БАЛАЛАР ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ҮЙРЕНІП ЖҮР…
Қазақтың ұлттық ойындарының бірі — тоғызқұмалақ балалардың логикалық ойлау қабілетін, зейінін арттырады, зерде, зейін, іждағат, табандылық секілді қасиеттерін дамытады. Ақтөбе облысының Алға ауданындағы №4 Алға орта мектебінде тоғызқұмалақ үйірмесі жақсы жолға қойылған. Мектеп мұғалімі Есет Сейітов балаларға осы ұлттық ойынның қыр-сырын үйретіп жүргенін айтады:
— Ғалымдардың зерттеулеріне қарасақ, тоғызқұмалақ ойыны 4 мың жыл бұрын пайда болған деседі. Бұл ойын өткен ғасырларда қазақ даласында кең тараған. Тоғызқұмалақ ойыны баланың зейінін арттыруға септгін тигізіп, цифрсыз есеп шығаруға үйретеді. Елімізде тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары тоғызқұмалақ ойынын дамытуға, насихаттауға барынша ден қойылды. Республикалық деңгейде тоғызқұмалақ ойыны қауымдастығы ашылып, облыстарда филиалдары жұмыс істей бастады. Еліміздің түкпір-түкпрінде үйірмелер ашылып, жарыстар ұдайы өткізіліп тұрады. Бүгінде тек елімізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде тоғызқұмалақ ойыны жақсы насихатталып келеді, — дейді ол.
Есет Сейітовтің айтуынша, мектептегі тоғызқұмалақ үйірмесіне бастауыш сыныптардан бастап келгісі келген балалардың барлығы да қабылданады. Тіпті ересектер де келгісі келеді екен. Мектепте үнемі тоғызқұмалақтан жарыстар өткізіліп тұрады. «Жыл сайын үйірмеге қатысушы балалар саны артып келеді» дейді Есет Сейітов.
— Мен 7 сыныпта оқимын. Оқу озатымын. Мектепте өтіп жатқан спорт үйірмелеріне үзбей қатысып келемін. Әсіресе, тоғызқұмалақ ойыны ерекше ұнайды. Бастауыш сыныпта оқып жүргеннен бері осы үйірмеге қатысамын. Есет ағайымыз бізге тоғызқұмалақ ойнаудың қыр-сырын үйретті. Сыныптастардың ішінде өзіммен қатар балалармен ойнағанда үнемі жеңіске жетемін.
Қазақ халқының ескі мұраларының бірі — тоғызқұмалақ ойыны қазақ, қырғыз халықтары арасында көп таралған. Тоғызқұмалақ 162 тас, 18 отау, 2 қазаннан тұрады. Бұл ойын — барлық интеллектуалдық ойындардың ішінде ең қиыны. Тоғызқұмалақ ойнап отырғанда ойша есеп шығарасың, ал ол балалардың миын қозғайды, есепті калькуляторсыз, қағаз-қаламсыз, ойша шығаруға үйретеді, тапқыр, тез ойлағыш боласың. Шахмат, дойбы ойындары секілді, тапқырлықты, фантазияны талап етеді. Бірақ ойын ережесі ерекше, өзіне ұқсас ойындарға қарағанда күрделірек. Себебі тоғызқұмалақ ойынының кейбір позицияларын тақтаға қарамай, абстрактілі түрде ойлау аса қиын, — дейді №4 Алға орта мектебінің 7-сынып оқушысы Нұртілек Ақжігітов.
Ал мектептің 3 «б» сыныбының оқушысы Сағыныш Егінжанова тоғызқұмалақ үйірмесіне баруды әлден-ақ бастап кетіпті. Сабақтан тыс уақытта достарымен бірге үйірмеге барады екен.
— Тоғызқұмалақ — қазақтың ұлттық ойыны. Абай Құнанбаев та тоғызқұмалақты ерекше сүйіп ойнаған екен. Қазіргі таңда менің құрбыларым арасында қазақтың төл ойыны тоғызқұмалақпен шұғылданушылар саны көбейіп келеді. Өте қызықты ойын. Логикалық ойлауың артады. Және математика сабақта кездесетін логикалық есептерді шешуде пайдалы, — дейді кішкентай ойыншы Сағыныш Егінжанова.
Есет Сейітовтің өзі аудандық, облыстық деңгейде өткізілген жарыстарда талай жеңіс жүлдесін қанжығасына байлап келіп жүр. Оқушылары да сондай — қалалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы.
Мейрамгүл САТАЕВА