Аяулы мектебіме 50 жыл!

Меркі ауданындағы №44 жалпы орта білім беретін мектепті бітіріп отырған біздер киелі білім ошағының 50-ші түлектеріміз! Қимастық сезіммен жарты ғасырлық тарихы бар алтын ұямызбен қоштаса отырып мектеп директоры Ниетқали Әбдімомынұлы Конкабаевқа, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Жақсымбетов Тоқтар Әлімбайұлына, Аликулова Ғалия Күшікбайқызына, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Даулетова Гүлзия Кәдірмашқызына, 11 жыл бойы біздерді білім нәрімен сусындатқан ардақты ұстаздарымызға шексіз алғысымызды білдіреміз.


Мектеп табалдырығын аттағанда күлімсіреп қарсы алған, әріптерді танытып, қолымызға қалам ұстатып жазуды үйреткен алғашқы ұстазымыз Мадина Ахметоваға, қашанда қасымыздан табылатын сынып жетекшіміз Айнұр Жанақбаева, тарих пәнінің мұғалімі Жанар Мукашева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Дүрия Қожахметова, география пәнінің мұғалімі Гүлмира Найзабекова, математик Назира Төлендиева, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Алтынай Құдайбергенова, физик Нүрзия Көрпешова, орыс тілі пәнінің мұғалімі Әсия Манкеева, химик Гүлнар Медетова, биолог Кулипа Узбекова апайларымыз бен денешынықтыру пәнінің мұғалімдері, жарқын жүзді Бақытжан Қасенов пен Талғат Чиндалиев ағайға ризашылығымыз шексіз. Баланың бағбаны болған асыл жандар біздерді тек білім нәрімен сусындатып қана қоймай, ақыл кеңестерін айтып, дұрыс бағыт- бағдар беріп, жарқын болашаққа жол сілтеді.


Биылғы оқу жылы біздер үшін ерекше қуанышты жыл болды. Білім ошағы күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи үлгіде жабдықталып, қайтадан пайдалануға берілді. Кең, жабдықталған, әсем де жайлы оқу кабинеттері жанға ерекше жайлылық пен қуаныш сыйлайды. Осындай игілікті істің қасында жүрген білікті мектеп басшысы Ниетқали Әбдімомынұлының, ұжымның қажырлы еңбегіне табыстар мен жетістіктер, өрлеу тілейміз. Біз Сіздерді әркез үлгі етіп, есімдеріңізді мақтанышпен атаймыз.
Үлкен өмірге қадам баса отырып, сенімдеріңізді ақтап, іскер азамат, ел мақтанышы болуға тырысамыз. Келешекте алға қойған мақсатымызға, табыстарға жетсек, алдымен сіздердің еңбектеріңіз, тілектеріңіз бен ақ ниеттеріңіздің арқасы деп білеміз. Аяулы анамыздай болған жаны жайсаң сүйікті ұстаздарымызға амандық, мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Отбасыларыңыз аман, тынымсыз еңбектеріңіз жемісті болсын, ардақты ұстаздар!

11 «А» сынып түлектері атынан
Бақдәулетова Элдана
№44 жалпы орта білім беретін мектеп
Жамбыл облысы, Меркі ауданы

 

2 comments

  1. Мадина Мейрамовна 11 Маусым, 2021 at 23:14

    Тамаша!!! Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған кішкентай бүлдіршін едіңдер👫👭👬Енді міне 11 жыл білім алып алтын ұя мектептен ұшқалы тұрсыңдар, ұшар қанаттарың талмасын 😘😘😘 Сендерге сәттілік тілеймін😘😘😘🌹🌹🌹

  2. Кенжегуль 11 Маусым, 2021 at 23:27

    Жарайсыңдар жас түлектер. Ақ жол. Жолдарың ашық болсын. Биктерден көріне беріңдер!

ПІКІР ЖАЗУ