Бақытты балалық шақ

Disneyland Resort Paris, Marne la Vallée, France

Менің балалық шағым – менің ұмытылмайтын ең тәтті, ең бақытты күндерім деп есептеймін. Мен екі жастан алты жасқа дейін «Қарлығаш» балабақшасына барып, Сәуле, Маржан, Аягөз апайларымнан тәлім-тәрбие алдым. Ол кісілер бізге қасық ұстап, тамақ ішуді, өз бетімізше киім киюді үйретті. Тілімізден алғашқы сөздер де сол балабақшада шықты.
Мен кішкентайымнан оқу-білімге құштар болып өстім. Балабақшада жүріп аудандық, облыстық деңгейдегі әртүрлі шығармашылық іс-шараларға, жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Қазір сол балабақшадағы қызықты сәттер есіме түссе, рахаттанып бір күліп те аламын. Сондықтан да, балабақшада өткізген әр күнім маған ыстық болып тұрады.
2015 жылы 6 жасымда бірінші сыныпқа бардым. Менің мектебім үш қабатты, әсем ғимарат. Мектебімізге ауданымыздан шыққан алғашқы математик, ұстаз Бименде Амалбековтың есімі берілген. Мектебімде сыныптар көп және спорт залы, мәжіліс залы бар.
«Мектеп» сөзінде үлкен мән-мағына жатыр емес пе?! Мектепке балалар тәлім-тәрбие, білім алуға келеді. Әр баланың жүрегінде ең алғашқы ұстазы ерекше орын алады. Маған оқу мен жазуды үйреткен алғашқы ұстазым – Дана Бекенқызына алғысым шексіз. Мектеп табалдырығын алғаш аттасымен достарым көбейді. Бір сыныпта оқитын достарым тәртіпті, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүретін балалар. Сыныптасым Рамазан менімен бірге балабақшада болған досым.
Өзім бос уақытымда сурет салғанды жақсы көремін. Сурет салу – менің хоббиім десе де болады. Қолым босай қалса, қағаз бен қарындаштарды алып, сурет сала бастаймын. Бірінші сыныпта оқып жүргенде, анамның жұмысындағы ағайлар мен апайлардың портреттерін салып бергенмін.
Сабақтан тыс қосымша ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Ауданымыздағы Халық мешітіне барып, араб тілін де үйрендім.
Екінші сыныптан бастап мектеп кітапханасына жазылып, үнемі қызықты кітаптар алып оқып жүремін. Әсіресе «Мен оқығанды ұнатамын» сериясымен шыққан кітаптарды ерекше ұнатып оқимын.
Спорт мектебіндегі бокс үйірмесіне барамын, сондай-ақ шахмат, тоғызқұмалақ ойнағанды жақсы көремін.
Қазіргі кезде көп балалар балалық шақтың қайталанбайтын балдай тәтті кездерін ұялы телефонда, компьютерде отырып өткізіп жатыр. Біздің үйде компьютер, интернет деген жоқ. Себебі апам «өскен соң аласыңдар» дейді. Компьютерлік ойындар адамды өзіне тәуелді етіп қояды. Кейбір достарыма ойнауға барсам, интернеттен бастарын көтере алмай отырады.
Қысқы демалыстарда коньки тепкенді ұнатамын. Қысқы уақытта жылқыларымыз қолға қарағандықтан, әкем мені жабағы, тайларға мінгізіп үйретеді. Коньки тебу мен жылқыға міну салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған нағыз спорт түрлері деп ойлаймын.
Жазғы демалыс күндерім де қызықты өтеді. Күнде таңертеңгі уақытта бақшаны суарамын, арам шөптерді жұламын. Аптасына бір рет кезекпен қой бағамыз. «Нағыз ер жігіт жүзу білу керек» деп ағам бізді өзенге түсіріп, жүзуді үйретеді. Салқын самалмен күнде кешке өрістен келе жатқан сиырды күтіп алуға барамыз. Достарыммен бірге велосипед теуіп, доп қуалап, футбол ойнаймыз.
Өзімнің балалық шағымның Жаңаарқадай жерде өтіп жатқанына қуанамын. Өзімді бақыттымын деп есептеймін, себебі сүйікті Отанымыз, қасиетті ана тіліміз, ардақты да аяулы ата-анамыз бар. Осының бәрін ардақтай білуге-біздің алтын ұя мектебіміз бен ұстаздарымыз үйретті.
Әр баланың балалық шағының қызықты күндері таусылмасын!

Қайырбек Әбубәкір,
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Б.Амалбеков атындағы мектептің 5- сынып оқушысы.

ПІКІР ЖАЗУ