Балаларға базарлық
Нұрмұхан Жанұзақұлы, 1945 жылы ҚХР, ШУАР-ның Шапшал ауданында туған. 2009 жылы ата мекенге қоныс аударған. Қазақстан Республикасының азаматы. ЖОО тамамдаған. Ағартушы, ақын, сыншы, қоғамтанушы. Қазірге дейін әр түрлі жанрдағы 10 кітаптың авторы. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Министрлік тарапынан берілген Абай атындағы төсбелгінің иегері. Аты-жөні ҚР «Алтын кітабына» кірген.
Жастарға айтқан жан сырым
Көтерілген күнімсің,
Жаңа ашылған гүлімсің.
Болашағым, арманым,
Заманымның нұрысың.
Жастар елдің иесі,
Түзу болсын жүрісің.
Осылай біліп, түсініп,
Ілгерлесең ірісің!
Жастармен ел өседі,
Жастармен күн кешеміз.
Жастармен ғана заманнан,
Алынар біздің есеміз.
Талқыға түскен тағддырды,
Жастар мен ғана шешеміз.
Марысқа көшер күн туса,
Жол бастап солар, көшеміз.
Жастарға айтар дәтім бар,
Ақыл – жаста, батырлар.
Жан сөзін мына атаңның,
Мақұл көріп татыңдар!
Ие болғын ұлтыңа,
Ие бол, ата жұртыңа.
Тағдырына ие бол,
Еріп кетпей құлқынға!
Жаным менің жастарым,
Уақыт деген қас-қағым.
Жер шарының төріне,
Қазақ елін бастағын!
Иесі сенсің отанның,
Иесі сенсің жеріңнің,
Төбеңдегі аспанның,
Ордаңдағы төріңнің!!
Халық керек
Халық керек ағайын, халық керек,
Халық деген – саялы алып терек.
Маңдайыңнан күн өтсе сапарыңда,
Саялауға сол терек анық керек.
Хан тағыңды қадама қара жерге,
Халық деген жасайды қара жерде.
Ақыл білсең, халықтың ішінде жүр,
Қызмет ет, міндағы қарагерге.
Халық керек балам ау, халық керек,
Халқың ұстаз, жүрегін жарып беред.
Халқың үшін арнасаң барлығыңды,
Халық саған өшпейтін тарих беред.
Ақыл
Басшының өлмейтіні,
Елінің ол қормалы.
Батырдың өлмейтіні.
Өз елінің қорғаны,
Ақынның өлмейтіні,
Адам жанының толғамы.
Ақылдының өлмейтіні,
Жан дүниеге ол дәрі.
Халқыңның қамын жесең,
Төбесінен елің түсірмес.
Әрқашан да ардақтап,
Атыңды тарихынан өшірмес.
Елді жеген, жемеңгердің,
Желкесін қияр кешірмес.
Зұлым патша, елін алалайды,
Халқын адамға санамайды.
Заңнан тайып, алжасып,
Қиянатпен жазалайды,
Мемлекет дәстүрін аяққа басып,
Халықтың жанын жаралайды.
Қасқабұлақ
Айналдым қасиетіңнен қасқабұлақ,
Ағасың тасты тесіп, тастан құлап.
Абай мен Әуезовке сусын болған,
Әлемде қасиетің басқа бұлақ.
Күй сынды, гүріліңде, сарылыңда,
Әлемдегі сұлулық бәрі мұнда.
Арнаулы, данышпаным Абай үшін,
Жер ана омырауынан алындың ба?
Бұлаққа күн құшағын жайған екен,
Абайдың ақылына сайран мекен.
Дәнішпан туған бұлақ біреу ғана,
Қанатын осы жерден жайған екен!..
Тілегім
Берші маған тәңірім,
Тау суының тасқынын.
Тау суындай таситын,
Оралмайды-ау, жас күнім.
Қартайып келдім жағаңа,
Құшағыңды аш бүгін.
Топырағың төсегім,
Тентек суың ақсүтім,
Тастарың менің жастығым,
Бауырыңа бас бүгін.
Алматыма айтарым
Ата қалам алматым, аңсап жүріп мен келдім,
Еркіндікке, елдікке, жансап жүріп мен келдім.
Ата қала шаруасын шалқытайын деп келдім,
Қазақ иісін әлемге, аңқытайын деп келдім.
Жеті атамның жерінен, қуылған ер мен едім,
Жетпіс жеті ұрпағым, туылған жер сен едің.
Қазақ атын өзіңнен ұғынған ер мен едім,
Тәуелсіз ел болды деп, өзіңді іздеп келемін.
Жан сауғалап жат жұртқа, жосыған ер мен едім,
Торғайың болып шырылдап, шошыған ер мен едім.
Жат қолынан шаңырақ, оралғанда мекенге,
Қатарыңа қайтадан қосылған ер мен едім.
Егіз туған анадан, туысқаның мен болам.
Қалмақты ұрып қақпасқа, қуысқаның мен болам.
Тыныштықта ағайын, өкпелескен мен болам,
Жау жағадан алғанда, сертке жеткен мен болам.
Ата қалам Алматым, ғылым, білім ұясы,
Ала тауым әкемдей сусын беріп тұрасың.
Қазағымның қорғаны, ұлт біткеннің қормаллы,
Қамқор қала іздесе, Алматыны сұрасын.
Ала тауды жастанып, Ата қалам жатырсың,
Қасиетті қарт қалам, қазағын түгел шақырсын.
Алашшыл асыл ұлдарға, Алматы атам ақылсың,
Атағың кеткен жайылып, Алматы айбын батырсың!
Тілегім бар Алматым, берші маған төрт тілек,
Ана тілге аямай қойған екен өртті кеп.
Тіл, дін, дәстүр, топырақ бұл төртеуін корғайық,
Қорғай алмау төртеуін, ата жаудан дерттірек!
Атаның ақылы
Көтеріп жүр басыңды,
Ризығың шашылды.
Өмір жатыр алдыңда,
Шырағы қызыл-жасылды.
Еңкейе берсең етіктің,
Басын ғана көресің.
Жалтақтай берсең жан-жаққа,
Жағымсып жатқа ересің.
Өмір сүрсең ар үшін,
Оңды болар бар ісің.
Жетелесе намысың,
Жақындайды алысың.
Мектебім
Көктеткен бізді, көктемім, күнім, мектебім,
Адам боп өсер, өткелім менің мектебім.
Өмірдің қырын, әлемнің сырын үйреткен,
Бәйгеге қосқан, көмбеден тосқан мектебім.
Жұлдыздар қонған, армандар толған мектебім,
Ата-анам болған, бақтым қонған мектебім.
Алтындай шайқап, әкемдей байқап мәпелеп,
Тұнығым сенсің, бастауым – ана мектебім.
Ата тау сенсің, кең дала сенсің, ұямсың,
Алғысым теңіз, жаныммен егіз қиялсың.
Оқушың болдым, тоқушың болам жанұям,
Ұсынар гүлім, құшаққа қалай сия алсын?!..
Біздің көктем
Көктем келді, көк шықты,
Көкпеңбек боп шөп шықты.
Қозы мен лақ жесін деп,
Былтырғыдан көп шықты.
Сиыр суға барады,
Жылқышы атпен шабады.
Шопан қойды қайырып,
Өрісіне салады.
Бұлақтарым бұлқынды,
Өзендерім жұлқынды.
Жүйрік, жорға тай болды,
Құлындары былтырғы.
Кісінейді құлындар,
Маңырайды қозы-лақ.
Мөңірейді бұзаулар,
Біздің көктем қызық-ақ!..