Астрид Линдгрен

6bet_f111Астрид Линдгрен (1907 – 2002)  — әлемге әйгілі балалар жазушыларының бірі. Оның шығармалары қиялға бай
және балаларға деген зор сүйіспенші-лікпен жазылған. Кітаптарының көпшілігі 70-тен аса тілге аударылған, 100-ден аса мемлекетте кітап болып жарық көрген. Өзінің туып-өскен Швециясында ол аңызға айналған адам, оқырманның бірнеше буынын әдебиетке деген сүйіспеншілікке баулып, балалар әдебиетінің өркендеп-дамуына үлес қосты.
Астрид  Эрикссон (жас кезіндегі фамилиясы) 1907 жылдың 14 қарашасында Швецияның оңтүстігіндегі Вимбербю қалашығында фермерлер  отбасында дүниеге келді. Оның әкесі Самуэль Август Эрикссон мен шешесі Ханна Йонссон ауылшаруашылығымен айналысатын қарапайым жандар. Ол ағасы Гуннардан кейінгі отбасындағы екінші бала, өзінен кейінгі Стина, Ингегерд атты сіңлілері болды.
Ол өзі айтқандай «ат пен ат арбаның» заманында өсті, өмір ағысы да ат арбадай баяу болатын, көңіл аулайтын орындар да аз, бірақ бүгінгіге қарағанда табиғатпен қоян-қолтық араласып, жақын өсті. Балалық шағы да өте бақытты өтіпті (көп ойындар, қызықты да әсерлі оқиғалардың, ауыл табиғатының аясында өскен), оның шығармашылығы мен шабытын шарықтатуына септігін тигізген.
Астрид мектептен кейін 16 жасынан еңбек жолын жергілікті «Wimmerby Tidningen» газетінде журналист болып қызмет етуден бастады. Екі жылдан кейін Стокгольмге ауысады. Онда Ларс атты ұлы дүниеге келеді. Ақша, қаражат болмағандықтан, ұлын Даниядағы өгей ата-анасына апарып тастап, өзі Корольдік автоклубқа хатшы болып орналасады. Сонда Стуре  Линдгрен деген жігітпен танысып, отбасын құрады. Ларсты қайта қолына алып, 1934 жылы Карин атты қызы дүниеге келеді. Каринге ойдан құрастырып ертегі айтып жүріп, 1945 жылы балалардың сүйікті кітабына айналған «Пеппи Ұзыншұлық» атты ертегісін жазады. 1944-1950 жылдары бұл ертегі үш кітаптан тұратын үлкен кітапқа айналады. 1944 жылы  ол «Робен және Шёгрен» баспасының байқауына қатысып, «Бритт-Мари жаныңды қыспақтайды» повесімен екінші орын алады. Осы баспа оны 1945 жылы балалар әдебиетінің редакторлығына қызметке шақырып, осы баспада 1970 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін қызмет істейді. 1944 жылдан оның шығармашылығы өнімді болып, «Калле Блюмквист», «Мио, менің Миом» және тағы басқа ертегілер, детектив, пьесса, сурет кітаптар, әндер жинағын шығарады.
Астрид Линдгрен 1955-1973 жылдар аралығында өзінің әлемге әйгілі шығармаларының  бірі «Шатырда тұратын Карлсон» атты трилогиясын ұсынады. Жазушы көпқабатты үйдің шатырында тұратын, арқасында ұшатын қалақшасы бар, Балақаймен қатты достасып кеткен бала мінезді, көңілді де мақтаншақ, өзімшіл де сараң, өкпелегіш те көңілді осы сүйкімді кейіпкер образ арқылы Балақайдың екінші «менін» ашып көрсетуге тырысады. Және бір қызығы, Карлсон әрдайым Балақайдың жабырқау да шетқақпай көрген, өзін бұл дүниеде керегі жоқ адамдай сезінген көңілсіз сәттерінде кенеттен, терезе арқылы сопаң етіп келеді. Сөйтіп, «әлемдегі ең жақсы» Карлсон Балақайды жұбатып қана қоймай, көңілдендіріп, көңілін өсіріп, өмірге деген құштарлығын арттырады. Иә, бүгінгі балаларға да өмірден жапа шегіп, жабырқау тартқан кездерінде Карлсон сияқты сондай бір қияли бейне жандарынан табылып, демеп, сүйеп, өмірге, өнерге деген құштарлықтарын оятып тұрса ғой…
Өмірге осындай тамаша шығармалар әкелген Астрид Линдгреннің өзі де атақ-дәреже мен сыйлық-тардан, халықтың сүйіспеншілігінен кенде қалған жоқ. 1958 жылы жазушы балалар әдебиетіндегі
Нобель  сыйлығы  деп  танылған  Кристиан Ханс Андерсен  медалімен марапатталады. Одан өзге Швед Мемлекеттік сыйлығының, Дания, Ресей, Чили елдерінің және тағы басқа әдеби сыйлықтарымен марапатталады.
Дайындаған: Кеңес  ОРАЗБЕКҰЛЫ.

ПІКІР ЖАЗУ