«Асыл — тастан, ақыл — жастан»
Алматы қаласындағы А.П.Чехов атындағы кітапханада Қырғызстандағы «Креатив» білім беру кешенінің ұйымдастыруымен өткен «Асыл – тастан, ақыл – жастан» атты халықаралық шығармашылық байқаудың марапаттау рәсімі өтті. Қазақстандағы жастар жылына орай оқушылардың, студент жастардың өнерге сүйіспеншілігін оятып, дарындарын шыңдау бағытында ұйымдастырылған шығармашылық байқауда «Эссе», «Ақындық өнер», «Мәнерлеп оқу», «Вокал», «Бейнелеу өнері» бойынша оқушылар мен студенттер өнерлерін ортаға салды. Осы байқауға біздің мектебімізден де оқушылар қатысты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Апенова Бақытгүл, Алдибекова Асемгүл, информатика пәнінің мұғалімі: Тлеубаева Набат балаларды байқауға қатыстырды.
«Мәнерлеп оқу» бойынша 6-сынып оқушылары Болат Жәнәли, Тоқтасынов Шөкен қатысты.«Эссе» жанрында бақ сынаған 10-сынып оқушысы Рыскалиев Рамазан, 9-сынып оқушысы Жомартқызы Нұрайлым, 8-сынып оқушысылары Исабекова Аруна мен Бақытжан Ақерке болды. Домбырамен «Ауылым» атты ән шырқаған 9-сынып оқушысы Орынбасар Айсұлу «Вокал» жанры бойынша қатысты. Бәрі де жүлделі орындармен – дипломмен, кубок, медальмен, жетекші ұстаздар Құрмет грамотасымен марапатталды. Оқушылар байқаудан келген соң өз әсерлерімен бөліскен еді.
«Мен кешегі жарыстан өте тамаша әсер алдым. Көптеген балалардың ішінен озып шығу мен үшін бір мәртебе. Осы жарысқа қатысып, мен өзімнің алға талпынуыма жол аштым. Болашақтағы жарыстарда білімімді шыңдап, бірінші орын мен бас жүлдені жеңіп шығуға бар ынтамды саламын»,- деді Жәнәли. «Кешегі күннен алған әсерім өте ерекше. Өз Отаныма деген сүйіспеншілігім одан сайын арта түсті. Осы жарысты ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Жастарға шығармашылық жағынан шыңдалуға көп мүмкіндік беріп отыр. Біз сол жарыстың арқасында өзіміз қатарлы студенттермен де таныстық, достарымыздың қатарын көбейттік»,- деп Рамазан пікірін білдірді.
«Бұл жарыс менің жүрегімді толғандырып, елжіретті. Әдеби шығармашылыққа деген көзқарасым арта түсті. Болашақта журналист болғым келеді»,- деген ойымен бөлісті Нұрайлым. «Жарыс, байқау десе ішкен асымды жерге қоямын», -деп бастады Ақерке,- Қырғызстан, Башқұртстан және Қазақстан Республикасының Халықаралық байқауына қатысқаныма өте қуаныштымын. Осындай жарыстар жастар арасында көбірек болса екен деп ойлаймын.
Ал, Тоқтасынов Шөкен ең алғашқы қадамының сәтті басталғанына қуанды. «Бұл жарысқа қатысқаныма қуаныштымын және менің ынта жігерімді арттырды»,-деді шаттанып тұрып. Сондай-ақ Айсулу өзінің сезімін: «Ауылым » атты әнді шырқағанда өзімді үлкен сахнада ән шырқағандай сезіндім. Қазақтың қара домбырасын әлі де болса елге танытқым келеді»,-деді.
Біздерді №157 ЖББ мектептің директоры Ахметова Света Ағабекқызы жақсы көңіл-күймен қарсы алды. Оқушыларға алғысын білдірді. Болашақта да бізге үміт артатынына сенім білдірді. Ел болашағы қазіргі ұрпақтың қолында. Елімізге өз үлесімізді қосып, болашаққа нық қадам жасаймыз.
Рамазан РЫСКАЛИЕВ,
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, №157 мектептің 10-сынып оқушысы.