БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҒЫҢДЫ ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚОР ЕТПЕ

2024 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 350 мың адам күнделікті ақша тігіп, құмар ойындар ойнайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілде күні лудоманияға қарсы заңға қол қойды. 2026 жылға қарай лудомандар саны екі есе қысқарады деп жоспарланып отыр. Психолог мамандар балалардың желідегі өміріне қазірден бастап мұқият қарамаса, олар болашақта лудоман болуы мүмкін екенін айтады. Ойынқұмарлық – бұл гаджеттердегі цифрлық ойындарға деген тәуелділік. Мұны «ойынға тәуелділік» деп атаған дұрыс.

Ал лудомания – қаржылай марапатқа ие болу мақсатында құмар ойындар ойнау. Әдетте онда бәс тігіледі. Бұл екі патологияның өзара ұқсастығы көп. Химиялық тәуелділік болып саналмайтын ойынға тәуелділік пен лудоманияның ұқсастығы шынайы өмірден қашу. Геймер де, ойынқұмар адам да өмірде аса тартымды емес, олар көштің соңында қалған адамдар болуы мүмкін. Ал виртуалды әлемде олар өзін мінсіз етіп көрсете алады. Анозогнозия. Кез келген тәуелділік астарында ауруды мойындамау жатыр. Адам критикалық ойлау қабілетінен айырылып, ойынды өзінің басты жоспарларынан, әлеуметтік парызынан жоғары қояды. Ойынға тәуелді адам, тіпті, уақыт үнемдеу үшін дәретхана бармауы, тамақ ішпеуі мүмкін. Ол түнімен ұйықтамайды. Ал лудоман үйінде бар бағалы заттардың бәрін сатып, соңғы ақшасына дейін жұмсайды.
Жеңіл жолмен ақша табу. Бұрын құмар ойындар ойнайтын азамат қана ақша ұтып алуды мақсат тұтатын. Өкінішке орай, қазір жағдай мүлдем өзгерді.
Интернеттің арқасында қазір онлайн ойындардан да ұтыс алуға болады. Ойынқұмар адамдар көп жағдайда бұл қызығушылығынан бас тартуға тырысады. Өз денсаулығына, отбасылық өміріне қауіп төніп тұрғанын білген соң, бастапқыда бұл қолдарынан келеді. Өкінішке орай, осы сәтте көбісі иллюзияның құрбаны болады. Әдетте осыдан кейін «тізгінді жіберіп алады да», тағы бір рет ойнап көруге шешім қабылдайды, «өзімді кез келген уақытта тоқтата аламын» деп қателеседі.
Лудомания мен ойынға тәуелділіктің салдары әртүрлі болуы мүмкін. Құмар ойындар бірінші кезекте адамның қаржылық жағдайына әсер етеді. Лудоман қарызға белшесінен батып, соңында құры қол нырай қалады. Кейін осы фактор физикалық және психологиялық салдарға алып келеді. Ал компьютерлік ойындар бірінші кезекте уақытты жейді. Адам балалық шақтың не екенін білмей өседі. Бала тәні мен миын дамытып, әртүрлі дағдыларды меңгеруі керек. Мұның орнына ол ешбір құндылық жоқ ойындарға уақытын құртады. Бала расымен үйде, қауіпсіз жерде отыруы мүмкін. Бірақ күн сәулесі мен таза ауа көрмеген баланың денсаулығы нашар болатыны сөзсіз. Нәтижесінде көру қабілеті, омыртқасы, тамырлары, орталық жүйке жүйесі зақымдалады. Күйзеліске төтеп беру қабілеті төмен болып келеді. Ойынды оқу мен жұмыстан жоғары қояды. Ең өкініштісі қоғаммен байланыс үзіледі, үлкен өмірге еш дайындықсыз барады.
Құмар ойындарды әдетте адамдарға таныстары ұсынады. Аса табысты адамдар да лудоман болуы мүмкін. Олар өзін «ақылдымын, барлығын бақылауда ұстап, жүйені айналып өте аламын» деп ойлайды.
Ал ойынға тәуелділік ерте жастан басталады. Бала күннен десек те болады. Көп жағдайда бұған ата-ана әрекеті себеп. Компьютер, смартфон және планшет сатып алып береді. Олар мұны баланы дамыту үшін жасап жатырмыз деп ойлайды. Сатып алған соң ішіне пайдалы қосымшалар мен ойындарды орнатып береді.
Гаджетті меңгерген соң бала әлеуметтік желіге кіреді, әртүрлі ойындарды жүктейді. Бір қарағанда бала қауіпсіз жерде отырғандай көрінеді. Үлкендер гаджетке қадағалау қызметін қосып қояды. Алайда, балалар оны қалай өшіріп, айналып өту керегін жылдам үйреніп алады. Ал желіде жалғыз қалған бала алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін. Көп жағдайда смартфон мен өзге техниканы ата-ана баланың көңілін аулау үшін, яғни оған көңіл бөлуге шамасы жетпегендіктен алады.
Алайда қазіргі заманда балаға сатып алып берген смартфон оны лудоманға айналдыруы мүмкін. Яғни, баладан демалу үшін смартфон алып беру болашақ лудоманды тәрбиелегенмен тең. Тәуелділікті емдеу қиын болғандықтан, оның алдын алғанымыз әлдеқайда тиімді. Бала теріс жолға түспеу үшін отбасындағы атмосфераны қалыпқа келтіру жеткілікті.

Әділет Қабиденұлы

ПІКІР ЖАЗУ