Асық ату
Асық ату – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық ойынының бір түрі. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б.
Асық – төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндес келеді. Ал жылқы асығы басқа пішінде болады.
Алшы – асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі.
Тәйке (тәуекел сөзінен шыққан) – асықтың иірілгенде шұңқырлау табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ол екінші дәрежелі мәнге ие.
Бүге (бүк түсіп жатуы) – асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие.
Шіге (шік) – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Ол төртінші дәрежелі мәнге ие.
Тұрық – асықтың алшы не тәйке түсуі.
Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі.
Сомпы – асық тұмсығының көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі.
Табан – асықтың тәйке жағы.
Оңқай – асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады.
Солақай – асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде болады.
Сақа – қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді. Сақа деп арқардың асығын атайды. Немесе қошқардың асығында сақа ретінде ұстайды.
Құлжа – арқардың аталығының асығы
Жабайт – еліктің асығы
Шүкімайт – қозы мен лақтың асығы
Асық ату (хан ату). Ойынға бірнеше адам қатысады. Әрбір ойыншылар кезекпен қолдағы асықтарды сырмақ үстіне шашады. Арнайы белгілеген асықпен (сақамен) қалған асықтарды шертеп атады. Басты шарты ұқсас асықтарды ғана атады. Басқа асықтарға тигізбей атып алынған асық, ұпай ретінде олжаланады. Ойын осылай жалғаса береді.
Біздің мектебімізде асық ату ойыныныа үлкен мән беріліп, ұлттық ойынымыз балалар арасында жиі ойналады. Дене шынықтыру сабағында асық атып қана қоймай, ағайларымыз оның құндылығын дәріптейді.
Мұрагер Бақыткелдіұлы,
Талғар ауданы, Белбұлақ ауылы
№10 ЖОББ мектебінің 2 «А» сынып оқушысы