Арманыма бір қадам…
Арманға жету жолы ешқашанда оңай болмаған. Алдыңнан шыққан әр қиындыққа төзе біліп, намысыңды қамшыламасаң, биік белестерге жетуің екіталай. Қаншама адамның жарты жолда сағы сынып, кері қайтқан. Ал кей адамдар алған бетінен кері қайтпай, адал еңбектің арқасында бейнетінің зейнетін көрді. Кейде ойланамын өзге адамдардың қолынан келген зат, неге менің қолымнан келмейді екен деп… Өзгелерден қай жерім кем?! Басқалары дамып, өз ой-санасын өсіріп, өмірдің мәнін түсініп жатқанда, мен осылай балалығымнан арыла алмай жүргенім қалай?! Осылай ойға шомып отырып, үстел басынан газет-журналды байқадым. Көңілімді бөлу үшін “Мөлдір бұлақ“ журналын оқып көруді шештім.
Бірінші бетін ашып қарасам Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арнап республикалық эссе жазу байқауы жайлы хабарландыру жазылыпты. «Неге қатыспасқа» деген ой келді. Оның үстіне менің болашақ мамандығыма деген дайындықтың бірі болмақ. Хабарламадағы байқауға қатысу уақытын қарасам соңғы күндері екен. Мен бірден Мұзафар Әлімбаев жайлы деректер іздеуге кірістім. Бұл іспен айналысып бастағаннан-ақ өзімді тілші мамандығында жұмыс істейтіндей жауапты сезіндім. Әлеуметтік желіден қосымша ақпарат іздеп тауып, кітапханадан 2 кітап алып кеттім. Жетекшім де маған көмектесіп, бағыт-бағдар берді.
Эссе жазу барысында барлық шарттарды сақтауға тырыстым. Әр сөзіме мұқият қарап, бар ойымды жазып, эссені аяқтадым. Жұмысымды ұстазым Зиябекова Еркеш Даукеновнаға тексертіп алуды шештім. Жетекшіме жазған эссем ұнады. Мен “Мөлдір бұлақ” журналының электронды поштасына өз жұмысымды жібердім. Нәтижесін асыға күттім. Жүрегім дамыл табар емес. Кешкі уақытта телефоныма хабарлама келді. Ашып қарасам, “Мөлдір бұлақ “ журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы менің жүлделі орын алғаным жайлы хабарлама жазыпты. Мен қатты қуандым, алайда «қай орынды иелендім» деген ой маза бермеді. Дәулетбек ағай менің Алматы қаласына ата-анаммен және жетекшіммен келуім жайлы жазды. Мен барлығымен ақылдасып, барамын деп шештім. Осылайша әкем және Еркеш апайыммен Алматыға жол жүрдік. Жолда бір апамен әңгіме шерттік. Ол кісі маған батасын берді.Бұл оқиғаның өзі маған жақсылықтың нышанындай сезілді.
Арман қала Алматы бізді аппақ қармен, ақ көңілмен қарсы алды. Ауасы да, адамдары да ерекше. Бәрі жарқын жүзді. Шынымды айтсам Алматының қысын бірінші рет көруім. Бұндай әсем көріністі ешқашан да ұмытпаспын. Алматының асқар тауларын көлікте тамашалап отырып, мараппаттау рәсімі өтетін кітапханаға қалай жеткенімді де байқамай қалдым. Кітапханаға кірсем менімен жасты 10 шақты бала мен жетекшілері жүр екен. Барлығы да біз секілді ұзақ жол жүріп келіпті. Кенет, алдымнан Дәулетбек Байтұрсынұлы шықты. Көзілдірік таққаннан ба бірден тани алмадым. Түріне мұқият қарасам суреттегіден де сымбатты кісі екен. Бізді жылы қарсы алды. Мараппаттау рәсімі басталды. Барлығы орындыққа жайғасты. Дәулетбек ағай осы рәсімнің қонағын күте тұруымызды өтінді. Есіктен томпақтау келген, жүзі жадыраңқы адам кіріп келді. Сөйтсек ол-Мұзафар Әлімбаевтың ұлы Баламер Әлімбаев екен. Шынымды айтсам таңданғанымды жасыра алмадым. Себебі, Мұзафар Әлімбаевтың ұлын көру бақыты екінің біріне бұйыра бермейді ғой. «Қазақстан Дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғали ағаны, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары Қали Сәрсембаев ағаны көріп, лебіздерін тыңдадық. Қазылар алқасының бірі, жерлесіміз Саят Қамшыгер ағай екен. Ең алғаш рет Саят ағаны ауылымызға келген кездесуде көріп едім, енді міне, екінші рет көріп тұрмын. Саят ағаның сырт келбетінің ерекшелігін, сөйлеу мәнерін, өлеңдерін ұмытып қалуымыз мүмкін емес. Осындай ерекше тұлғаларды күнде көре бермейміз ғой. Әр қайсысы өз басынан кешкен оқиғаларын, өмірден түйген ойларын, бізге деген кеңестерін айтты. Мараппаттау рәсімі басталды. Мен одан сайын қобалжыдым. Үшінші орын иегерлерін атады. Есімімнің жоғына қуандым. Екінші орын иегері деп менің есімімді атаған кезде тіпті қуандым. Бір қызығы менің марапатым тек 2-орынмен ғана шектелмеді, мен сондай-ақ “Мөлдір бұлақ” журналының “Жас тілшісі “куәлігіне ие болдым. Мені қолдауға келген ұстазым, әкем, Алматыда қарсы алған жездем де қатты қуанды. Ұстазым орнынан тұрып, бетімнен сүйіп мені құшақтап, құттықтады. Ал ұстазым Зиябекова Еркеш Даукеновнаға “Құрмет грамотасы” табысталды. Мен ұстазыма кішігірім болсын бір бақытты сәт сыйлағаныма қуанышты болдым.
Осы марапаттау рәсімінде өз тілегімді айтып, бір шумақ өлең арнадым. Осы кездесудегі ақын-жазушылардан жақсы сөздер есту сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес әсер сыйлады. Менің қазақи шашбауыма да көптеген мақтау сөздер айтылды. Бір апа – Раиса Қалдыбайқызы мені суретке түсіріп, нөмірімді сұрап алды. Себебін сұрап едім, сөйтсем апа “Бұрымды қыз“ деген сайыс ұйымдастырады екен. Менің суретімді өзінің мақаласына керек екенін айтты. Бір күнде осыншама керемет тұлғалармен кездесіп, бетпе-бет сөйлесу маған үлкен рухани серпіліс берді. “Мөлдір бұлақ “журналының “Жас тілшісі” куәлігіне ие болу арқылы мен болашақ мамандығыма деген үмітім арта түсті. Осылайша мен арман қала Алматыда алғашқы қадамымды жасадым!..
Сабит Аружан, Абай облысы,
Жарма ауданы, “Бірлік орта мектебі”
КММ-нің 11 сынып оқушысы