Бала саулығы — ұлт саулығы

Қазақ халқында «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген жақсы сөз бар. Халқымыз ерте кезден адамгершілікті, ар-ұятты, инабаттылықты жоғары бағалай отырып, ұл бала мен қыз балаға туғаннан бастап көрсетілер сый-құрмет, тәлім-тәрбиеге де қатты мән берген. Сонымен қатар ұрпақ саулығы – ұлттың болашағының саулығы екенін де естен шығармаған. «Ұлт саулығы – бесіктен, құрсақтан басталады» деп сәби дүние есігін ашпай тұрғанда-ақ денінің саулығына алаңдап, көңіл бөлген. Балалар – біздің жарқын болашағымыз. Олардың денінің саулығы – халқымыздың басты байлығы. Баланың білімді, тәрбиелі болуымен қатар ең басты естен шығармауға тиісті мәселе – олардың денінің саулығы. Бала денсаулығы үшін ата-анамен қатар мемлекет те жауапты. Дүниеге келген сәбидің дені сау болып өсуін қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру да ата-анамен мемлекеттің міндеті. Сондықтан мемлекет тарапынан баланың саламатты, салауатты болуы үшін жан-жақты жағдай жасау, медицинаның барлық мүмкіндіктерін бала денсаулығының кепіліне айналдыру жоспарлы түрде жүзеге асады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде 6,7 миллионнан астам бала бар. Оның 51,5 пайызы ұлдар болса, қалған 48,5 пайызы қыздар. Еліміздің кемел келешегінің иесі осынау өскелең жас ұрпақты көзіміздің қарашығындай сақтап, зиянды әрекеттерден қорғап, аялы алақанда мәпелеп, жақсыға баулып, еңбекке үйретіп, оқу-білімге құштар етіп тәрбиелеу бәріміздің асыл борышымыз.

ҚР Конституциясының ІІ бөлім 29-бабының І-ІІ тармағында «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар және Республика азаматтары заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алуға хақылы» делінсе, ҚР-ның «Денсаулық сақтау туралы» заңының 13-бабында «Балалардың денсаулық сақтау құқығы туралы» 1 тармағында «Мемлекет балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етеді, олардың дене бітімі, ақыл-ойы және әлеуметтік дамуы үшін қажетті өмір сүру жағдайларын құқықтарын іске асырады» деп жазылған. Ал осы баптың 3 тармағында «Балалардың міндетті мерзімдік медициналық тексеріп қараудан өтіп тұруға және тұрақты диспансерлік бақылауда болуға, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде емделуге және сауықтырылуға құқығы бар» делінген. Мемлекетіміз жалпы бала денсаулығын сақтау мақсатында көптеген бағдарламалар қабылдап, олардың саламатты, салауатты болып өсуімен қатар, әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыда толыққанды өмір сүруіне қамқорлық танытып келеді.
Қаір мемлекетіміз 2021-2025 жылдарға жоспарланған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын жүзеге асырып жатыр. Халықтың саулығын жақсартуды көздейтін бұл жобаның басым бағыттарының бірі де – баланың денсаулығы. Ұлттық жоба аясында әсіресе мектеп медицинасын нығайту жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, 2023 жылдан бастап әрбір емханада мектеп медицинасын үйлестіретін дәрігердің жаңа лауазымы енгізілуде. Жаңа лауазымды дәрігерлердің негізгі міндетіне мектеп мейіргерлерінің жұмысын үйлестіру, оқушылардың денсаулық жағдайына терең талдау жүргізу, мектептерде кәсіби тексерулер кіреді.
Cондай-ақ халықты денсаулық мәселелері бойынша сауаттандыру мақсатында саламатты өмір салтын насихаттауға арналған 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасы жұмыс істеуде. Бағдарлама аясында спорттық жарыстар мен денсаулық фестивальдерін өткізу, бұқаралық спортты дамыту, белсенді демалыс пен спорт үшін инфрақұрылым құру, дұрыс тамақтану мәселелері бойынша түрлі іс-шаралар, денсаулық сақтау мекемелерінде халықтың сауаттылығын арттыру үшін білім беру бағдарламалары мен консультациялар өткізу жоспарға енгізілген. Әсіресе әлеуметтік жобалар қатарында бала тәрбиесімен айналысатын ұжымдар үшін 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың тамақтану рационы бойынша ұйымдастырылған ұлттық ұсынымдар әзірленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биыл 1 қыркүйектен бастап, бастауыш сыныпта оқитын барлық баланы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыны тегін тамақтандыру жұмысы жүзеге асып жатыр. Бала ағзасының дұрыс қалыптасуы үшін дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Тамақ рационында ақуыз, май және көмірсулардың бәрі қамтылатындай жағдай жасау керек. Таңертең, түсте, кешке балалар толыққанды тамақтануы керек. Денсаулықты нығайтудың тағы бір жолы – спортқа құштарлыққа, күн тәртібі ережелерін сақтай білуге үйрету, ерте жатып, ерте тұруға, денені шынықтыруға,  салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу. Осы тұрғыдан алғанда, баланың ертеңгі ел үмітін арқалар азамат болып өсуі үшін мектептің де рөлі бар. Оның оқу-білімге ғана емес, өз денсаулығын сақтауға, салауатты өмір салтына деген ынта-ықыласы ең алдымен мектепте, айнала ортада, қоғамда  қалыптасады. Ал деннің саулығы үшін дұрыс тамақтанумен қатар тазалық сақтауға да ерекше мән берген жөн. Балалардың жеке бас гигиена тазалығы туралы мектеп медбикелері мен сынып жетекшілер кеңес беріп, назарда ұстауы қажет.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталған «Әрбір әйел – әрбір бала» атты тұжырымдаманың жобасын әзірледі. Бұл жобаны әзірлеуге еліміздің білікті мамандарымен қатар, ЖОО-дардың профессорлары қатысты. Нәтижесінде жобаның ары қарай орындалуын қамтамасыз ету бағытында іс-жоспарлар кешені жасалып жатыр. Сала мамандарының айтуынша, бағдарламаның негізгі артықшылығы ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін дамытуға, осы саланы реформалауға бағдарланады. Халқымыздың «Уызына жарыған ұрпақ – дені сау, рухы биік ұрпақ», «Бала – бауыр етің» деп өсиет еткеніндей, олардың саулығын ерте, тіпті туғаннан, туғанға дейін назарда ұстаудың маңыздылығын қазіргідей экологияның, тамақ рационының, күн тәртібінің құбылмалы кезеңінде қолдан шығармай, бақылауға алу дер кезінде көтерілген дұрыс шешім. Сондықтан мемлекет назарда ұстап отырған ұрпақ денсаулығы мәселесіне ата-аналар да бей-жай қарамаса екен.

Тілекгүл Мұқанат

ПІКІР ЖАЗУ