Балалар шығармашылығы

 

Алматы қаласындағы Республикалық Абай мектебінің аясында «Ділмар шешендік үйірмесі» құрылып жұмыс істеп келе жатқалы бес жылдың жүзі болыпты. Педагок, журналист, қаламгер Жарқын Сәленұлы содан бері тынбай ізденіп, шәкірт тәрбиелеп келеді. Ол мектептегі көп сабақтың бірі ретінде қарап қана қоймай, шешендік дәрісін ұлтымыздың асыл құндылықтарының бірі деп санап, білте шамның майын көбейтін, маңызын арттырып, сәулесін жарқырата түсті. Үйірменің алғашқы шәкірттері қоғам табалдырығын аттап қызметке араласты. Олардың орынын толтырған соңғы мүшелер тілін тірілтіп, қаламын ұштап болашақ алдында шыңдалу үстінде. Бес жылдықтың белесінде үш оқушының шығармасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 – Редакциядан

 

Түнгі түнектегі түйін

Түн. Кейде көзімді жұмып, ұйқыға кетпес бұрын әлдеқандай ой түртпектей береді. Сол түнектің тұңғиығына батып, әр нәрсе толғандыра түседі. Өмірдің өзекті тұсына келмесем де, жігіттік көңіл тыншығар емес. Ертеңіме бұлыңғыр көздермен қараймын. Өз ішімде мәмілесіз адамдық соғыс….

Жұп-жұмыр жүрегім-ау, сен емес пе едің, мендік ыстық  қайрат пен нұрлы ақылды бір арнаға тоғыстыратын?!…

Ой-санам-ау, сен емес пе едің, қисыннан қиыстыратын?!

Қалқиған құлағым-ау, сен емес пе едің, ақпақұлақ емес, құймақұлақ болатын?!

Жанарым-ау, сен емес пе едің, жан-жағыма жалтақтатпай жақсы мен жаманды айыратын?!

Қызыл тілім-ау, сен емес пе едің, алдым мен артымды қарастыратын?!

Қос қолым-ау, сен емес пе едің, көк түтінге емес, көк аспанға қол создыратын?!

Қос аяғым-ау, сен емес пе едің, ақырын алдыға мені жетелейтін?!

Артым — анық, алдым — тұман деуден аулақпын. Үміт жетегінде келеміз.

Өткеніме өкініп, арманыма уайыммен қараймын. Дегенмен, бір Аллаға тағдырымды тапсырдым. Ол мені адастырмайды.

Тек ойлармен шектелмей, іс қылу керек. Бұл жайлы Абай Құнанбайұлы былай дейді:

«Биік мансап – биік жартас,

Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,

Екпіндеп ұшып қыран да шығады».

Арманнның аласасы болмайды, мақсаттың жолы тегіс болмайды. Алдыңды құр уайым қылмай, дәл қәзір қадам басу керек. Күндегі ой сені жетелемейді, күнде қылған іс сені асулардан асырады. Межелеген жеріңе еңбектесең де, ұшсаң да жету қажет. «Жетістік» ол термен суарған ағаштың жемісі екенін ұмытпа!

 

Елдос Сағатбекұлы,

Абай атындағы РММИ-дің 11-сынып оқушысы, «Ділмар» үйірмесінің мүшесі

***

 

«Ділмар» үйірмесінің үйреткені

Ділмар – шешендікке баулитын, оны дәріптейтін үйірме ғана емес, ол өзіңді жеке тұлға болып қалыптасуыңа, жан-жақты дамуыңа көмек беретін  орта. Жаңа мектеп, бейтаныс адамдар, өзге орта… Алғаш келгендегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Сол алғаш келген кезім мен қазіргі сәтімнің айырмашылығы қандай? Үйірменің маған берген пайдасы бар ма?

Дәл қазір «Ділмар» үйірмесіне апаратын алғашқы қадамдарымды басудамын десем артық айтқаным емес. Әрине, әзірше үйірме мүшесі бола қоймадым. Бірақ, менің басқан әр қадамым менің дамып, жетілуіме көмек беруде. Мектепке алғаш келгенде бұрын өзім үшін қанша ашық болсам да, жаңа ортада сырттай ұялшақ, өзіме сенімсіз екенімді аңғардым. Соның кесірінен сыныпта, сабақта көп ой мен пікір айтылмай қалатын. Бойымдағы сенімсіздікпен күрес жолында «Ділмар» үйірмесінің әсері ерекше деп білемін. Атап айтсам, бұл жолдағы алғашқы қадамым «Шешендік сөздерді көп жаттау және түсініп айту» жарысына қатысып, әр сөздің астарына үңілгенім, аталы сөздің мән-мағынасын ұғына білгенім, сайыс үшін жаттап қана қоймай, бойыма сіңіріп, қатарластарыма да дәріптеуім аса пайдалы болды.

Ал, «Бабалар мұрасы» байқауына қатысуым – осы жолдағы екінші берік әрі нық қадамым. Бұл байқаудың арқасында өзімді камера алдында дұрыс ұстауды, тапқырлық танытуды, көп алдында сөйлеуді үйрендім, жазу шеберлігімді дамыттым. Міне, бұл сайыс та оқушының жан-жақты дамуына әсер етеді. Одан кейінгі қадам – өзге, бейтаныс ортаға барып сөз сөйлеу. Бұл замандастарымызға үлгі бола отырып, өзімді жетілдіруіме көмек берді. Ал адамның сөз саптауын, ой ұшқырлығын, өзін ұстауын сынайтын шешендік сайыстың жөні бөлек. Нық басқан әр қадамымның арқасында ақырындап рухани биікке көтеріліп келемін. Бұған дейінгі өзіммен біржола қоштастым. Енді мен өзімнің топ ортада сөз бастай алатын  көшбасшы нұсқаммен дос боламын. Маған берілген аманатты арқалап, өмірден өз орнын тапқан тұлға боламын.

Ендеше, біреу менен: «Ділмар» үйірмесінің пайдасын көрдіңіз бе? – деп сұраса ойланбастан «Иә!» дейтін деңгейдемін. Бабалар мұрасын жаһандану заманында жандандырып келе жатқан «Ділмар» шешендік өнерді дамыту клубының маған тигізген пайдасын көре алдым. Адам қателік жасай жүріп оң мен солын таниды, алға басып дамиды. Мен осы қадамдарымды баса отырып, қателіктерімнен сабақ алып, ой түйемін. Маған осындай мүмкіндіктерді берген және менің жетіліп келе жатқаныма бірден-бір әсер етуші – «Ділмар» үйірмесі. Сондықтан да оған мың алғыс!

Нұрқаным Жарқынбекқызы, Абай атындағы

РММИ-дің 9-сынып оқушысы, «Ділмар» үйірмесінің мүшесі

***

Көктөбедегі күмбірлеген күй

 

Бүгін «Ділмар» үміткерлері үшін өте ерекше күн болды. Түскі Алматының көшелерін салқын тұман басып тұрды. Аспанның жүзі жабырқаулы, айнала сұрғылт тартып, бір түрлі тыныштық орнағандай еді. Бірақ біздің көңіл-күйіміз тұманды күннің әсерінен бөлек, ерекше көтеріңкі болды. Алдымызда Көктөбеге сапар, биіктік пен шабытқа толы жол күтіп тұрды.

Жол бойы табиғаттың қоңыр салқыны қолымызды мұздатып, бетімізге жеңіл салқын тигізгенімен, жанымызды нақыл сөз жылытып отырды. «Ділмардың» үміткерлері кезек-кезек мақал-мәтел айтып, ой жарыстырып, шынайы шешендігімізді ортаға салдық. Бұл сапар тек жүріс емес, әр қадамымыз рухани байлыққа толы сәттерге айналды. Біздің достығымыз нығая түсті.

Көктөбеге жақындаған сайын тұман қоюланып, төңіректі жұмбақ кейіпке енгізді. Биіктегі суық денемізді сәл тоңдырғанымен, төбеге шыққан сәтте айналаның тылсым сұлулығына көзіміз түсті. Төменде бұлдырланып көрінген қала тұман жамылып, тыныш ұйқыға кеткендей әсер қалдырды. Табиғаттың бұл көрінісі ерекше шабыт сыйлады.

Осы тұста домбыраның күмбірі тұманды жарып, айналаға жан бітіргендей болды. Киелі аспаптың үні төбені жаңғыртып, тыныштыққа үйлесім әкелді. Домбырадан шыққан әрбір әуен бейне бір тұманның ішінде адасып жүрген қазақ рухын оятып жатқандай көрінді. Әуенмен бірге ән шырқалып, жыр оқылып, табиғаттың салқын құшағында қазақ өнері салтанат құрды десем де болады.

Домбыра үніне қызыға жиналған шетелдік саяхатшылардың жүздері таңданысқа толы еді. Олар күйдің терең мағынасын түсінуге тырысып, бізге тағы күй тартуымызды өтінді және олар қызығушылықпен тыңдады. Олардың ықыласы бізге өз мәдениетімізді мақтан етуге тағы бір күш-жігер сыйлады.

Тұманды күннің салқынына қарамастан, домбыраның үні мен рухани бірлігіміз айналамызға жылу сыйлады. Бұл күн табиғат пен өнердің, тыныштық пен әуеннің керемет үйлесімін көрсеткен, нағыз шабыт пен мақтанышқа толы ерекше күн болды. Көктөбенің тұманды шыңында күмбірлеген күй тек төңіректі емес, біздің жүрегімізді де терең тебірентті. Бұл күн әр адамның жүрегінде із қалдырды деп ойлаймын.

 

Ләззат Бағдатқызы, республикалық Абай мектебінің

 «Ділмар» үйірмесіне үміткер 8-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ