Байқаудың жеңімпаздары марапатталды

«Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, жас зиялыларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналы бірнеше жылдан бері шығармашылық байқауға бәйге жариялап, әр жылдың соңында қорытындылап келе жатыр. Өткен жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты өткізілсе, биылғы байқауды тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізді. «Отан! Отан, бәрінен биік екен!» деген тақырыппен эссе жазуды жолға қойған болатын. Жыл бойы еліміздің барлық өңірлерінен оқушылар өз эсселерін «Мөлдір бұлақ» журналының электронды поштасына жолдап отырды.


«Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының тікелей ұйғаруымен және қолдап-қуаттауы арқасында жыл бойы жалғасқан байқау 20-желтоқсан күні өз мәресіне жетті. Редакция қоржы-нына жүзден аса эссе келіп түсіп, қазылар алқасының қарауынан өткен соң, олардың ішінен іріктелген 13 оқушының эссесі озық деп бағаланды. Осылайша тәуелсіздік дәуірінің төл перзенттерінің шығармашылық талантын ашып, олардың отаншылдық, ұлтжандылық санасын оятып, елдіктің, егемендіктің қадір-қасиетін сіңіре түсті. Үміткерлер үйренген білімдерін қолдана отырып, жүрек сөздерін ақ қағазға кестелепті. Бүгінгі бүлдіршіндер – елдің ертеңгі иесі. Олардың білімі терең, руханияты бай болса болашағымыз одан сайын нұрлы бола түспек.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директорының орынбасары Жанбақыт Мерекеұлы, газеттің Бас редакторы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ертай Айғалиұлы, балаларға арналған республикалық «Алтын сақа» баспасының Бас редакторы, ақын Саят Қамшыгер, ақын, әнші, PhD докторанты Ержан Жұмабек қатарлы белгілі қаламгерлер өз кезегінде сөз сөйлеп, жүлдегерлерге грамотолар мен бағалы сыйлықтарды тапсырды. Кездесу барысында шәкірттер өнерлерін ортаға салып, әсерлерімен бөлісті. Жеңімпаз оқушыларды жан-жақтан бастап келген жетекші ұстаздар мен ата-аналар шараны ұйымдастырушыларға рақметтерін айтып, журналға ұзақ ғұмыр тіледі. Жүлдегер болған оқушыларға жетекші болып, бағыт-бағдар берген ұстаздары Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапаттау рәсімін «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлы жүргізіп отырды.

Әйгерім Төкен, жас тілші

ПІКІР ЖАЗУ