АУДАНДАҒЫ «COWORKING» ОРТАЛЫҒЫ — ЖАСТАР БАС ҚОСАТЫН ОРЫН
Ақтөбе облысының іргесіндегі Алға ауданында жақында жастарға арналған «Coworking» орталығы ашылды. Мәдениет үйінің екінші қабатында орналасқан орталыққа жастар бос уақытында келіп, семинар, конференция, іскерлік кездесулер мен өзге де қажетті шараларды өткізе алады. Өзін-өзі дамыту жұмыстары бойынша тренингтер ұйымдастырып, заңдық, IT және маркетингтік кеңестер ала алады.
— «Coworking» орталығының жұмысы жақында ғана басталды. Карантинге байланысты жастарды жинағанымыз жоқ, барлық шаралар онлайн форматта ұйымдастырылды. Орталық қазіргі заман талабына лайықталып жасақталған, шағын кітапханасы бар және ноутбуктермен қамтамасыз етілген. 1-қыркүйектен бастап бізде аптасына екі рет ағылшын және түрік тілдерінен жастарға арналған тегін курстар басталды. Қазір ауданда 8213 жас бар. Оның 4200-і қалада, қалғаны ауылдарда тұрады, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Темірлан Мейірманов.
Орталықты ашудағы мақсат — әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, жобаларды және бірлесе жұмыс жүргізу үшін жастардың қолжетімді жұмыс кеңістігін ұйымдастыру. Коворкинг орталық төрт аймаққа бөлінген: іскерлік қатынас аймағы, бейресми кездесулер аймағы, демалыс аймағы және жеке жұмыстар жасауға арналған алаң.
— Іскерлік қатынас аймағы — шығармашылық және ғылым жолындағы жастардың басын қосу мақсатында түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға арналған. Мұнда жастар өз жобаларын, идеяларын талқылай алады, іскерлік кездесулер, пікірталастар, лекция, семинар, шеберлік сағаттары мен тренингтер ұйымдастыруға болады. Бұл орталықта жұмыс жасауға қажетті құрал-жабдықтармен (компьютер, проектор, экран, маркерлі тақта, диван, стол, үстелдер) жабдықталған. Интернет, WI-FI бар.
Коворкингтің ең тартымды аспектісі — креативті орта және пікірлес мамандар қауымдастығының құрылуы. Қазіргі таңда коворкинг орталығы жастарға берері мол. Кез-келген сала бойынша білімін жетілдіріп, ақпарат алуларына болады. Түрлі сала негіздерін оқытатын тегін курстар да бар, — дейді орталық заңгері Гүлнұр Наушина.
Орталық таңнан кешкі 11-ге дейін демалыссыз дұмыс істейді екен. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесіне байланысты ұдайы шаралар өткізіліп тұрады. Жақында ауданның еріктілер тобы және пробация бөлімінде тұрған жастар өз ұсыныстарын білдіріп, алдағы уақытқа іс-шаралар жоспарын жасақтады. Жастар арасында «Бос уақытты тиімді пайдалану» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жұмыссыз жастарға тегін мобилография курсы өткізілді.
Жақында Алға ауданына іссапармен барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті жастармен әңгімелесіп, сұрақтарына жауап берді.
— Бүгінде жастардың көбі жұмыс іздеп жүр, сонымен қатар, көптеген кәсіпорын лайықты еңбекақысы мен жағдайы бар жұмысқа жұмысшылар таппай жүр. Өйткені тиісті білімі мен біліктілігі бар маман жоқ. Сіздердің білімге деген құштарлықтарыңыз бен мамандықты дұрыс таңдауларыңызға көп нәрсе байланысты. Еңбек нарығында расымен сұранысқа ие мамандықты таңдау арқылы өздеріңізді, кейін отбасыларыңызды қамтамасыз ете аласыздар, — деді Оңдасын Оразалин.
Жақында «Coworking» орталығында Алға ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін қайтарымсыз грант бойынша конкурстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл шараға 2018-2021 жылы «Бизнес бастау» курсын аяқтаған өз кәсібін бастағысы келетін жұмыссыз азаматтар қатысты.
15 жұмыссыз азамат қатысып, өз жобаларын ұсынды. Нәтижесінде 9 адамға өз кәсібін бастау мақсатында комиссияның қорытындысымен қайтарымсыз грант берілді. Олардың қатарында Алға ауданының жастары да бар.
М.Рахатқызы,
Ақтөбе облысы