Астанада үздік педагогтар марапатталды
Астанада Р.Бағланова атындағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Ұстаз – ұлағатты ұғым» атты мерекелік іс-шара өтті. Ұстаздар күніне арналған мерекелік концертте үздік педагогтар марапатталды.
Салтанатты іс-шара барысында елорда мен республиканың білім беру ұйымдарының үздік педагогтарын марапаттау рәсімі өтті. Марапатқа ие болған мұғалімдер отандық педагогика дәстүрлерін және оқу процесіне инновациялық әзірлемелерді енгізе отырып, заман ағынымен ұмтылысты шебер үйлестіреді. ҚР Білім министрі Ғани Бейсембаев, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтау сөз сөйледі.
«Құрметті ұстаздар! Сіздерді Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің арқасында ғылыми жетістіктерге жетіп, медаль жеңген, республикалық және халықаралық жарыстарда Астананың атынан сынға түсетін талантты және ынтасы жоғары балалардың жаңа буыны өсіп келеді. Өткен оқу жылының өзінде елордалық оқушылар 445 медаль жеңіп алды, бұл – сіздердің еліміздің болашағына қосқан үлестеріңіз. Сіздер ыңғайлы жағдайда жұмыс істеу үшін біз елорданың білім беру инфрақұрылымын дамытуды ары қарай да жалғастырамыз. Биылғы оқу жылында 15 жаңа мектеп ашылды, ал жыл соңына дейін тағы 9 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Біз сіздердің жұмыстарыңызға ерекше назар аудару қажет екенін және қолдау көрсетуді қажет ететінін түсінеміз әрі осы бағытта жұмыс істеуді жалғастырамыз», – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.
Биыл Үздік оқу орындарының рейтингіне А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы мен ASTANA Polytechnic COLLEGE кірді.
Сонымен қатар, «Астана қаласының құрметті педагогы» атағы берілді:
1. Айгүл Тиынтай, Астана қаласы әкімдігінің «Ж.Аймауытов атындағы №24 орта мектебі» ШЖҚ МКК қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі;
2. Болатбаева Сәуле Мұратбекқызы, Астана қаласы әкімдігінің «Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі» ШЖҚ МКК география пәнінің мұғалімі;
3. Қалмұрзаева Жұпаргүл Әбсәйітқызы, Астана қаласы әкімдігінің «№43 қосымша білім беру мектеп-орталығы» ШЖҚ МКК қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі;
4. Бейсенбаев Дәурен Манапұлы, Астана қаласы әкімдігінің «№1 өнер мектебі» МКҚК бейнелеу өнерінің оқытушысы;
5. Иманбаева Гүлмира Еркінқызы, Астана қаласы әкімдігінің «№2 арнайы мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Сондай-ақ, концерт барысында білім беру саласының ардагерлеріне ерекше көңіл бөлінді. Педагогтар оқушыларды тәрбиелеу мен білім беру ісіне зор үлес қосып қана қоймай, қазіргі педагогтарға құнды тәжірибе берді. Саланың 38 ардагері Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттарымен, тағы алты мұғалім қаланың білім басқармасының грамоталарымен марапатталды.
Іс-шара барысында қазақстандық эстрада жұлдыздары мерекелік көңіл күй сыйлап, ұстаздар қауымына алғыс білдірді. Сахнада Тамара Асар, Мәди Сыздықов, Еркеш Хасен және т.б. өнер көрсетті.
Айта кетейік, ведомстволық наградалармен 2 825 педагог марапатталды, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы – 1, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» – 160 адам, Оқу-ағарту министрлігінің құрмет грамотасымен – 159 адам,«Астана қаласының құрметті педагогы» төсбелгісімен – 5 адам, Білім басқармасы басшысының алғыс хатымен – 2500 адам.
Елорданың білім беру ұйымдарында барлығы 27 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
Ұстаздар күні қарсаңында елордадағы № 99 орта мектебінде еліміздің білім саласының өркендеуіне үлес қосқан аға буын педагогтерді құттықтады. Іс-шара Астана қаласы Білім басқармасы мен «Әділет» қалалық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды. Астана қаласы білім Басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев құттықтау сөзінде астаналық білім саласының маңызды жетістіктерін атап өтті.
«Қалада жаңа балабақшалар белсенді салынып жатыр, жыл соңына қарай біз екі жаңа мекемені пайдалануға береміз. 300 орындық балабақшалар құру, сондай-ақ 500 орындық үлкен бақтар үшін жер учаскелерін табу жоспарда тұр. Бұл бізге мектепке дейінгі мекемелерге кезекті қысқартуға мүмкіндік береді. Келесі жылы бірнеше ауысымда жұмыс істейтін 8000-ға жуық оқушыны қабылдай алатын үш жаңа мектеп салу жоспарлануда. Біз сондай-ақ осы мамандықты таңдаған студенттерге гранттар ұсына отырып, болашақ тәрбиешілер үшін кәсіптік білім беруді дамытуды жалғастырамыз. Білім берудің жоғары сапасын қамтамасыз ете алатын білікті мамандардың болуы маңызды», — деп атап өтті ведомство басшысы кездесуде.
Іс-шара № 99 жаңа жайлы мектепте өтті, онда жас ұрпақты сапалы оқытуға барлық жағдай жасалған.
«Тамаша оқу орнымыз өркендеп, халықаралық бағдарланған оқушыларды тәрбиелеуді жалғастырады деп үміттенеміз. Әріптестерімізге шабыт пен кәсіби табыс, оқушылар тарапынан сүйіспеншілік пен құрмет, сондай-ақ ата-аналарға бақ-береке тілеймін. Осы оқу жылы қызықты оқиғаларға толы болып, шығармашылық жетістіктер әкелсін, ал мектеп өмірі мәнді де мағыналы болсын», — деді іс-шараға қатысушы Зауре Жүсіпова әріптестеріне арнаған үндеуінде.
Естеріңізге сала кетейік, оқу жылының басында елордада 188 мектеп жұмысын бастады, оның 110-ы мемлекеттік, 71-і жекеменшік және 7-і жалпы 282 150 оқушы қамтитын республикалық мектеп.
Желтоқсан айында тағы 8 мектеп (6 жайлы мектеп, 2 жекеменшік мектеп) пайдалануға беріледі. Жайлы мектептер салудың негізгі мақсаты – жаңа оқушы орындарын құру, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою.
Оқу орындары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында салынуда.
Г.Тұрлыбекова