұлақтың» редакциясына бақилық болардан бір апта бұрын келді.
— Кеңес, сенімен құда болдым, — деді қуана қолымды алып. – Үлкен балама алып берейін деп отырған келінім Шардарадан, арғынның қызы, сенің қарындасың.
— Ой, бәрекелді! Жастар бақытты болсын! Енді мені құдалығыңызға шақырасыз, Балтеке, — дедім әзілдеп, қолын қысып.
— Шақырамын! Алдымен Шардараға барып келейік, «Қызымызды қолымыздан аласыздар» депті болашақ құдаларым. Соған әзірленіп, жиналып жатырмыз. «Дарабоздың» кітаптары дайын болды дейді. Менікін де алып қоясың ғой, — деді. (Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінен оның да әңгімесі жүлде алып, жеңімпаз шығармалар топтастырылып, «Кәусар бұлақ» деген атпен кітап болып шығып жатқан еді. Соны айтып отыр).
— Иә, алып қоямын, — дедім мен.
Ол кітапты Балтекең көре алмай кетті. Шардарадан автобуспен келе жатқанда мазасы кетіп, үйіне жете алмайтынын сезгендей, жақын адамдарына телефон соғыпты. Түнгі бірлерге таман менің де ұялы телефоныма хабар тастапты. Мен ұйқыда жатқанмын. Балтекең не айтпақшы болды екен?..
Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.