Әскери-патриоттық әндер әуеледі
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толған мерейтойына орай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жас Сарбаз – патриоттар мекені» жобасы аясында өткен елордалық әскери-патриоттық ән байқауы аяқталды. Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен сайысқа Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, қаланың Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілдері, «Жас Сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев, «Жас Сарбаз» қалалық филиалының басшысы Асхат Налшыбек қатысты.
Әділ қазылар шешімімен байқаудың бас жүлдесі №42 орта мектептің оқушысы Толғанай Мұқатайға берілді. Бірінші орынды №49 мектеп-гимназиясының оқушысы Тәңірберген Мұқашев жеңіп алды. Екінші орынды №37 мектеп-лицейден «Жас екпін» ансамблі, үшінші орынды педагогикалық колледжден Диас Мэліс жеңіп алды.
Сонымен қатар, «Жас сарбаз» жұлдызы номинациясын ЕАГИ колледжінің «Жас қыран» тобы жеңіп алды. №72 мектеп-лицейі атынан байқауға қатысқан Адель Кунадилованың өнері «Үздік авторлық орындау» деп танылды. №80 мектеп-гимназиясының оқушысы Айсұлтан Рахметолла көрермендер көзайымы номинациясын иеленді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, әскери-патриоттық байқау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толған мерейлі мерекесі аясында өтті. Еліміздің Қарулы күштерінің тарихына тоқталар болсақ, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, яғни 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ ССР Мемлекеттік қорғаныс комитеті жасақталды. Кейін ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында ҚР Президентігің арнайы Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, республика аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Президенттен басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі қызметіне генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Осылайша 1992 жылы 7 мамырда тәуелсіз Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Армия құрылымына келер болсақ, оның құрамына Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы және Әскери-теңіз күштері кіреді.
Биыл 5 мамыр күні Қарулы күштеріміздің құрылғанына 31 жыл толуына орай, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүкілармиялық кеңес өткізген болатын. Аталған жиында Мемлекет басшысы: – Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс,- деп, ел болашағы мен тыныштығының кепілі әскери саладағы жетістіктеріміз екенін атап өтті.
Бүгінде ҚР Қарулы күштер Бас штабы Жедел жоспарлау департаментінің мәліметінеше, әлемдік геосаяси жағдайлардың ушығуы, әскери саладағы технологиялық даму секілді заман талаптарын ескере отырып, еліміздің Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері жетілдіріліп, жаңа бөлімшелер құрылып жатыр. ХХІ ғасыр әскеріне тән жаңа мемлекеттік жоспарлауға сәйкес, әскери қауіпсіздік саласы жөніндегі құжаттар қайта әзірленіп, өңірлік қолбасшылық пен десанттық шабуылдау әскерлерінің жауапты аймақтары нақтыланған. Сонымен қатар, шекарашылардың, Ұлттық ұлан және Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушы компоненттерінің дамуымен тығыз байланыста Қарулы күштер саласында стратегиялық бағыттардағы дербес топтар құру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір кез келген қарулы қақтығыс ұшқышсыз ұшатын авиацияға тәуелді. Сондықтан Бас штабта Ұшқышсыз авиациялық кешенді дамыту департаменті құрылған.
Қазақстан әскери қуат деңгейі бойынша 145 елдің ішінде 63-орында тұр. Ал елімізде әскери сала қызметшілерінің жалпы саны ресми дерекке сәйкес 77 мың адамды құрайды. Нақтырақ айтқанда, оның ішінде 45 мың адам нақты әскери құрамда, ал 32 мың адам әскерилендірілген құрамаларға жатады.
Еліміздің армия қатарын толықтыру мақсатында жылына екі рет 18 жасқа толған жасөспірімдерді әскерге шақыру екі рет жүзеге асады. Биылдан бастап, әскерге барған сарбаздарға әлеуметтік қолдауды көбейту мәселелері қаралып, Мемлекет басшысының пәрменімен әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түсетін болды. Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады және өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығуына болады.
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері сапындағы қызмет ететін азаматтарға әскери мамандығына, қызмет бабына, сіңірген еңбегіне, әскери және арнайы дайындығына, әскери қызмет түріне қарай арнайы әскери атақ беріледі. ҚР Қарулы Күштерінің әскери шені Қазақстан Республикасының «Жалпыға ортақ әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» 1993 жылдың 19 қаңтарындағы заңына сәйкес офицерлік және сарбаздық (сержанттық) болып бөлінеді. Сарбаз атағы өз ішінде екіге, яғни сарбаздар мен матростар және сержанттар мен старшиналар санатына бөліп қарастырылады. Ал офицер атағы үш санатқа: кіші офицерлік, аға офицерлік және жоғары офицерлік құрамға бөлінеді.
Сонымен қатар, әскери шендердің жауынгерлік және кемелік (флот) деп бөлінетін дәрежелері де бар. Медициналық және заңгерлік әскери-тіркеу мамандықтарына ие офицерлердің әскери шеніне «медициналық қызметтегі» және «әділет» сөздері қоса аталады. Ал жоғары офицерлік құрамға жататын авиация саласындағы (ұшқыш, инженерлік, инженерлік-авиациялық білімі бар әскери шендерге «авиация» сөзі қоса айтылады. Ал запасқа немесе отставкаға шығып кеткен азаматтардың әскери атағына «запастағы» немесе «отставкадағы» сөзі қосылып айтылады.
Қазақстан ҚР Қарулы күштерінде қыздар, әйелдер де қызмет атқарады. Бүгінде ресми дерекке сәйкес елімізде 7 мыңға жуық әйел келісімшарт бойынша еңбек етіп жүр. Оның көбі қатардағы жауынгер, сержанттық және офицерлік қызмет атқарады. Жалпы, әскердегі әйелдердің ішінде 800-ге жуық офицер, 2 мыңға жуық сержант және 4 мыңға жуық қатардағы жауынгер бар екен. Егер еліміздің Қарулы күштерінде қызмет еткісі келетін, әскери сала мамандығы қызықтыратын жасөспірім қыздарымыз болса, оларға да мемлекет тарапынын көптеген қолдаулар бар екенін айта кетуіміз керек. Қазақтың қыздар да ежелден ел қорғаған батыр, сөз ұстаған шешен болғанын да естен шығармаған абзал. Халқымыздың мақтанышына айналған сонау дәуірлерде сақ патшайымы болған Тұмар ханша — тарихта парсының әйгілі патшасы Кирдің басын алған Томиристен бастап, кешегі Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды батыр қыздарымыздың ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Халқымыздың еркіндік, елдік, ерлік, өрлік, қайсарлық рухы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, еліміздің мәңігілік азаттығының мызғымас темірқазығы болғай. Аспанымыз ашық болып, жасөспірімдеріміз шырқаған әскери-патриоттық әндер ән әлемінде қалықтай беруі тілейміз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ