Ауызым жабылмаушы еді…
Ақтөбе облысының Шалқар дейтін жерінде дүниенің есігін ашыппын.
Бесінші, алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімнен-ақ «Тамаша» ойын-сауық отауының қойылымдарын жіберместен көретінмін. Құдайберген Сұлтанбаев, Мейірман Нұрекеев,Уайс Сұлтанғазин,Тоқсын Құлыбеков, кейіннен Бауыржан Ибрагимов секілді ағаларымыздың сахнада ойнаған қойылымдары мен монологтарын бір тыңдап алып жатқа орындайтын әдетім бар еді. Және соның бәрін мектептегі түрлі шараларда, концерттерде жиі қолданатынмын. Әлі есімде, 1990 жылы 7 сынып оқимын. Наурыз мерекесі қарсаңы болатын, Өзгеріс деген апайым: «Сен бала, ертең орталық алаңда Наурызға арналған концертте өнер көрсетесің»,- деп, қолымнан жетектеп алып барды. Бауыржан Ибрагимовтың «Құдағи, бір портия» атты монологын орындайтын болдым.
Бұрын-соңды алаңдағы үлкен сахнаға шығып көрмегенмін, аздап қобалжу болды. Бірақ көп ұзамай халықтың қошеметіне бөленіп,алаңдағы көрерменді қыран-топан күлкіге бөлегенім бар. Сол жерде Шалқар аудандық мәдениет үйінің режиссері Мұхамбет Еңсепов деген ағамыз нағыз азамат деп айтуға лайық кісі өзі, маған үйреткені көп болды. Сол кісінің көзіне түсіп, мені мамыр айында болатын концертке шығуымды өтінген болатын. Сөйтіп, 1990 жылы 9 мамырда Шалқар аудандық мәдениет үйінің сахнасында алғаш рет өнер көрсеттім.
Қызықтың көкесі болғанда мектепте болады ғой. Мектепте керемет оқыдым деп айта алмаймын, бірақ қоғамдық жұмыс — концерт, мектепаралық байқау десе алдыма жан салмайтынмын. Сондықтан болар, мұғалімдер мені жақсы көретін. Ешкімнің басын жарып, көзін шығармасам да, өзіме жетерлік тентектігім бе, қырсықтығым ба, әйтеуір бір мінезім бар. Тағы бір қасиетім үй тапсырмасын білмесем де бір сөзді қайта-қайта айта беретінмін, аузым жабылмайтын.
Ұстазым: «Әй, Ордин, ата-аналар жиналысына тағы да нағашы әжең келетін болса, көп рахмет, келмей-ақ қойсын», — дейтін.
Бірде сабаққа сол әжемнің үйінен қатынап жүрген едім, өзімнің анам екі-үш сіңлісімен қосылып алып, ал кеп тәртіпке салсын мені. Тырнағың алынбаған, қолың кір, шашың өскен, сабағың нашар көрінеді дегендей…
Әжем қамыр жайып отырған, шыдамаса керек:
— Немене, сендер баланы бүгін көріп қал-
дыңдар ма, менің баламды жан-жағынан мүйіз-
деп о, несі әй? — деп орнынан ұшып тұрды-да-
ғы, қолындағы оқтаумен қыздарын күйеулері-мен қосып сабап, үйден қуып шықты.
Сосын екеуміз бір табақ етке тойып алдық. Әй, марқұм әжем-ай!