Балаларға базарлық

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын. Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты. Филология ғылымдарының кандидаты. 1955 жылы 10 қаңтарда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қожагелді ауылында туған. Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі.

ДОС ІЗДЕ

Жаттап өстік жасымыздан:
«Доссыз өмір – тұзсыз ас!»
Табылатын қасымыздан
Досқа ыстық ықылас!

Жүрек көзі аршылады,
Жан дос тапсаң шынайы.
Дос – көңілдің шамшырағы,
Дос – өмірдің шырайы!

Сақталады жүрегіңде,
Достық заңы – адалдық.
Нағыз достар бұл өмірде
Саусақпенен санарлық.

Бөлшегісің сүйікті елдің,
Болдың құштар тұныққа!
Алсаң-дағы биіктерді
Достарыңды ұмытпа!

Тағдырың бір, тамырың бір,
Досқа көрсет жүз көмек.
Ескі достың қадірін біл,
Жаңа досты іздеп өт!

БАРМАҚ СОРҒЫШ БАУЫРЫМ

Жақсы менің Нау інім,
Оған өлең арнадым.
Төртке толған бауырым,
Сорып жүрді бармағын.

«Сорма!» десең, тіпті де,
Тыңдамайды, ұқпайды.
Білмейді ме түкті де,
Бармақтан сүт шықпайды.

Езуінде бармағы,
Күнде бізбен ойнайды.
Кейде, тіпті, алданып,
Сол әдетін қоймайды.

Жасы беске ауса да,
Бармақ сорар саспай түк.
Құр бармағын таусамай,
Сормайды ма тас кәмпит?!

ЕРТЕТҰРАМ…

Емеспін мен ерке,
Тұрам күнде ерте.
Нан дүкенге барып,
Алып келем бөлке.

Нанға майды жағып,
Тілімнен бал тамып,
Ойынға мен шығам,
Таңғы шайға қанып.

Дән риза атам,
Дән риза апам.
Тұру үшін ерте –
Ылғи ерте жатам!

ДИМАШ

Көктен әуен құлатқан,
Өткен талай сынақтан.
Әнші Димаш ән салса,
Әлем халқы ұнатқан!

БАҚЫТ

«Шұғыла» мөлтек ауданы…
Мектепке барды Шұғыла!
Шақырды алға арманы,
Шығуға білім шыңына!

Бұл бақыт еді не деген,
Ақ бата бердім жолына!
Әдемі менің немерем
«Әліппе» алды қолына!

Өзгелер осы не білді,
Өткелден талай өткемін…
Таңдадық – азат өмірді,
Таңдадық – қазақ мектебін!

 

ПІКІР ЖАЗУ