Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле

Мұхаммед пайғамбар ақыреттің алдында барлық туыс-жақындарын, сырлас достары мен жора-жолдастарын жинап:
— Мен бұл дүниемен және сіздермен қоштасқалы жатырмын. Кейінгі ұрпақтарымның біріне берер аманатым бар. Соны оған кім тапсырар екен, — деді де жан-жағына қарайды.
Сол кезде Арыстанбаб орнынан тұрып, екі қолын көкірегіне қойып:
— Бұған мен әзірмін, — дейді.
Мұхаммед пайғамбар:
— Келешекте өмірге Ахмет деген бала келеді. Соған мына құрма жемісін тапсырарсың, — деп қалтасынан бір түйір құрманы алып береді.
Ахмет деген балаға тапсыратын аманатын ұртына салған Арыстанбаб Мұхаммед пайғамбарға:
— Мен ол баланы қайдан іздеймін, қалай табам, қалай танимын, — деп сауал қояды.
Сонда Мұхаммед:
— Іздеп әуре болмай-ақ қойыңыз. Берген аманатымды сізден өзі-ақ сұрап алады, — дейді.
Пайғамбардың айтқаны айнымай келеді.
Бірде далада келе жатқанда, 11 жасар балаға кездеседі.
— Ақсақал, аманатымды беріңіз, — дейді бала.
Арыстанбаб атын сұрап жатпай, «Аузыңды аш» дейді оған. Ол аузын ашқанда, бабаның ұртындағы құрма зып етіп баланың аузына кіріп кетеді. Бала лим-мим деп тіл қатпастан жүре береді.
— Сен неткен көргенсізсің, маған айтқан рақметің қайда? — деп дауыстайды Арыстанбаб.
Сонда бала артына бұрылып:
— Сізге несіне рақмет айтамын. Сіз бар шырынын сорып жеп, маған құр сүйегін қалдырып отырсыз, — дейді де, сәлден соң:
— Олай болса, сізге келіп түнесін, менен тілек тілесін, — деп жүріп кетеді.
Содан бері халық Түркістанға сапар шеккенде әуелі Арыстанбабтың басына барып, мінә-жет етеді. Құран оқытып, барлық әруақтарға бата бағыштайды. Мазары маңына бір түнеп, одан кейін Ахмет Иассауи кесенесіне аттанады.
Халық арасында: «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген даналық содан алған. Кейде бұл нақылды «Әулиенің басына түне, Алладан тіле» деп те айтатындар да бар.

Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.

ПІКІР ЖАЗУ