«АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ!» ДЕЙТІН АУЫЛ
Қуандық Түменбайұлы, 1955-жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, қазіргі Ыбырай Жақаев атындағы ауылында туған. Студенттік кезінен бері елу жыл бойы Алматы қаласының тұрғыны. Жиырмадан аса прозалық кітаптың авторы, республикалық басылымдарда, мәдениет министрлігінде маңызжды қызметтер атқарды. Халықаралық «Алаш», «Сорос – Қазақстан» әдеби сыйлықтарының иегері. Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық жабық бәйгенің бірнеше мәрте жүлдегері. Назардларыңызға соңғы кезде жазған жаңа әңгімесін ұсынып отырмыз.
Бұл ауылдың қазақтан орысы көп екен. Жері жазық, жайқалып өскен егіні бар, жоңышқалығы мен жүгерілік алқабы көз тұндырған ауылға жер ортадан ауғанда көшіп келдім. Бір жағынан, қан қысымы жазық жерді қаласа, бір жағынан тарсылдап-гүрсілдеген темір-терсегі, күні-түні ызыңдаған көлігі жоқ, топырағы қалың, шалғыны мол жер жанға сая, көңілге демеу болды. Өйткені, өзіміз де ауылда өскен қара сирақ, қой қайырған желаяқпыз ғой.
Қара сирақтар мұнда да бар, бірақ көп емес. Көбісі бір-бірімен орысша шүлдірлескен көк көз балдар, екі-үш қара бала оларға көз алмай қарайды да тұрады. Кешке қарай аумағы тар ойын алаңқайында бәрі бас қосып, салбыраған кендір арқанды әткеншек қып арлы-берлі армансыз тербетіледі. Қасынан өтсең ешқайсысы селт етпейді, қара домалақтар да, көк көздер де әткеншектің кезегін күтіп үн-түнсіз тұра береді.
– Ассалаумағалейкум! – дедім балағы тізеден шорт кесілген шалбар киген тәпелтектеу қара балаға. Ол сүлесоқ қолын созды.
– Атың кім?
– Жанарыс.
– Қай мектепте оқисың?
– Орысша.
– Мен қасыңнан өткенде » Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бер, – дегенде, қасындағы тыңдап тұрған тағы бір қара бала «Ассалау!» деп толық айтпаса да, ықыласын білдіріп, әрекет жасады.
Ертеңінде сол жерден өткенде екі баланың біреуі мені көрген бетте «Ассалау!» – деді жақын келіп.
– Ассалаумағалейкум! – деп толық айт.
Орындықта шүпірлеп отырған көк көз қыздар мырс-мырс күлді, оларға бәрі ерсі көрінді. Қыздардың қасында тұрған сорайған орыс балаға «Ассалаумағалейкум!» деп қолымды создым өзім бірінші болып сәлем беріп, ол сүлесоқ бес саусағын ұсынды.
– Сен туған-туыстарыңмен сәлемдесесің бе? – дедім орысшалап.
– Да, конечно.
Мені көргенде бұдан былай «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бер.
– Көреміз, – деді енжар кейіпте.
Ай өтті. Жаңа қонысқа көз үйреніп, көңіл орнығып қалды. Әткеншек тұсынан өткенде әлгі екі қара домалақ «Ассалаумағалейкум!» деп қолдарын ала жүгірді. Бұл мен үшін теңдесі жоқ мәртебе! Өзіңнен кішілер кеп сәлем беріп жатқанда анау көбіне қыздарды күлдіріп тұратын сырықтай ұзын бала да «Ассалаумағалейкум!» деп қолын созып жүгірді. «Аға!» деген сөзді қосып қойды, сірә, әке-шешесі үйреткен болар. Сымға қонған қарлығаштай боп ағаш орындықта сап түзеген қыздар да «Здравствуйте!» деп шу ете қалды. «Сәлеметсіз бе!» деп айтыңдар деп оларға да ескерту жасап, орысша сөзді қазақшаға аударып бердім.
Жылжып жыл он екі ай да өте шықты. Осы жерден өте қалсам, кішкентайлар мен жасөспірім ұл мен қыз «Ассалаумағалейкум!» деп бірінен бірі қалыспай қолдарын созып келе жатады.
Бала көргенін істейді, «сәлем сөздің анасы» деп ата-анасы айтқанда шығар. Орындықта тізіліп отырған жасөспірім қыздар да «Саламатсыз ба!» деп шу ете қалады. Мен мәзбін, сәлемге сараң ауылдың өскіндері «Ассалаумағалейкум!» деп алдымнан шығып жатқанда төбем Көкке екі елі жетпей қалады.
Бүгін ойын алаңқайын қоқыстан тазартып жатқан олар мені көргенде тырмасы мен күрегін тастай сап «Ассалаумағалейкум!» деп маған қарай жапатармағай тұра жүгірді. Бұған не дерсің. Көз де, көңіл де аспанда. Кішкентайлардан сәлем алған жер бетіндегі адамдар қандай бақытты.
Ойыма еріксіз жерлесім Ыбырай Жақаев атам түсті. Ол кісі республикаға белгілі диқан, атақты күрішші, еңбек ері. Көктемде жерді қобсытып, топыраққа дән сіңіреді, жаз бойы суғарады, бағып баптайды. Күзде бітік өскен күріш сабағы ауыр дәннен басын көтере алмай майысып тұрады. Менде бір жыл алдында «Ассалаумағалейкум» деген дәнді егіп едім, міне өсіп шығып, жеміс беріп отыр. «Ексең орасың, берсең аласың» деген осы екен-ау!..
(соңы)