Бала мен алма ағашы
Ерте, ертеде, бір бала мен алма ағашы дос болыпты. Бала күні бойы ағаштың көлеңкесінде отырады. Шаршаса, көлеңкесін паналайды, тамақ жегісі келсе, жемісін жейді, зеріксе, ағашқа өрмелеп шығып, ойнайды. Осылайша оның балалық шағы зу деп өте шығады. Бала есейіп, ержетеді. Ақыл тоқтатып, отбасылы болады. Уақыт ағымымен өз тірліктерімен жүреді де, баяғы бала кезде досындай санаған алма ағашына бармақ түгілі ұмытып та кетеді. Алма ағашы болса, менің сарғайған жапырақтарымды тазалап, жемісімді жеп, бір келіп кетсе деп сағынумен күтеді.
Сөйтіп жүргенде, ақша таппай қатты қиналады. Сонда есіне алма ағашы түседі. Одан ақша алу үшін жолға шығады. Оның келгенін сезген ағаш қатты қуанады.
— Досым, кел! Баяғы күндердегідей көлеңкемді саяла, жемісімді же, асыр салып ойнайық, — дейді балаша.
— Сен не айтып тұрсың? Мен бала емеспін, үлкен азаматпын. Маған ойынды айтқанша ақша бер, — дейді қатуланып.
— Мендегі ақша — жемістерім. Теріп ал да, сатып ақша қыл, — дейді мәрттік танытып.
Бала күнгі досы алмаларды жинап алады да, алғыс білдірместен кете барады.
Араға біраз жыл салып, жігіт ағасы жасына келгенде, тағы алма ағашына келеді. Алма ағашы бәз-баяғы қалпы.
— Келгенің қандай жақсы болды! Мен сені әбден сағындым. Кел, бала кездегідей ойнайық, — дейді.
Бала болса:
— Қайдағы ойынды айтып тұрсың, ақымақ! Мен көп балалы-шағалы болдым, енді маған бәріміз тұратын үлкен үй керек, — дейді.
Ағаш:
— Досыңнан ешнәрсе аямайсың, менің бұтақ-тарымды апарып, үйіңді салып, ал, — деп иіледі.
Бұтақтарын кесіп, басып алған досы тағы үн-түнсіз кетеді.
Араға оншақты жыл салып, ағашқа қайта келеді. Алма ағашы үнсіз қарсы алады. Сөзді бала досы өзі бастайды.
— Мен елағасы болдым, маған қайық керек. Өзгелер тәрізді қайықты суға салып, теңізден мұхитқа жеткім келеді, — дейді міндет ете.
— Сен менің кеудемді алып, одан қайық жасап ал. Арманыңа жет, — дейді.
Бала ағашты орта белінен шауып алып, жөнеледі. Сол кеткеннен мол кетеді. Өлер шағында бала күні есіне түсіп, ұзақ жол жүріп, алма ағашына қайта келеді. Шаршағаны соншалық, келе ағашқа сүйене отыра кетеді. Алма ағашы да орта белден қурап, құр сүлдері қалады. Ағаш:
— Менің саған беретін жемісім жоқ, — дейді шаршаңқы дауыспен.
— Оны тістеп жейтін мен де тіс те қалмады.
— Бұтақтарым да, кеудем де кесілді. Діңім де шіріді. Саған берер ешнәрсе қалмады, — дейді ағаш әзер сөйлеп.
— Менің оларды алатын күш-қуатым қалмады. Тек сүйеніп отырсам болғаны, — дейді алма ағашынан айырмашылығы қалмаған бала.
Мына сөзден кейін алма ағашы еңкілдеп жылап қоя береді.
Қадірлі достар! Мына өмірде ана алма ағашына теңеліп отыр. Бала кезде анасына көмектесуді ұмытатын, қиналғанда анасын тек ақша алу үшін ғана есіне түсіретін адамдар біздің арамызда да бар. Асыл анамызды, ардақты әкемізді мәпелей білейік, құрбылар.
Мына ертегіде бала ана алдындағы парызын өтей алмай, өкініштен өзегі өртеніп, иесіз қалған екен. Өзі анасына қандай көзқараспен қараса, оның балалары да дәл солай, әкесіне қамқорлық жасамаған. Қартайған шағында көп азап тартып, о дүниеге атанады…
Лунара АМАНҒАЛИЕВА,
БҚО, қаратөбе ауданы, Қоскөл ауданы.