Ата-анаңды қадірле
Біздің аулада аула сыпырушы жиі ауысады. Көктемде келген аға өте ұқыпты. Басқалардай емес. Таң қылаң бере жұмысын бастайды. Адамдар үйден шыққанда мұнтаздай ауланы көріп, көңіл-күйі жадырап сала береді. Сәбилер де риза. Қирап жатқан әткеншектерді қалпына келтірді. Алаңқайға бала толып, балғын күлкі ауланы көмкерді.
— Аула сыпырушы ағайды көршілер ғалым екен, отбасына байланысты осындай күйге түсіпті дейді, — деп анам біраз мәліметті айтты. Мұны естіген әкем терең дем алды.
— Әйелі үйден қуып шыққан соң жанына пана іздеп бірнеше рет үйленіпті. Онда балалары кішкентай екен. Жолы болмаған соң ішімдікке салынған. Арақтың кесірі… Анам бұдан әрі үндемей қалды. Менің ұққаным, жиырма жылдан бері балалары әкесіне іздеу салмаған. Әкесінің өлі-тірісін не ұлы, не қызы білмейді.
Әкем жаны жабырқағанды жұбатуға асығатын адам. Ол кісімен әкем екеуміз барып таныстық. Көргені көп, басқа жұмысшылар сияқты қалай болса, солай сөйлемейді. Анам менен анда-санда ыстық тамақ беріп жіберетін болды. Алғысын жаудырып, подвалдағы үйіне алып кетеді. Бір кезде ол кісі көрінбей қалды. Орнына басқа біреулер келді.
Күз айы. Сабақтан шыққан бетім. Ауладағы пәтерлердің балаларымен келе жатыр едік, дәу қара ағашқа сүйеніп отырған ағайды көрдім. Алыстағы туысымды көргендей қуанып кеттім. Тездетіп басып, қасына келіп, қос қолдап амандастым. Әбден жүдеп кетіпті. Сақал-мұрты өскен. Қал-жағдайымды, әке-шешемді сұрады. Кебірсіп кеткен еріндеріне көзім түскенде аяп кеттім. Қолымдағы «Коланы» ұсындым. Бір тамшысын қалдырмай жұтып салды.
— Балам, көзі тірісінде ата-анаңды қадірле. Батасын алуға тырыс, — деді де орнынан тұрып, арқамнан қақты.
— Фу-у, қалай жиіркенбейсің,- деп қыздар тыжырынды. Маған ақылды көбінше анам айтады.
— Адамға қарап, теріс айналма, ол да Алланың құлы. Бар мұсылман баласы өзін Алланың құлымын деп есептейді. Жаны күйзеліп, көмек сұраған адамға жәрдем бер,сауабы тиеді,- деп жиі айтады.
— Әкесі, аула сыпырушы ағай ауырып, подвалдан шыға алмай жатыр деп естідім. Сен ренжімесең, моншаға апарып келші. Балам екеуміз жаңа киімдер алып берейік, сауабы тисін, — деді анам. Әкем үнсіз бас шұлғыды. Осыдан кейін қанша уақыт өткенін аңғармадым. Аула сыпырушы қайтыс болып, артында іздеуші болмаған соң, ортақ бейітке жерлепті дегенді естіп қалдым. Көзді ашып-жұмғанша жыл өтіп кетіпті.
— Әкесі, былтыр қайтыс болған аула сыпырушы ағайдың балалары табылыпты. Әкелерінің жылын қаланың ең қымбат мейрамханасында өткізіпті. Көршілер осылай дейді, — деп анам дастархан басында естігендерін айтып отырды. Әкем:
— Жетісіпті, — деп орнынан тұрып, өз-өзінен күйіп кетті. — Көзінің тірісінде әкелерін іздеп, аузына су тамызуға жарамаған баласына… Тірі кезінде разылығын алып, қасында болмаған соң… Кезінде жылы үйі тар болды. Енді қай бетімен «әкем» деп көпшілікті асқа шақырды?!.
Анам әкемді әрең тоқтатты.
Әне-міне дегенше, екі жыл өтіп кетіпті. Мен колледждің ІІ курс студентімін.
Сабаққа бара жатыр едім. Сыныптасымды кездестірдім. ҰБТ–ға дайындалып, шаршағандықтан құлап түсуге аз қалғандарын әңгімеледі.
— Сен естідің бе? – деді сәл үнсіздіктен кейін.
— Нені? – дедім жай ғана.
Ол аула сыпырушының балалары жайлы жағымсыз әңгіме естігенін айтты.
— Әкесі қиналғанда, қасынан табылмағаны үшін теріс бата берген шығар, — дедім.
Я, Аллам! Ата-анамды теріс бата беруге мәжібірлей көрме…
Ж.Тұрсынқызы.