Бай-өлкеден келген хат

Құрметті «Мөлдір бұлақ» журналының редакциясы, құрметті шығармашылық ұжым! Сіздерге Монгол Халық Республикасы, Баян-Өлгий қаласынан хат жазып отырмын. Атым Гүлғайым. 11-сыныпта оқимын.
«Мөлдір бұлақ» журналын әлеуметтік желілердегі парақшасы арқылы үнемі оқып жүремін. Өзім спортқа жақын болсам да кітап, газет-журнал оқуды жақсы көремін. Кішкентай кезімнен ән айтып, сурет салып, түрлі жарыстарға қатысатынмын. Жүлделі орындар иеленген сәттерімде анам мен әкем қатты қуанатын. Балам еліміздің мақтанышы болады деп, үнемі менің тілеуімді тілеп, қолдап отырады.


Мен 7 сыныптан бастап, дзюдоға қызыға бастадым. Бұл спорт түрінен әлем чемпиондарының өмірбаяны, жеңіс жолдары туралы көп оқи бастадым. Дзюдоның өзіндік ерекшеліктері мені өзіне ынтықтыра түсті. 9 сыныптан бастап дзюдоға қатысып, өтетін жаттығуларды қалт жібермей, шыңдалу, әдіс-тәсілдерін ерінбей меңгеру талабын қойдым. Жаттықтырушым Аманбек Қабкейұлы. Ұстазымның жалықпай дзюдоның қыр-сырына баулуының арқасында жарыстарға қатыса бастадым. Ең алғашқы жеңісім әлі есімде. Өзім де, ата-анам да, ұстазым да қатты қуанды. Сол сәттен бастап Әлем чемпионатына қатсып, жүлдегері, жеңімпазы болсам деген арманым пайда болды, сенім ұялады.


Әкем Айланыш пен анам Күрішхан дзюдодағы жетістіктерім үшін қуанып, үнемі мақтанып отыратыны менің арманыма қанат бітірді. Кейде айналамдағы адамдар «Қыз балаға дзюдо қиын емес пе?» деп сұрап жатады. Мен өзім алдыма мақсат қойып, қызыққаннан кейін, Алланың қалауымен арманыма жетемін деп ойлаймын.
Қазақ елінің дзюдода олжа салып жүрген спортшысы Әбиба Әбужақынова, Жапон елінің мақтанышы Абе Ута, Монгол елінің атақты қызы Урганцэцэг Мөнхбаат, қазақ пен монголдың тең азаматы Отгонцэцэг Галбадраах сынды жеңімпаздарын өзіме үлгі тұтамын.


Қазіргі уақытта менің дзюдоғы жеңістерім туралы айтатын болсам, Ресей Федерациясы Горный Алтай қаласында өткен халықаралық жарыстан 3-орын алдым. Келесі жарыста 1-орын алып, үздік балуан атандым. Осы санатта алған төрт-бес кубогым бар. Еркін күрес, дзюдодан алған кубоктарымды санасам саусағым жетпейді. Ең бір өзіме мақтаныш сезімін ұялатқан жеңістерімнің бірі – Қазақстан Республикасы Павлодар қаласында өткен қазақ күрес-дзюдо бәйгесінен 1-орын алғаным. Әлем чемпионы атанып, осы сәттен бастап әлем алдында дзюдо шыңын бағындырсам деген асыл арманым орныға түсті.
Құрметті «Мөлдір бұлақ» ұжымы, Сіздерге хат жазып отырған себебім, менің осы бір шағын ғана мөлтек сырымды сүйікті журналым арқылы бөліскім келеді. Сіздерге алғысым шексіз. Дзюдоға құмартқан жанымды журналда жарияланған мөп-мөлдір әлем арқылы үнемі рухани байытып отырамын. Менің рухани толысуым, тұп-тұнық сезімдерімнің қалыптасуында сүйікті журналымның алар орны бөлек. Сіздерден қол үзіп қалмау үшін, Сіздерді үнемі оқып отыруым үшін, үнемі байланыста болғым келеді. Егер менің осы бір шағын ғана мөлтек сырым қолдарыңызға тисе, бек қуанар едім. Егер журнал бетінде жарық көріп жатса, алғысым зор!

Құрметпен Гүлайым Айланышқызы

ПІКІР ЖАЗУ