«Атамекен» — қазақ жүрегінің жыры
Қазақтың бүгінгі ән өнеріндегі орны бөлек үлкен тұлға. Халқымыздың ардақ тұтар композиторы, табиғат берген әсем үнін жүрегінің даусымен жұптастырып айтатын әнші Ескендір Хасанғалиев ағамызбен жүздесіп, сыр бөлісудің сәті түскен еді. Сүйсініп тыңдайтын ағамыздың әншілік өнерінің өзі – бір мектеп. Сондықтан да оның әні – үлкен үндестікке толы әлем. Сазгер, әнші Ескендір Хасанғалиев ағамыз 1940 жылы Қаратөбе ауданы Қалдығайты округі, Батпақкөл мекенінде дүниеге келген. Ол музыканы қазақ, орыс, ұйғыр, татар, неміс ақындарының сөзіне жазды. Қазіргі қазақ композиторларының ән-романстарын нақышына келтіре, шебер орындайды. Қазақстандықтар ғана емес, әнші ағамызды шетелдерде де зор ықыласпен қабылдайды. Хасанғалиев гастрольдік сапармен Моңғолия (1975), Болгария (1982), Югославия (1968), Алжир (1969), Сирия мен Ливан (1973), Швеция және Финляндия (1970), т.б. елдерде болды. Туған елін сиқырлы әуенмен тербеп, тарихы мен дәстүрін әнмен өрнектей білетін композитордың өнер қазанында әлі де саздың қайталанбас иірімдері қайнап, буырқана келіп халық қазынасына құйыла түсетіні сөзсіз.
— Ескендір аға, өнер саласындағы сый-құрметтің иесі, биік шыңның белесі өзіңізсіз. Жастар мен үлкендер де сізді үлгі тұтады. Балалық шақтағы арманыңыз да дәл осындай асқақ болған шығар?
— Балалық шақта неше түрлі арман да, қиял да болды. Менің басты арманым – тау-кен инженері болып, солардың киген костьюмдеріне қызығып, сол бағытқа қарай талпынған болатынмын. Ауылда инженер жігіттердің киген киімдеріне қарап, соларға ұқсағым келгені. Алайда, өнерге деген құлшынысым жоғары дәрежеде екені де байқалды. Адамның арманынан бұрын өнер мен мамандыққа деген қызығушылық пен құлшыныс басым. 1959 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның дайындық курсына түстім. 3-4 жыл негізгі бөлімде оқып, соңғы курста сырттай оқу бөліміне ауысып, композитор Мансұр Сағатовтың шақыруымен Қазақ радиосында музыкалық редактор болып жұмыс істедім. Содан кейін Әл-Фараби атындағы мәдениет институтын бітіріп, 1970 жылы Қазақстан Орталық Комитетінің шешімі бойынша Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атандым.
— Алғаш жазған әніңіз жайлы айтып берсеңіз? Бар қазақ баласының аузында жүрген «Атамекен» әні қалай дүниеге келген еді? Қырық жылдан астам уақыт бұрын жазылған мағыналы ән бұл күнде де өз рухын жоғалтқан жоқ.
— 21 жасымда дүниеге әкелген «Анаға сәлем» атты әнім Швеция елінде шырқалған болатын. Шыны керек, әнді сахнада қазақ тілінде айтып болғаннан кейін, көрермендерге түсінікті болу үшін әуеннің сөздерін аударатын. Шет мемлекеттің халқы әннің сөзіне қатты құлақ асып, мағынасының тереңдігіне мән беріп, өздерінің керемет пікірлерін білдіріп, ықыласпен қабылдады. Ал қазір бірде-бір мемлекеттік деңгейдегі мерекелік салтанатты жиын «Атамекен» әнінсіз өтпейтін болыпты. «Атамекен» – қазақ жүрегінің жырына айналған ән. Шет мемлекеттерде ұзақ сапарда жүрген кездерімде, қазақ елін аңсап, Отаныма деген сағыныш, еліме деген сүйіспеншілігім артып, неге елге, жерге арнап өлең шығармасқа деген ой келген болатын. Сол сағыныш шабытыммен «Атамекен» әнін дүниеге әкелдім. Бүгін де әннің айтылып бастағанына 44 жыл толыпты.
— Ескендір аға, біреуге өнегелі тұлға, біреуге ұстаз, біреуге үлгілі әнші, сазгер ретінде бүгінгі өнерде жүрген жастарға деген көзқарасыңыз қалай? Өнерің болса оқымай-ақ әнші болуға болады деп жатады. Сіз осыған қосыласыз ба?
— Өнер мен білім екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Оқып, білімін шыңдау бойына дарыған өнерін тереңдетумен бірдей. Әрбір өнер жолын таңдаған жас жеткіншек нотадан бастау алуы тиіс. Егер бала нота білмесе, жай ғана ән айтып жұлдыз болу деген дұрыс емес. Өміріңді өнер жолына арнадың ба, бала білімін әріптен бастаған сияқты өнердің да бастау алатын өз жолдары бар. Сонымен қатар, әннің сөзіне, әуеніне аса мән берсе нұр үстіне нұр болар еді. Тыңдарманға түсінікті, мән-мағынасы терең, ұғынықты, жүрекке бірден әсер қалдыратындай әндерді таңдай білу қажет. Жаңа жазылған ән жарқ етіп шығып, шоқ жұлдыздай сөнбеу керек. Халық әнді сүйсіне тыңдау кез-келген әнші үшін өнерінің, еңбегінің жанған нәтижесі.
— Отбасыңызда салауатты өмір салтын қаншалықты деңгейде ұстанасыздар?
— Спортшы бола алмасақ та, күнделікті таңертен жарым Дарикомен бірге жарты сағаттық кішігірім спорт түрін ұстанамыз. Денсаулық пен дене келбетін бір қалыпты сақтау үшін де спорт жаттығулары қажет емес пе!? Сол мақсатпен жасым 70-тен асса да спорттан қол үзген емеспін.
— Жас жеткіншектерімізге деген ізгі ниетіңіз қандай?
— Шіркін-ай, қайран балалық шақ! Өмірдің ең тәтті кезі балалық шақ. Балалық шақтарың қызыққа толсын деген тілек айтқым келеді. Уақыттарыңды әрқашан тиімді әрі пайдалы өткізе біліңдер, әрбір минутты бағалаңдар. Ұлттық дәстүрімізді, тіліміз бен ғұрпымызды сақтап, еліміздің елеулі азаматтарынан тани білейік. Оқыңдар, білімді болыңдар.
— Аға, сізбен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Алтын уақытыңызды біздің кішкентай оқырмандарымызға арнап, сұхбат бергеніңізге мың алғыс! Сізге тек амандық тілейміз!
Сұхбаттасқан: Адина ЕРҚАРАЕВА