Аудан әкімдігінің демеушілігімен спорт алаңы ашылды
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында «Балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет. Спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс» деп халықтың дене шынықтыру және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту қажеттігіне аса көңіл аударғаны белгілі. Спорт денсаулық кепілі, салауатты өмір сүрудің негізгі кілті.
9 қазанда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру және спортты насихаттау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің Барлыбек Сырттанұлы атындағы №34 орта мектебінде спорт алаңы ашылды. Спорт алаңы Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімдігінің демеушілігімен үш ай мерзімде салынған. Іс-шараға, Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Абайұлы, ауданның белсенді азамат-
тары, қамқоршылық кеңес төрағасы, ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар, мектеп түлектері қатысты. Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді спорт алаңының лентасын қиып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты.
Осы іс-шараның ұйымдастырылуы үштік одақ бірлігінің нәтижесінде жүзеге асты. Шара барысында көрме жұмыстары, концерттік бағдарлама, ұлттық спорттық ойындар, футболдан турнир ұйымдастырылды.
Бала тәрбиесіне қазақ халқы ерте кезден көңіл бөліп, баланың ақыл — ойының, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ерекше көңіл бөліп отырған. Бұған дәлел қазақтың спорттық ойындары. Жас кезінен бастап балаларға дұрыс тәрбие беріп, асық атып, атқа мініп, теңге іліп, бәйгеге шауып, күреске түсіп өскен жастар шымыр да шыныққан, епті де икемді болғанын білеміз.
Бұл іс-шара – жастарды салауатты өмір салтына баулудың жарқын үлгісі. Бұл алаң болашақ чемпиондардың бастауы болмақ.
«Мектеп оқушыларының білімді де, білекті де болғаны біз үшін өте маңызды. Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан біз әрқашан да білім мен спортты қатар алып жүруіміз керек», — деді мектеп директоры Мұрат Ахметов.
«Біртұтас тәрбие» бағдарла-масы аясында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтар дәріптелді. Келген қонақтар мен оқушыларға палау, ыстық бауырсақ таратылып, самаурынмен шай берілді. Сайысқа қатысқан ата-аналар мен оқушылар марапатталды.
Ресми ашылудан кейін спорт алаңында мектеп оқушылары эстафеталық ойындар, асық ату, арқан тартыс, кермеге тартылу, футбол, шахмат бойынша өздерінің спорттық дағдыларын көрсетті. Дені саудың, жаны сау демекші спортпен айналысқан абзал. Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спорт – барлық тәрбие атауының бір саласы. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Ата-бабамыз «Тәні саудың – жаны сау» — деп, бекер айтпаған. Салауатты өмір сүру дегеніміз-тазалық сақтап, дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану.
Г.Тұрсынқожа