Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның басты міндеті

 Қауіпсіз қоғамда өскен ұрпақ алаңсыз өмір сүреді. Білім алады, дамиды. Бала – біздің болашағымыз. Олардың қауіпсіз, бақытты өмір сүруі үшін барлық қажетті шараларды қабылдау – мемлекеттің де, қоғамның да басты міндеті. Қауіпсіз қоғам дамудың бастауы іспеттес.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Бұл – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір ата-ананың, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу – аса маңызды мәселе. Өткен жылы барлық аймақта балаларға арналған Психологиялық қолдау орталықтарының ашылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Дегенмен, бұл жұмыстарды үзіксіз жалғастыру қажет, себебі шешімін таппаған түйткілдер әлі де бар. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда шалғай ауылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тыйылмай тұрғанын атап өтті. Бұл тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесі де. Сондықтан жаңа жоспарды әзірлеуде осы мәселелерге ерекше мән беріп, профилактикалық шараларды күшейту қажет.

Жат діни ағымдардың әсері де – өзекті проблема. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда бұл мәселеге ерекше тоқталып, мұндай теріс ықпалға қарсы күресті күшейту қажеттігін айтты. Халықтың діни сауатын арттыру – маңызды қадам.

Наурыз айының орта шенінде Астана қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев баспасөз конференциясында балалардың қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу және жайлы оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған шаралар жөнінде мәлімет бердіСерік Әділбаев «Балалар – әрқайсымыздың өміріміздегі ең қымбат байлығымыз. Олардың ғаламторды пайдалануы, қандай адамдармен араласатыны, сабақ үлгеріміндегі жетістіктер, аталған мәселелердің барлығы басты назарда болу қажет» деп оқушылар арасында құқық бұзушылықтың, суицидтік мінез-құлық пен буллингтің алдын алу үшін нақты шаралар атқарылып жатқандығын мәлімдеді.

«Қауіпсіз қоғам» жобасы – азаматтық қоғамның, саяси құрылымдардың және құқық қорғау органдарының «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы әріптестік қарекеті.

Спикердің айтуынша, елордада жалпы саны 877 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олардың қатарына мектептер, балабақшалар және колледждер кіреді. Онда 390 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Барлық оқу орны заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған: автоматтандырылған өрт дабылы, цифрлық бейнебақылау жүйесі және Жедел басқару орталығымен біріктірілген дабыл түймелері орнатылған.

«Мектептер мен балабақшалардың кіреберістері турникеттермен жабдықталып, қауіпсіздікті 1-санаттағы лицензиясы бар кәсіби күзет ұйымдары қамтамасыз етуде. Қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру – біздің басты міндетіміз. Мектептер мен балабақшаларға цифрлық технологияларды енгізу бақылау деңгейін күшейтіп, түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді», – деді Серік Әділбаев.

Білім басқармасы басшысының орынбасары психологиялық қолдау көрсету және буллингтің алдын алу мәселесін де қозғап өтті. «Балалардың қауіпсіздігі тек физикалық қорғаумен шектелмейді. Психологиялық жайлылық та аса маңызды. Осы бағытта елордада оқушыларды жан-жақты қолдау жүйесі белсенді түрде дамып келеді. Арнайы ашылған «Психологиялық қолдау орталығында» балалар мен ата-аналарға 600-ден астам кеңес берілген. Сонымен қатар, қосымша 200 педагог-психологтың штаттық бірлігі бөлініп, «тәуекел тобындағы» жасөспірімдермен жеке жоспар бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда ювеналды полицияның есебінде 193 жасөспірім, ал мектепішілік бақылауда 785 оқушы тіркелген.

Буллингтің алдын алу – жұмыстың маңызды бағытының бірі. 2024 жылы 107 мың оқушыға буллингті анықтауға бағытталған арнайы тестілеу өткізілді. 2025 жылдан бастап бұл тест қала мектептерінде міндетті түрде енгізіледі. Сонымен қатар бес мектепте антибуллингтік бағдарлама іске қосылды. Бағдарлама аясында мұғалімдерге арналған тренингтер, тақырыптық кезекшіліктер мен оқушылармен жеке жұмыс ұйымдастырылған», — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Серік Әділбаевтың айтуынша, 2024 жылдың басынан бастап елордада 2018 профилактикалық кеңес отырысы өткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 89,6%-ға артық. Мұндай өсім құқық қорғау органдары тарапынан жүргізіліп отырған белсенді алдын алу жұмыстарының нәтижесі болып отыр.

Қалалық прокуратурамен бірлесіп, қиын жағдайдағы отбасылардың тұрмыс жағдайын тексеру мақсатында рейдтер ұйымдастырылды. Оның аясында 3673 отбасыға тексеру жүргізіліп, 42 отбасыға нақты көмек көрсетілді.

Сонымен қатар балаларға қатысты оқыс оқиғаларға жедел әрекет ету үшін күнделікті мониторинг жүйесі енгізілді. Мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына арналған «Қауіпсіз балалық шақ: қамқорлы ата-ана болу» атты семинарлар ұйымдастырылуда. Оқу орындарында «Balaqorgau» QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар орнатылып, балалар өз мәселелері туралы аноним түрде хабарлай алатын мүмкіндік жасалған.

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар белсенді дамып келеді. Бүгінде елордалық мектеп оқушыларының 81,5%-ы, яғни 213 556 бала түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысуда. Мектеп жанындағы 135 қосымша білім беру ұйымының филиалдары жұмыс істейді. Сондай-ақ бес білім беру мекемесінде жасөспірімдерді әлеуметтік белсенділікке тартуға бағытталған «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылды.

Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне қатысты бейнероликтер апта сайын YouTube платформасында жарияланып келеді. Жоғары сынып оқушылары мен студенттер үшін құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған дәрістер өткізілуде.

«2025 жылы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жаңа бағдарлама іске қосылады. Бағдарлама аясында 36 іс-шара жоспарланған. Буллингке қатысты тестілеу барлық мектептерде міндетті түрде өткізіледі. Антибуллингтік бағдарлама тағы 10 мектепте енгізілмек, ал «ДосболLIKE» жобасы басқа оқу орындарында да іске асырылады.

Қабылданған шаралар оң нәтижесін беруде: жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейі төмендеп, олардың оқу үдерісіне және бос уақытты тиімді өткізуге қатысуы арта түсті. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар профилактикалық бағдарламаларды одан әрі жетілдіру мен өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға негізделетін болады», — деп қорытындылады ведомство өкілі.

Астанада Психологиялық қолдау орталығы ашылған. Мекенжайы: Астана қаласы, Достық көшесі, 13. Психологиялық қолдау орталығы білім беру ұйымдарының психологиялық қызметінің жұмысын үйлестіреді. Педагог-психологтарға әдістемелік қолдау көрсетеді және оқушылар, педагогтар мен ата-­аналар арасында алдын алу және ағартушылық жұмыс жүргізеді. Астанада оқушылар арасында жанжал туындаған жағдайда, жедел әрекет ету үшін 16 мобильді топ құрылды.

Жыл басында қалалық прокуратурамен бірлесе отырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардың баспанасы, тұрмыс жағдайы, материалдық жағдайы тексерілген. 3673 тексеру өткізіліп, анықталған 42 отбасыға психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетілген. Білім беру ұйымдарында бұзақылыққа қарсы бағдарлама жүзеге асырылуда. Осы мақсатта қанатқақты жобаға 5 мектеп енгізілді. Оның аясында бұзақылықтың алдын алу және азайту (сабақ, тақырыптық ауысым, бірлескен оқу) және анықталған буллинг жағдайларын шешу бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Елорданың білім беру ұйымдарында QR-коды бар «Bala qorgau» тақтайшалары орнатылды. Оқу орнының әр бөлімінде «111» сенім телефоны жұмыс істейді.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Астана қаласы басшылығының және білім жүйесінің, мемлекеттік органдарының басты назарындағы мәселе. Елінің ертеңін, отбасы мен айналасының амандығын ойлайтын әрбір адам қауіпсіз қоғамда өмір сүргісі келетіні анық. – Назар аударатын мәселенің бірі – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қыл­мыс­тар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, кө­шеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқу­шылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіп­ті, ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты ме­кемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағы­дай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен ба­ла­лар­дың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіп­сіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруы­мыз қажет, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Балалар ерекше қорғауды қажет ететін ең осал топ болып қала бер­мек. Мәселен, жыл сайын балаларға қатысты 2 мыңға жуық қыл­мыс жасалады. Оның 700-ден астамы – кәмелетке толмағандарға жа­сал­ған жыныстық қылмыс. Бұл қылмыстардың 70 пайыздан астамын айна­ла­сындағылар жасаған.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, «Қауіпсіз қоғам» қағаздағы міндеттердің тізімі ғана емес, бұл – ең алдымен болашаққа қамқорлық, яғни ертеңіміз өркенді, өрісті, сәулетті болсын десек, әрбір азамат, әсіресе жастар халқымыздың ең жақсы қасиеттерін бойына сіңіруі қажет.

 

Г. Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ