Бақыт деген не?

Шразаддин КАНИЯЗОВ –
С.Демирел атындағы университеттің түлегі, аудармашы, жас жазушы. Тәрбиелік мәні мол әңгіме жазып жүрген оның болашағынан көп үміт күтеміз. Өздеріңе үлгі болар осы әңгімесін оқуға бердік.
Редакция

 

Алматының төменгі жағында ұзыннан созылған Жалғызбай деген көше бар. Тағдыр ма, әлде әкімшілік пе, әйтеуір атауын кім қойса да дөп қойыпты. Жалғызбай көшесінің қақ ортасындағы үш қабатты зәулім үйде Асқанбайлар отбасы тұрады. Отбасы деген аты болмаса, сондағысы екі-ақ адам, ал қалғаны күнкөрістің қамымен жүрген қызметшілері.
Отбасының отағасы Серік Асқанбай, кезінде Кеңес үкіметі құлдыраған шақта бидай сатып кәсібін дөңгелетіп алған аз пысықтың бірі. Серіктің Санжар деген он жастағы ұлы бар. Иә, Санжар Асқанбай болады. Бұл отбасының ошағын түтетіп, ұйытқысы болған анасы Санжар туғанда қайтыс болған еді. Содан бері зәулім үйде тек іскер әкесі мен ерке баласы ғана
тұрады.
Серік Санжардың бір тілегіне жоқ демеді, бар қалауын істеді. Санжарда бала арман етуі мүмкін ойыншық пен ойынның түр-түрі бар. Жалғыз өскеннен кейін Санжардың бойында қызғаншақтық, қомайғайлық және іштарлық секілді теріс қасиет көп көрінетін. Содан болар, бірге уақыт өткізіп, қызық кешер досы да жоқ. Сөйтіп үйдің ауласынан ары шыққанды ұната бермейтін Санжардың қолы жетпеген ойыншығы не ойыны қалмады. Бірақ ешқайсы қызық емес, шын қуантпайды. Алғашқы күні қызығып ойнайды, ал ертесіне қарағысы
да келмейді. Әкесі де ұлына басқа не алып берерін білмей әлек.
Күндердің күні Санжар үйінің үшінші қабатындағы бөлмесінің терезесінен көшенің арғы бетіне көз салып, асық ойнап жүрген бес баланы көреді. Санжар ақыры қызық ойын таптым-ау деп әкесіне айтып бір қап асық алдыртады. Ішінде сарысы да бар, қызылы да бар. Ортасына қорғасын құйылған сақалар да көп. Санжар асықтарымен он минут ойнады да, тастады. Түк қызық емес. Ана балалар неге сонша көңілді болды екен?..
Сөйтіп ертеңінде тағы да терезеден көшенің арғы бетіне көз салып еді, бір алтыбақанды кезекпе-кезек тепкен бес баланы көрді. Қуанышында шек жоқ, ең бақытты адам солар дерсің. Санжар көре сала қызықты. Содан Санжар егер олар бір алтыбақанға кезек күтсе, мен жалғыз өзім мініп олардан да көңілді боламын, уақытымды олардан да қызық өткіземін деп ойлаған. Сөйтіп әкесіне түрлі түске боялған, үлкен әрі көркем бір алтыбақан алдыртып аулаға қойдыртады. Бес минут үстіне шығып, арлы-берлі тербеліп еді, еш қуанбады. Көрші балалардың жүзінде болған қуаныштың бір бөлігі де жоқ.
Ертеңінде терезесінен көшенің арғы бетіне көз салып еді, бір алма ағашының шикілей піскен алмасын аламыз деп әуреленіп, жүзінде күлкісі сейілмей тұрған тағы сол бес баланы көреді. Олар әбден мәз. Қолындағы қисық бұтағымен шикі алманы ұрып түсіргісі келіп тұр. Санжар қызығы таусылмас ойынды енді таптым деп әкесіне айтып ауласына алма бақшасын жасатады. Шіркін, алмасын айтсаңызшы. Жарқылдаған қызылы суретшінің қолынан шыққандай, ал көлемі батаға алақан жайған алыптың қос алақанындай. Санжар бір алманы тістеді де тастады. Дәмі де жоқ. Қызығы да көрінбейді. Салы суға кеткен Санжар ақыры шыдамай көшенің арғы бетіндегі балаларға жүгіріп барып жан айқайын айтты. Жалғызсырап жүргенін, іші пысқанын және олармен бірге күліп-ойнағысы келетінін білдірген.
Сөйтіп олардың әрдайым бақытты болып жүргенінің себебін білсем дейді. Сонда балалар зәулім үйден алғаш шыққан жаңа досын ортасына қосып, бірге ойнай бастады. Санжардың көз алдында шіріген асық та ғажап. Бәрі кезекпе-кезек мінетін ескі алтыбақан да керемет. Әлі толық піспеген алма ағашының жемісі де тәтті. Бұл неткен сиқыр деп ойланды бай ұлы. Сол кезде Санжар нағыз бақыт бәріне бір өзің иелік ету емес, барыңды басқамен бөлісу екенін түсінеді. Осыны түсінгені сол еді, содан бері еш күрсінбеді.

ПІКІР ЖАЗУ