Аялдамадағы оқиға
Айт күндерінің бірі болатын. Аялдама маңы ығы-жығы. Екі кең орындықта қарт адамдар отыр. Орта тұсында қаусырмалы жасыл камзол киген апа бар. Дөңес көзілдірігінен көздері үлкейіп көрінеді. Қолындағы әдемі таяғын нығыздап екі қолымен ұстап алған. Жаңа ғана жанында ыржалаңдап тұрған екі жас қызға жекіп тастады. Олар аялдаманың арт жағына кетті.
Кенет бір қара күшік келді де, жол жиегінде жатқан жұдырықтай сап-сары бауырсақты иіскілеп-иіскілеп кетіп қалды.
— Қаланың иті де нан жемейді, — деп қарқылдады орыс шалы.
— Колбасаға үйренген ғой бұлар, — деп қазақ шалы кеңкілдеп күлді.
Кейуана екеуіне жақтырмай үнсіз қарады. Кенет арқасында сөмкесі бар он жасар ұл бала жүгіріп келді де, бауырсақты көтеріп, аялдаманың жақтауына апарып қойды.
— Ой, айналайын-ай, бері келші, — деп апа онышақырып алды да, маңдайынан иіскеді. Таяғын жанына сүйеп, әжімді саусақтарын жайды.
— Елдің намысын ойлайтын үлкен жүректі азамат бол! – деп бата берді. Аялдамадағы орыс-қазағы қосыла беттерін сипалады.
Кешікпей автобус келді де, апа көлікке бет алды. Жаңағы өзі жекіп тастаған екі қыз демеп отырғызып жіберді. Мен де артқы орындыққа жайғастым. Терезеге қарасам, жаңағы ұл бала құлдыраңдап жүгіріп барады екен. Нан қадірін жастай түсінген сол бала жақсы азамат болып өсетініне мен де сенімдімін.
Жайна ӘЛХАНОВА, № 57 орта мектептің 11-сынып оқушысы. Астана қаласы.