Балалық — бал әнім
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қырғауылды ауылындағы Д.Ушинский атындағы орта мектепте журналымыздың белсенді авторы, бәйгелеріміздің жүлдегерлерінің бірі Дархан Шафхатовтың «Балалық — бал әнім» атты тұңғыш жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Шығармашылыққа деген алғашқы қадамы «Мөлдір бұлақ» арқылы сәтті басталған Дархан бүгінде аталмыш мектептің 6-сынып оқушысы. Тұсаукесерді мектеп директоры Раева Гүлжазира Бекенқызы арнайы сөз сөйлеп бастап, Дарханның ерекшеліктеріне тоқталып, шығармашылығына табыс тіледі. Қарасай аудандық білім бөлімінің маманы Айнұр Нұрғазықызы, Райымбек ауылдық округының маманы Алтынай Адамбаева өз сөздерінде жас ақынның шығармашылықтағы қадамына сәттілік тіледі.
Жазушы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Нағашыбек Қапалбекұлы, ақын, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов мұражай кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков жыр жинағының тұсауын кесіп, өз тілектерін айтты. Жазушы Ерболат Әбікенұлы сөз сөйлеп, күйші Жігер БЕРТІСОВ Дарханды қуанышымен құттықтады. Тұсаукесер барысында оқушылар ән мен күйден шашу шашып, Дархан өз өлеңдерін оқыды. Шараны жас ақынның әжесі Гүлшат Елемесова қорытындылады.
Саят Қамшыгер